Астанада «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырыла бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Астанада 24 мектеп салынады, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа форматтағы оқу орындары екі ауысымда 90 мыңға жуық оқушыға арналған орын ашуға мүмкіндік береді. Мәселен, 24 жайлы мектептің 15-і қарқынды дамып келе жатқан Нұра мен Есіл аудандарында орналасатын болады. Сондай-ақ жайлы мектептер қаланың елді мекендерінде де орналасатын болады.
Қазіргі уақытта 15 жайлы мектеп бойынша жұмыс басталды. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек пен Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мектептердің жобаларымен және құрылыс жұмысының дайындық барысымен танысты. Қазіргі уақытта жер учаскелерін дайындау бойынша жұмыс жүріп жатыр: қоршаулар, инженерлік-геологиялық іздестіру, қадаларды бітеу, құрылыс техникасын жұмылдыру және т.б.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек өзге де бірқатар мемлекеттік мектептің құрылысымен танысты. Мәселен Тұран даңғылы мен №24 көшенің, Қарасай батыр мен Бұланты, Көксеңгір көшелерінің қиылысындағы мектептер, сондай-ақ қазіргі №17 және №27 мектептердің жанындағы жаңа ғимараттар. Қазіргі уақытта 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның 11-і жаңа оқу жылы ішінде ашылатын болады. Мектептердің құрылысы жаңа аудандарда да, қаланың оң жағалауында да, елді мекендерде де жүргізіліп жатыр. Олардың бір бөлігі апатты жағдайдағы мектептерді алмастырады.