Қазір жастардың басым бөлігі есірткіге елірген. Әсіресе интернет, пошта қызметтері, цифрлық төлемдер және «бетбелгілер» сияқты заманауи әдістер арқылы бұл препараттарға қол жеткізу тіптен оңайлап кетті.
Осының салдарынан алып-сатарларды дер кезінде құрықтау құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қиындық туғызып жатыр. Осы ретте «Жастар рухы» жастар қанаты есірткі жарнамаларын өшіруге жәрдемдесіп жатыр. Нәтижесінде, жарты жылда 4 мыңнан аса есірткі-граффитилер жойылыпты.
«Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының «Есірткіге жол жоқ» жобасы өңірлерде тұрақты өткізіледі. Астана қаласының белсенділері де тұрғын үй алаптары маңындағы әртүрлі мекенжай мен күдікті жазуларды бояды. Партиялықтар игі науқанды алдымен елорданың оң жағалауынан бастады.
– Есірткі – қазіргі заманның ең қиын да күрделі қауіптерінің бірі. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні баршамызға белгілі. Ғасыр дертімен күресуде «Жастар рухы» жастар қанатының тарапынан жан-жақты жұмыс жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері жүргізілген арнайы рейдтерде барлық 20 өңірде 1 000-нан аса еріктінің қатысуымен 4 000-нан аса граффити анықталып, жойылды. Дәл осындай акция Астана қаласында өз жалғасын тапты. Астана жастарының көмегімен тыйым салынған сайттар белгіленген жазуларды бояу жұмыстарын жүргіздік, – деді Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Жастармен бірге акцияға саламатты өмір салтын насихаттаушы, Street Workout Kazakhstan негізін қалаушылардың бірі Айтым Жақыпов пен джиу-джитсудан әлем чемпионы Василий Тахтай қатысты.
– Бұл – біздің рухтастармен бірге жүргізген кезекті рейд. Акция барысында есірткілер мен жүйкеге әсер еткіш өнімдер таратумен айналысатын сайттардың мекенжайлары көрсетілген жарнамаларды анықтап, оны жоюдамыз. Бір қуантарлығы, спортқа қызығып, спортпен шұғылданатын жастар саны артып келеді, яғни қазіргі жастар саламатты өмір салтын таңдайды, – деді А. Жақыпов.
Елімізде нашақорлықтың алдын алу жүйесін жетілдіруге, нашақорларды емдеуге және есірткіге тәуелді адамдарды оңалту жүйесін дамытуға, сондай-ақ салааралық өзара іс-қимылды күшейтуге назар аударылып отыр. Осы іс-шараларды іске асыруға бюджеттен 53,1 млрд теңге бөлу көзделген.