Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан дүниежүзілік Жазғы универсиадада жүзу спортынан сынға түскен Әділбек Мусин қола жүлде жеңіп алды.
Жуырда ғана Жапонияның Фукуока қаласында өткен су спорты түрлерінен әлем чемпионатында баттерфляй әдісімен 100 метрге жүзуде жартылай финалға дейін жетіп, ел рекордын жаңартқан (51,68 секунд) отандасымыз Жазғы универсиадада өз нәтижесін жақсарта алмаса да, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Сегіз спортшы қатысқан финалдық сайыста жерлесіміз аталған қашықтықты 52,03 секундта бағындырып, қола жүлдені иеленді. Бірінші және екінші орындар польшалық спортшыларға бұйырды. Іріктеу кезеңінде Әділбек Мусин 52,34 секунд көрсеткішімен финалға жолдама алған болатын. Сонымен қатар биіктікке секіру бойынша бақ сынаған Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова іріктеуде сәтті өнер көрсеткенімен, финалда жолдары болмады.
Жалпыкомандалық есепте еліміздің спортшылары 20 медальмен (2 алтын, 7 күміс және 11 қола) 20-орында келеді. Жазғы универсиада бүгін мәресіне жетеді.