Елорданың «Барыс» клубы Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) жаңа маусымы алдында Ресейдің Омбы қаласында өтетін Виктор Блиновты еске түсіруге арналған «Блинов кубогіне» қатысады.
20-25 тамыз күндері Омбыдағы «G-Drive Арена» спорт кешенінде өтетін турнирде «Барыс» командасынан бөлек, жарыс қожайыны «Авангард», Ярославльдің «Локомотив», Нижнекамскінің «Нефтехимик» және Өфенің «Салават Юлаев» клубтары қатысады. Турнир айналмалы жүйе бойынша ұйымдастырылады.
Жарыс кестесіне сәйкес «Барыс» алғашқы ойынын 20 тамызда «Салават Юлаевпен», содан соң 21 тамыз күні «Локомотивпен» өткізеді. Ал 23 тамызда «Авангардпен», 25 тамызда «Нефтехимикпен» кездеседі.