• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Тамыз, 2023

Жолдың жыры – елдің мұңы­

253 рет
көрсетілді

Жауын жауып, лай көшсе, Жетісу жолдары балмұздақтай еритінін ел көріп жүр. Әсіресе Кербұлақ ауданына қарасты үлкен тасжолдың тағдыры көпті алаңдатып қойды. Мәселен, Сарыөзек – Көктал бағытында жүк көлігі асудан тоқтай алмай, тұрғындар зардап шеккен. Талай жылдан бері жаркенттіктер Талдықорғандағы перзентханаға Алматыны айналып келіп жүр. Жаңадан төселген қара жолдың өзі сын көтермейді.

Мұны естіген сенаторлар Ғали­ас­қар Сарыбаев пен Аман­гелді Төле­місов және Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігінің автомобиль жол­дары ко­ми­тетінің төрағасы Төлеген Абдул­лин «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның ма­­мандарының уәжін тыңдап, Ал­тын­емел асуынан өткізетін күре­жолдың құрылысын көзбен көріп қайтты.

Облыстық мәслихаттың төр­­­аға­сы Гүлнар Тойлыбаева, «Amanat» партиясының Жетісу облыс­тық филиалының төраға­сы Арыстанғали Арын, облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев, облыстық, Панфилов, Кербұлақ аудандық мәслихаттарының депутаттары, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшелері қатысқан кездесуде жергілікті тұрғындардың Алтынемел асуындағы жолдың биыл аяқталмайтынына алаңдау­шылық білдіріп отырғаны айтылып, талап-арыз бергені алға тартылды.

Кездесу барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев биыл мамыр айында жол жөндеу жұмыстарының жай-күйімен арнайы танысқанын атап өтті. Ал нысанның нелік­тен кешігетіні туралы мәліметтің шыққанын сұраған сенаторлар­ға жауап берген «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның басқарма төраға­сы Мейірхат Қасымбаев:

«Әрбір құрылыс – бір күн­дік шаруа емес. Сарыөзек – Көк­тал бағытындағы жолдың 45-68 шақы­рымына жүргізіліп жатқан күр­делі жөндеу жұ­мыс­тарының ұзақ жү­руі, ең алдымен, келісімшартқа тіке­лей байланысты. 2021 жылы жасал­ған келісімшарт 3 жылға есептелген. Соған байланысты Қаржы министрлігі 2021 жылы қаржының 10 пайызын, 2022 жылы тағы 10 пайызын берді. Енді 2023 жылы келгенде қаржының қалған бөлі­гін түгелдей бөлді. Алғашқы жылдарда тең бөлінбеген қомақты қаржыны кейінгі жылы толық игеру мүмкін болмай тұр. Осылай­ша, жалпы 10,2 млрд теңге бөлініп отыр», деп мәселенің мәнісін түсін­діріп өтті.

«Бұл – бір. Екіншіден, 2021 жылы қаржы қажетті деңгейде бө­лінбегендіктен, тауардың бағасы бүгінде қымбаттап кетті. Қаржы министрлігі мен Экономика ми­нистрлігі инфляцияны құрық­тай алмағанынан бөлек, жолдың қар­жысын кешіктіріп бергізді. Соның кесірінен нысанның құны 2,5 млрд теңгеге қымбаттады. Сол себепті құрылыс мерзімі ұзарды. Мына нысанның ұзындығы – 23 шақырым. Республика бойын­ша 3 700 шақырым жолдың құ­рылысы тұр. Оның бәріне қыруар жұмыс күші керек. Оны іздеу, табу қажет. Сондықтан жалғыз «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ны кінә­лай беруге болмас. Әрине, ұлт­тық компания мер­дігерлерінің кінәсі бар. Оны түсі­неміз. Өз құзыретіміздің ше­гінде шешуге тырысып жатырмыз. Осыған орай биылғы қазан-қараша айларында автожолды пайдалануға береміз. Келер 2024 жылы 25 қарашада толық бітіріп, елдің қажетіне ұсынамыз», деді М.Қасымбаев.

«ҚазАвтоЖол» АҚ-ның Ал­маты облыстық филиалының төр­­ағасы Нұрхат Ақылтаевтың айтуын­­ша, Сарыөзек – Көктал ба­ғы­­тындағы автокөлік жолының 45-68 шақырымындағы құрылыс жұмыстары кейінгі бір айдың ішін­де қарқын алған. Енді көзге кө­рінбейтін жолдың табанын бекіту жұмыстары аяқталып, бетондау аяқтала бастаған. Қазір күніне 1 км жолдың асфальті төселіп, Алтын­емел асуындағы күрделі бұры­лыстарды түзеу, бекіту жұмыс­тары жүріп жатыр. Ұзындығы 23 шақы­рымға тең жолды жөндеу­ге алған «РСУ-1» жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігіне кө­мек­ке 2 субмердігер келген. Бұл – «KazContructionGroup», «E.S.T.Contruction» жауапкер­ші­лігі шек­теулі серіктестіктері. Қазір асуда 105 түрлі техника, 170 адам жұ­мыс істеп жатыр. Осыған орай биыл­ғы қоңыр күзде асфальті төсел­ген жолдың бір бағыты ашылып, жолаушыларды өткізе бастайды. Бір өкініштісі, «Алацем» зауытына шикізат таситын жүк көліктері жолдың жа­бындысын тоздырып, түзу же­рін қиратып кетуде. Осыған орай сенаторларға өтініш жасаған «ҚазАвтоЖол» АҚ басшылары жолмен салмағы ауыр көліктерді жүргізбеуді Үкімет деңгейінде шешіп беруге көмектесуді сұрады.

Өтініш аяқсыз қалмайты­нын жеткізген Сенат депутаты Ғ.Сарыбаев ұлттық компания бас­шы­лығына асудағы жолдың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз етуді тапсырып, Президенттің тапсырмасына орай жол биыл пайдалануға берілуі керек екенін ескертті. Күніне 3 рейс жасайтын қытайлық ауыр жүк көліктері жаңа жолды тоздырып жіберетінін алға тартқан М.Қасымбаев Алтынемел асуындағы жүк көліктерінің санын азайту құрылыстың сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

Бұдан соң Алтынемел асуының Басши ауылдық округімен шекте­сетін жеріне дейін барып, құры­лыс жұмыстарымен танысқан жұ­мыс тобы мәселені бірлесе шешу­ге ­ке­лісті. Ол үшін «ҚазАвтоЖол» АҚ асудан өтетін жолға асфальт тө­сеуді күз айында біті­ріп, авто­кө­ліктердің өтуіне мүмкін­дік беруі керек. Ал жол құрылы­сы жоспар­ға сәйкес келер жылы күз­де біте­ді. Яғни тауды кесіп өте­тін жолды абаттандыру жұмыс­та­ры 2024 жылы аяқталады.

Кездесуге келген Қоғамдық ке­ңес мүшелері мен аудандық, облыс­тық мәслихаттардың депутат­тары Сарыөзек – Көктал авто­жолының өзекті мәселелері – жол­дың маңын тазарту, абаттан­дыру сынды жұ­мыстарды қаржыландыруға қа­тысты сұрақтарын қойып, лайықты жауап алды.

Парламент Сенатының депу­тат­тарымен кездесуге кел­ген «Ала­цем» зауытының жүргізу­ші­лері зауытқа шикізат жеткізіп беру­мен айналысатын «Ұлы Дала Жолы» ЖШС-ның оспадар­сыз әрекетіне наразылығын жет­кізді. Олардың айтуынша, Алтын­емел асуынан жеткізілетін тас­ты серіктестік 20 тонналық жүк көлік­теріне 40 тоннадан тиеуді мін­деттеп, жол жүру қауіпсіздігін айрықша бұзып отыр. Осыған байланысты «Алацем» зауытының басшылығымен арнайы кездесіп, мәселені шешуді тапсыратынын жеткізген халық қалаулылары автожолды мерзімінде берудің қажетін ескертті.