Мажарстанның бас шаһары – Будапештте ұйымдастырылған дзюдодан ең беделді «Мастерс» турнирі аяқталды. Әлемнің ең үздік балуандары қатысқан жарыста бірде-бір өкіліміз үздіктер қатарынан көріне алмады.
Дзюдошылар арасында «Мастерс» жарысының шоқтығы биік. Өйткені бұл турнирге кез келген балуан қатыса алмайды. Әлем чемпионаты сияқты жылына бір мәрте өткізілетін турнирде дүниежүзілік рейтингте ең үздік 36 балуанның қатарында тұрған спортшылар ғана өнер көрсетеді.
Биылғы «Мастерс» додасына әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған еліміздің 14 спортшысы шақырту алды. Дегенмен Олимпия ойындарының күміс және қола жүлдегері Елдос Сметов бастаған жерлестеріміз Будапешт татамиінде жүлдегерлер қатарынан көріну былай тұрсын, ешбір балуанымыз екінші айналымнан аса алмады. Осылайша, мамырда Қатар астанасы Дохада өткен әлем чемпионатынан құралақан қайтқан отандық балуандар Будапешттегі балуандар бәсекесінен де жүлдесіз оралды.