• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Тамыз, 2023

Солтүстік Қазақстанда инвестициялық жобалар сәтті іске асырылып жатыр

271 рет
көрсетілді

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен барып, Петропавлда 480 орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысының барысымен танысты. Жоба 2020 жылы іске асырыла бастады, бірақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты екі жылдан кейін тоқтатылған еді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР ҰЭМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде аурухананың жобалық құны 144 млрд теңгені құрады. Десе де, жобалау-сметалық құжаттаманы әлі де түзету қажет. Жыл соңына дейін мемлекеттік сараптама жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жұмыстың жартысы орындалды.

Сондай-ақ министр Қызылжар ауданының Чапаево ауылында ірі қара өсірумен және сүт өндірумен айналысатын «Қызылжар Сүт» ЖШС жұмысымен де танысты. Өткен жылы бұл фермаға 366 млн теңгеге субсидия бөлінді. Ферма 60 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді.

Сүт-тауар кешені 1 410 бас ірі қараға есептелген, қуаты - жылына 6 мың тонна дайын өнім. Ал жобаның жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайды.

Сонымен қатар министр Аққайың ауданы Аралағаш ауылында қуаттылығы жылына 10 мың тонна құс етін өндіретін «Солтүстік бройлер» құс фабрикасын аралады. Өңір үшін маңызды жобаға 7,4 млрд теңге инвестиция құйылды. Айта кетсек, бұл кәсіпорын ең заманауи жабдықтармен жабдықталған және толықтай автоматтандырылған. Бұл ауылдық округтегі 170-ке жуық адамды, негізінен жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ететін алғашқы ірі инвестициялық жоба.

Жұмыс сапарының соңында Әлібек Қуантыров Аралағаш ауылының тұрғындарымен кездесті. Ол министрлік бағдарламалары аясында ауылдық елді мекендерге қандай қолдау көрсетілетінін айтты. Оның айтуынша, ірі өндірістік кәсіпорындардың ашылуы өңірдің дамуына жаңа серпін бермек.