Биыл хакім Абайдың туғанына 178 жыл толады. Осы орайда жуырда Әбілхан Қастеев атындағы музейде көрген «Жас Абай» картинасы еске түсіп отыр. Портреттің авторы – Әбілхан Қастеев.
Дана, ойшыл Абайдың жазуындағы ізгілік пен шуақ әлі күнге дейін қазақ даласына жарық беріп тұр. Оның лирикалық жырлары мен философиялық көзқарасы қасиетімен, тереңдігімен құнды.
Белгілі суретші Ә.Қастеевтің 1945 жылы салынған «Жас Абай» суреті ақынға арнап жазылған басқа портреттерден ерекше. Тарихқа көз салсақ, 1945 жылы Абай суретіне арналған республикалық байқау өтеді. Сол байқауда Әбілхан Қастеев туындысы – «Жас Абай» алабөтен назарға түскен. Себебі суретшілердің көбісі Абайдың егде жастағы портретін салып шықса, Қастеев қана ерекшеленіп, Абайдың 15-16 жастағы жеткіншек шағын бейнелеген. «Абай жолы» эпопеясының 1-томындағы «Қайтқанда» тарауын оқысақ, осы жас, білімге ұмтылған Абайды көреміз.
Ә.Қастеев бар шығармашылық ғұмырында Абайға арнап отызға жуық картина салған. Бірақ «Жас Абайдың» портреті салынған 1945 жыл – суретші шығармашылығындағы маңызды кезең. Ол бозбала жігіттің есте қаларлық жарқын бейнесін жасай білді. Жас ақынның әлі ашылмаған мүмкіндіктерінің күші мен қуатын суреті арқылы көрсетті.
Автор бұл картинаны салу барысында тікелей Мұхтар Әуезовпен әңгімелесіп, мағлұмат жинаған. Жалпы, Қастеев қандай сурет салса да, алдымен көзіқарақты адамдардан сұрап салатын болған. Осы «Жас Абай» суретін саларда да Мұхтар Әуезовпен сұхбаттаса отырып салып шығады. Сонымен бірге Абайдың ауылына да барған.
Туындыда жас Абай кітап оқып, алған әсерін түу алысқа қарап қорытып тұрғандай бейнеленген.