Жеңіл өнеркәсіп саласындағы маман тапшылығы мәселесі қашаннан өзекті болып тұр. Бұл ретте Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өңдеу өнеркәсібі, білім беру және денсаулық сақтау салалық кеңестерінің бірлескен отырысы барысында техникалық кәсіп мамандарын даярлау мәселесі талқыланды.
Жиында «Lomuang» ЖШС директоры Лобар Абдугапарова аяқкиім өндірісі проблемасын көтерді. Оның айтуынша, өткен жылы республикада 41 млн жұп аяқкиім сатылған. Соның ішінде небәрі 1,7 млн аяқкиімді отандық өндірушілер жасаған. Осы орайда инженерлер, аяқкиім технологтары, орта буын қызметкерлері бағыттарындағы мамандардың жеткіліксіздігі мәселесі алға шығып отыр.
«Аяқкиім тігу технологиясын білетін мамандарсыз өндірісті дамыту мүмкін емес. Қазіргі жағдайда отандық фабрикалар мамандарды өзі оқытады. Барлық өндірісте бос жұмыс орындары бар, ал жұмыс қолы жетіспейді», дейді Л.Абдугапарова.
Бұл ретте кәсіпкер отандық аяқкиім индустриясы жойылу алдында тұр деп санайтынын жеткізді. Бүгінгі таңда жоғары білікті технологтар санаулы. Ал бар кадрлардың білімі мен тәжірибесін үйренем деушілер жоқтың қасы. Өкінішке қарай, бүгінде осы сала мамандарын мақсатты даярлау қарастырылмаған. Осы тұста өңдеуші өнеркәсіптің салалық кеңесінің мүшесі өңір колледждерінде қанатқақты курс өткізуді ұсынды. Мысалы, «Samhat» аяқкиім фабрикасы өз қызметкерлеріне біліктілікті арттыру курстарын өткізуге тренер ретінде Л.Абдугапарованы бірнеше рет шақырған екен.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов аяқкиім өнімдерін тігу бойынша колледждерде жаңа мамандықтарды енгізу туралы ұсынысты қолдады. Осы орайда Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп, Ақмола аяқкиім фабрикаларының орта буын мамандарына қажеттілігін анықтау бойынша егжей-тегжей жұмыс жүргізуге, облыстың оқу орындарында кәсіптік бағдарлау іс-шараларын ұйымдастыруға ниетті екенін білдірді.
«Жеңіл өнеркәсіп саласындағы мамандардың нақты қажеттілігі бойынша барлық мәлімет білім басқармасында жинақталады, бұдан әрі уәкілетті орган сұраныстағы мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты бөлу мәселесін қарайды. Бұл ретте 2020 жылы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары салалық қауымдастыққа біріккенін айта кеткен жөн. Қауымдастықтың негізгі міндеттері – өңірдегі жеңіл өнеркәсіпті жандандыру, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының, әсіресе, микробизнес өкілдерінің мүддесін қорғау және саланың түйткілді мәселелерін шешуде күш біріктіру. Мәселен, өткен жылы өңірдің жеңіл өнеркәсібінде былғары аяқкиім өндірісі 1,6 есеге, жүннен жасалған аяқкиім өндірісі 5,4%-ға ұлғайды», деді Өңірлік палатаның адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Динара Булгаева.