• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Тамыз, 2023

Аналарды ынталандыратын төлемдер

277 рет
көрсетілді

Бүгінде елімізде Президенттің тапсырмасымен ана мен бала денсаулығын жақсартуға және олардың әлеуметтік жағдайын оңалтуға бастайтын оң өзгерістер байқалып жатыр. Атап айтқанда, бала күтіміне берілетін жәр­демақының 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылуы, бо­сан­ған аналар алатын бірреттік жәрдемақы көлемінің өсуі, тіпті декреттік демалысқа шыққанда рәсімделетін тө­­лемдердің де едәуір артқаны ел демографиясына бір­тін­деп серпін беретіні анық.

Тарқатып айтар болса, жаңадан қабылданған заң бойынша бала күтіміне байланысты жәрдемақы енді бала 1,5 жасқа толғанша төленеді. Сонымен қатар бала туғанда біржолғы жәрдемақы тағайындалды. Ол бірінші, екінші және үшінші бала туғанда 38 АЕК (120 840 теңге) болады. Төртінші балаға 63 АЕК-тен (200 340 теңге) жоғары жәрдемақы алады. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 4 446 теңгеге және 7 371 теңгеге артқан.

Баласын босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдердің жәрдемақысы кейінгі екі жылдағы табысына қарай есептеледі. Бұл үшін кейінгі екі жылдағы жалпы табысты 24-ке бөліп, шыққан санды 0,4-ке көбейту керек. Кейін зейнетақы жарнасы ретінде 10 пайызын алып тастайды. Мысалы, әйел адамның кейінгі екі жылдағы жалпы табысы 4 млн 800 мың теңге болды делік. Бұл – әйелдің айлық жалақысы 200 мың теңге болған жағдайдағы табысы. Сонда жоғарыда келтірген формулаға салсақ, осындай табысы бар босанған әйелдің жәрдемақысы 72 мың теңге болады (4 800 000\24)х0,4–10%=72 000).

Осындай игіліктердің бірін кәсіппен айналысатын, яғни жеке табыс салығын (ЖТС) аударып жүрген әйелдер де көріп жүр. Айына шамамен 59 мың теңге көлемінде ақша салу арқылы әйелдерге миллион теңгемен декреттік демалысқа шығуына мүмкіндік бар. Енгізілген заң бойынша шілде айынан бас­тап зейнетақы, әлеуметтік аударымдар, жеке табыс салығы төлемдері бірден төленеді.

Шілде айына дейін әйелдер жалақысы 490 мың теңге болса, зейнетақыға – 7 мың, әлеуметтік аударымдарға – 17 150, әлеуметтік сақтандыруға – 4 900, ЖТС-ға 7 350 теңге төлеген болатын. Шілде айынан кейін ең көп жалақы 490 мың теңге деп есептесек, зейнетақыға 49 мың теңге аударады, қалған аударымдар бұрынғы межеде қалады. Ал аз жалақы 300 мың теңге деп алсақ, зейнетақыға – 30 мың, әлеуметтік аударымдарға – 10 500, әлеуметтік сақтандыруға – 4 900, ЖТС-ға 4 500 теңге төлейді.

Осы орайда декреттік төлемді egov.kz формуласы арқылы есептеуге болатынын айта кету керек. Алдымен болашақ ананың орташа айлық табысы 7 ең төменгі жалақы көлемінен асатын-аспайтынын анықтап алу керек. 2023 жылы ЕТЖ көлемі 70 мың теңгеге жетті. Яғни әйелдің жалақысы 490 мың теңгеден аспаса, айлық табысын еңбекке жарамсыз болған күндерінің коэффициентіне көбейтіп, 10 пайызды (зейнетақы жарнасы) алып тастаймыз. Еңбекке жарамсыздық коэффициентін анықтау үшін декреттік демалыс күндерін 30-ға бөледі. 126 күн декреттік демалыс алса, онда коэффициент 4,2-ге тең. Мысалы, болашақ ана ай сайын 300 мың теңге жалақы алып келді делік. Онда ол декретке 1 млн 134 мың теңгемен шыға алады (300 000x4,2) –10%=1 134 000). Ал орташа айлық табыс 490 мың теңгеден асса, тек 7 ең төменгі жалақы есепке алынады.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап максималды декреттік төлем көлемі 1 852 200 теңге болады. Ал республика қазынасынан бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы үшін 66 млрд, 1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін жәрдемақыға 44 млрд теңге бөлінді.

Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, декреттік демалысқа 2,7 млн теңгемен шыққан жас ана – Жұлдыз Тілекқызы.

– Мен декретке миллионмен шығуға болатынын Инстаграм желісіндегі «Dauletten» парақшасынан білген едім. Сосын «Декретке миллионмен» курсынан өттім. Өзімнің жеке кәсібім бар, сондықтан жүктілік болмай тұрып тұрақты түрде, 24 ай ақша сала бастадым. Бірақ есепке 12 ай ғана алынады, – дейді ол.

Жалпы, бұл ретте елімізде Dauletten қаржылық сауат ұйымы секілді жас аналарға декретке миллионмен шығудың қыр-сырын үйрететін курстар жеткілікті екенін айта кеткен жөн.

Ал екі баланың анасы Карина Баязитқызы декретке миллион­мен шыға алмай қалыпты. Оның себебін былай түсіндірді:

– Мен бірінші баламды дүниеге әкелген кезде декреттік демалысты 2021 жылы, ал екінші қызымда 2023 жылы алған болатынмын. Декретке миллионмен шығуды кеш естідім, сол себепті әрекет жасамадым. Декреттік жәрдемақының үш түрін де алдым. Мен – жас мұғаліммін, сондықтан декреттік жәрдемақы 360 000 теңге көлемінде болды. Декреттік құжаттарды жинас­ты­руда ешқандай қиындықтар болмады, – дейді.

 

Аружан ТАЛАПҚЫЗЫ,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 4-курс студенті