Әділетті Қазақстан құрудың шынайы көріністерінің бірі – «Сөзден – іске» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуы. Расын айтқанда, бүгінде ел жұртшылығы бос сөз бен құрғақ уәдеден жалыққан. Оларға нақты қадам мен көзге көрінер нәтиже керек. Мемлекет басшысының бастамасымен Әділетті Қазақстан құру жолында қол жеткізілген нәтижелерге куә болып келеміз.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттігіміздің жаңа дәуірі басталды. Мақсатымыз – Әділетті Қазақстанды құру. Қазір біз осы күрделі жолдың басында тұрмыз. Мен үшін халықтың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік. Сол себепті мен осы стратегиялық бағытты еліміздің басты бағдары ретінде жарияладым. Бұл жолдағы барлық жауапкершілік жүгін арқалауға дайынмын», деген болатын.
Бұл бағыттағы нәтижелі қадамдардың бірі – заңсыз иемделінген және шетелге шығарылған активтердің мемлекетке қайтарылуы. Жақында Астана қаласының прокуратурасы қол жеткізілген кезекті жұмыс нәтижелерін жариялады. Елорда прокуратурасы мемлекет пайдасына шығарылған сот актілерінің орындалуына талдау жасаған болатын. Прокурорлық қадағалау актісін енгізу нәтижесінде сотталғанға тиесілі 1 млрд 62 млн теңгеге бағаланған 5 жер учаскесін өндіру арқылы келтірілген шығын мемлекет пайдасына өтелді. Осылайша, прокуратураның қабылдаған шаралары арқасында қылмыс жолымен табылған сотталғанның мүлкін мемлекет пайдасына өндіру арқылы сот үкімі орындалды.
Активтерді елге қайтаруды Мемлекет басшысы құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде белгілеген болатын. Бұл жұмыс шет елдердің құзыретті органдарымен де байыпты қарым-қатынас орнатып, күш-жігер біріктіру арқылы жалғасын таба бермек.
Әділетті Қазақстан құрудың жолында халыққа тиесілі мүлікті заңсыз иемденген шенеуніктер мен кәсіпкерлерді жауапқа тартумен қатар, ел игілігі үшін адал еңбек етіп жүрген кәсіпкерлік өкілдерін қолдау мен қорғау да басым бағыттардың бірі ретінде жүзеге асырылады. Президент: «Менің тапсырмам бойынша кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін «бизнеске адалдық презумпциясы» қағидаты заң жүзінде бекітілді. Бұл барша даулы және түсініксіз мәселелерді кәсіпкерлердің пайдасына шешуге мүмкіндік береді. Аталған заң шығарудағы өзгерістер тиісті сот тәжірибесінде қолдау табатынына сенемін», деген болатын.
Еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру, кәсіпкерлікке жағдай жасау және адал азаматтарды ынталандыру мақсатында бұл бағытта да жұмыс нәтижелі. Мәселен, жуырда Жетісу облысында прокурорлар кәсіпкерлерден заңсыз салық алынғаны туралы деректі анықтап, әділеттілікке қол жеткізді. Сала қызметкерлерінің анықтауынша, жүргізілген талдау аясында бюджетке 34 млн теңгеден астам салық қате төленген. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қоршаған ортаға ең аз теріс әсер ететін кәсіпорындар (IV санаттағы операторлар) салық төлеуден босатылған болатын. Алайда осы санаттағы операторларға жататын 90 кәсіпкер бүгінге дейін осы салықтарды төлеп келген. Прокуратура актісі бойынша облыстың Мемлекеттік кірістер департаменті 16 салық төлеушіге 1,6 млн теңге сомасында төленген салық қаражаты қайтарып беріліп, қалған 74 кәсіпкердің ақшалары міндетті салықтардың басқа түрлеріне ауыстырылды.
Әділ қоғам көріністерінің бірі – сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес нәтижелігі. Өкінішке қарай, елімізде жекелеген пара беру фактілерінен бөлек, жүйелі түрдегі жасалып келген жемқорлық қылмысы да көптеп кездеседі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен парақорлықтың кез келген түріне қарсы ымырасыз күрес жүргізу жолға қойылды. Соның бір мысалы – Солтүстік Қазақстан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің білім беру саласында миллиондаған бюджет қаражаты ұрлығын ашуы. Ведомствоның мәліметіне қарағанда, ел көлемінде жүргізілген орта және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тексеру нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында үш жүзден астам қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Департамент басшысы Сергей Перов тексеру нысаны кездейсоқ таңдалмағанын, соңғы жылдары білім беру саласында сыбайлас жемқорлық фактілері көбейіп кеткенін айтады.
«Өңірлік деңгейде негізгі назарымыз жоспарлау мен еңбекақы төлеу қорына аударылды, өйткені ол салада білім беру саласына бөлінген облыс бюджетінің 80%-ға жуығы жұмсалады. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын жүйелі проблемалар белгіленді. Жалақыны, түрлі қосымша ақыларды заңсыз есептеу, сондай-ақ нақты орындалмаған жұмыстардың ақысын төлеу, тағы басқа жолдармен бюджет қаражатын ұрлау схемалары ашылды», деді ол.
Мысалы, тексеру барысында ағылшын тілі мұғаліміне 3 млн теңгеден астам қосымша ақы негізсіз есептелгені анықталған. Сондай-ақ аудандық білім бөлімі бухгалтерінің осы мекемеде істемейтін бөтен адамдарға жалақыны аударуы және балабақша есепшісінің өз банктік есепшотына ақша аудару арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілері белгілі болып отыр. Алдын ала залал шамамен 90 млн теңгені құрайды. «Әрбір факті бойынша тиісті құқықтық баға берілетін болады. Бүгінгі таңда департамент жалпы сомасы 50 млн теңгеден астам ұрлық фактілері бойынша 2 қылмыстық істі тіркеді», деп атап өтті Сергей Перов.
Сыбайлас жемқорлық десе, бірінші кезекте аталатын аймақтардың бірі – Шымкент қаласында білім басқармасының лауазымды тұлғалары жүйелі жемқорлық қылмысы үшін сотталды. Атап айтқанда, шаһардың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты білім басқармасының мамандары А. Шиндаулова мен М. Мейірбековаға қатысты үкім шығарып, оларға 36 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Бұл азаматшалар жекеменшік мектепке дейінгі мекемелерде тексеріс жүргізбеу үшін 100 мыңнан 500 мың теңгеге дейінгі сомада мекемелер басшыларынан жүйелі негізде пара алғаны үшін кінәлі деп танылған. Сотталғандар мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттік секторда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті білім беру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады. Мәселен, екі қалалық мектептің бухгалтерлері 2020-2023 жылдар аралығында өздерінің жеке шотына еңбекақы төлеуге арналған қордан 67 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Бүгінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қалалық білім беру саласындағы құқық бұзушылықтардың алғышарттарын жою бойынша тиісті ұсынымдар әзірледі.
Мемлекет басшысы айтқандай, адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абайдың «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген сөзін тілге тиек еткен Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ал арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады» деген болатын. Шын мәнінде, «Әділетті Қазақстан құру» деген үлкен мақсатқа жетудің жолы – ең алдымен, сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған кішігірім қадамдардан басталса керек.