Елордадағы «Қазанат» атшабарында Ұлттық спорт қауымдастығы мен республикалық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен бәйгеден ел чемпионатының бесінші іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті.
Жарысты тамашалауға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов пен республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев арнайы келді. Аламан доданың ашылу салтанатында сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорт түрлерінің танымдылығы артып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Біз – желмен жарысқан, жылқының жалында өскен жұрттың жұрнағымыз. Сондықтан жылқы десе, бәйге десе бәріміздің делебеміз қозып отырады. Жылқы бізге қанат байлайды, ат – біздің рухымыз. Сол рухқа қызмет етіп жүрген Ұлттық спорт қауымдастығы мен республикалық «Бәйге» федерациясының басшыларына өз ризашылығымды білдіремін! Қазақтың рухы әрдайым биік болсын! Бүгінгі бәйгенің жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын», деді Дархан Қуандықұлы.
Сонымен қатар салтанатты іс-шарада Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жарыстың маңыздылығына тоқталып өтті.
«Ұлттық спорттың артында ұлттың рухы, ұлттың намысы, тарихы, мәдениеті мен дәстүрі тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен кейінгі жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Бүгінгі біздің жарысымызды тамашалауға арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлына алғыс айтамын.
Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда біз еліміздің барлық өңірлерінде бәйгеден жарыс ұйымдастырып жүрміз. Осынау жауапты әрі игі жұмыстың басында болып, барлық жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жүрген республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Шоқанұлына да ризашылығымды білдіргім келеді. Келесі жылы елімізде бесінші Дүниежүзілік көшпелілер ойындары өтеді. Бұл – біз үшін де, еліміз үшін де – маңызды жоба. Бұл жауапты іс-шара барысында жарыстардың көптеп өтуі ұлттық спортымыздың дамуына зор пайдасын тигізеді. Одан бөлек те, алдағы уақытта біз ірі-ірі додаларды ұйымдастырамыз. Осылайша ұлттық спортымызды болашақта әлемге танытсақ дейміз», деді Исламбек Төлеубайұлы.
Республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев соңғы уақытта бәйге спортынан өтетін жарыстарға келетін көрермендер саны артып жатқанын қуана жеткізді.
«Еліміздің өңірлерінде бәйге спортынан жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Мақсатымыз – ұлттық спортымыз бәйгенің танымдылығын арттырып, мәртебесін өсіру. Бір қуанарлығы, күн санап бәйгеге қызығушылық танытып жатқан көрермендер қарасы көбейіп жатыр. Бұл – біздің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқандығымыздың айқын көрсеткіші», деді Қанат Шоқанұлы.
Жүлде қоры 23 500 000 теңгені құраған аламан бәйгеге еліміздің бірнеше өңірінен 80-ге жуық тұлпар қатысып, «Құнан бәйге», «Топ бәйге», «Жорға жарыс», «Аламан бәйге» бойынша сайысқа түсті.
Жарыс нәтижелеріне келер болсақ, 9 шақырымдық «Жорға жарысында» «Салкүрең» есімді тұлпар (иесі Жан Қоқанбаев) топ жарса, «Месяц май» (Әлия Асқарова) мен «Жұлдыз» (Шуақ Жайлаубек) жүлделі орындардан көрінді. 10 шақырымдық «Құнан бәйге» жарысында көмбеге бірінші болып «Лазер» есімді тұлпарды тізгіндеген Алдияр Уайсхан жетсе, екінші және үшінші орынды Асланбек Абдықал («Қарақат») мен Нұрмұқаш Ділнұр («Мамлюк») өзара бөлісті. Ал 16 шақырымға жалғасқан «Топ бәйгеде» «Мой мир» есімді тұлпардың иесі Әмір Серік бас жүлдені иеленді. Екінші орында Асланбек Абдықал («Абырай») еншілесе, үшінші орын Бекзат Ділдәханға («Сакура») бұйырды.
Ұлттық спорт жанкүйерлері тағатсыздана күткен 23 шақырымдық «Аламан бәйгеде» «Талхиз» есімді тұлпарымен Бекзат Ділдәхан мәреге бірінші жетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Одан кейінгі орындарды Арнат Мұратхан («Семсер») мен Арнұр Саматұлы («Самал») иеленді. Сонымен қатар жарысты ұйымдастырушылар әр бәйгеде жүлделі орындарға сынық сүйем жетпей, 4 және 5-орын алған шабандоздарды да ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Одан бөлек, жарыс барысында көрермендер ұлттық киім байқауын тамашалады. Бұл сайыстың жеңімпаздарына ұйымдастырушылар жалпы көлемі 1 миллион теңге сыйақыны табыстады.