Ақкөл орта мектебі 1968 жылы құрылған. 480 орынға арналған. Математика-жаратылыстану бағыты бойынша оқушылар дайындайды. Мектеп жанында шалғай ауылдардан келіп оқитын оқушыларға арналған интернат пен балдырғандарға арналған «Қарлығаш» шағын орталығы жұмыс істейді.
Ауыл мектебі ауқымды жетістіктерімен мақатанады. Мәселен, ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде мектебімізден кейінгі 3 жылда үш «Алтын белгі» иегері шықты. 5 оқушымыз «Үздік аттестат» иегері атанды. Бүгінде олардың бәрі таңдаулы жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып жатыр.
Мектебімізде білікті ұстаздар да жетерлік. Мәселен, 25 жылдан аса еңбек өтілі бар Ләззат Ошимова мен Әсия Ілияшева осы күнге дейін талай шәкірттің жолын ашты. Өткен оқу жылында аталған екі мұғалімнен тәлім алған Еркежан Серікбай, Қасымхан Қаббар, Ясмина Дауытхан, Гүлбарам Абылайхан, Әлихан Боранбай секілді оқушылар республикалық конкурстар мен зияткерлік сайыстардан жүлдемен оралды.
Математика пәнінің мұғалімі Мәдина Әбілдинова да мектеп мақтанышы екенін айтқым келеді. Оның шәкірттері де білім бәсекелерінде белсенділігімен көзге түсіп жүр. Оның бірнеше оқушысы ауыл мектептерінің 5-6-сынып оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасында топ жарды. Олар – Нұрфатима Мұраткен, Санжар Қадыров, Мәлика Төлеу. Бұған қоса Иса Төлеу мен Айдын Шәріпханов та мектеп абыройын асырып жүр.
Осы орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Ардақ Бозғоева мен Жадыра Болатова да ауыл балаларын аймақтық, республикалық білім бәсекелеріне тыңғылықты баптап келеді. Нәтижелері де тәп-тәуір.
Мамандығына адал осындай мұғалімдер еңбек ететін Ақкөл мектебі ауыл балаларының арманына қанат бітіріп келеді. Осы жолдағы ұстаздардың еңбегі жана бергей!
Гүлгаухар ҚАБЫЛТАЕВА,
Ақкөл орта мектебінің мұғалімі