• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 08 Тамыз, 2023

Дивиденд төлеуден бас тартқан компаниялар

237 рет
көрсетілді

«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) сауда-саттық көлемі биыл бірінші жарты жылдықта 157,7 трлн теңгеге жетіп, 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2%-ға немесе 20,8 трлн теңге өсімге ие болған. Ал KASE индексінің мәні 10,9%-ға, 3 604,75 тармаққа дейін артыпты. Жалпы, жыл басынан бері KASE ресми тізіміне 31 эмитенттің 68 атауындағы бағалы қағаздар енгізілді, олардың 13-і алғаш рет листинг процедурасынан өтті.

2023 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша KASE сауда тізім­дерінде 224 эмитенттің 602 атауын­дағы мемлекеттік емес бағалы қағаз­дар бар. Бағалы қағаздардың орта­лық депозитарийінде жеке тұлға­лардың 682 мың жеке шоты тіркелген.

«Жыл басынан бері акциялар нарығының капиталдандырылуы 8%-ға немесе 1,7 трлн теңгеге, жалпы 22,9 трлн теңгеге (50,3 млрд доллар) дейін өсті. Бұл ретте 2023 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша акциялар нарығының капиталдандыры­луы 6%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге көбей­ді. 2023 жылдың екінші тоқсанын­да эмитенттің бастамасымен KASE ресми тізімінен «Өскемен құс фаб­рикасы» АҚ-ның қарапайым акция­лары алынып тасталды», делінген биржа ақпаратында.

KASE-дегі сауда-саттықтың ең көп көлемі «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жай акцияларына тиесілі болды – 98,3 млрд теңге (индекстік акция­лармен сауда-саттықтың жал­пы көлемінің 79,8%-ы). Ұлт­тық компанияның акциялары жарты­жыл­дықтың қорытындысы бойын­ша 10 097,99 теңгеге жеткен, бұл өткен жылдың желтоқсанда орналас­тыру бағасынан 20,1%-ға жоғары. Жарты жылды 2,8%-ға тө­мен­деумен жабатын жалғыз индекс­тік компания «Kegoc» АҚ болды.

KASE-де индекстік себеттің тоғыз өкілінің сегізі жасыл аймақ­та жабылды. Бұл ретте отандық нарықта әлемдік трендтер­мен салыстырғанда қаржы сек­торы­­ның акциялары лидерге ай­налды: «Қазақстан Халық жи­нақ банкі» АҚ жай акциялары бірінші жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша акционерлерге құн өсімінің 29,7 %-ы, сондай-ақ 15,5%-ы мөлшерінде дивидендтік кірістілікті әкелді. Құны 14,8%, сондай-ақ дивидендтік кірістілігі 4,6%-ға өсуімен екінші орында «ҚазТрансОйл» АҚ жай акциялары тұр. Үштікті Kaspi.kz түйіндеді. Оның жай акциялары жарты жылда 12,7%-ға өсіп, 2022 жылдың ақпанның деңгейіне дейін қалпына келген. Компания бір жыл және бірінші тоқсан үшін мықты қаржылық есептерді жариялады, жаһандық депозитарлық қолхаттарды кері сатып алу бағдар­ламасын жалғастыруда, сондай-ақ АҚШ-та листингке дайындықтың басталғанын жариялады. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Kaspi.kz АҚ акцияға 750 теңге көлемінде дивидендтер төлеген.

«Кселл» АҚ және «Қазақте­ле­ком» АҚ телекоммуникация­лық операторларының акциялары тиісінше 10,1% және 8,6%-ға өсіп­ті. Екі компания 2022 жылды және 2023 жылдың бірінші тоқ­санын мықты қаржылық деректермен аяқтады, бірақ дивиденд төлеуден бас тартты. Бұл ретте «Қазақтелеком» АҚ осы жылдың күзінде дивидендтер төлеуді әлі де мақұлдай алады.

Ал батыс қор алаңдары 2023 жылдың бірінші жартыжылдығын талдаушылардың көпшілік болжамдарына қарамастан айтарлықтай өсіммен аяқтады: SP 500 – 16,36%-ға, Nasdaq – 32,74%-ға, Dow Jones 3,84%-ға өсті. Қор нарығының өсу үрдісі бастапқыда IT секторы ком­панияларының акциялары есебінен қалыптасқан. Бірақ екінші тоқсанда өсу басқа секторларға таралды және жартыжылдық қорытындысы бойынша жасыл аймақта экономиканың 11 секторының жетеуі жабылыпты.

Әдепкі алты ай қорытындысы бойынша KASE-де саудаланатын корпоративтік қарыз көлемі 9,2%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге, жалпы 13,1 трлн теңгеге (28,9 млрд доллар) дейін төмендеді. Бұл ретте корпоративтік қарыз көлемі 2023 жылдың екінші тоқсанында 1,3%-ға немесе 172,2 млрд теңгеге азай­ған. Корпоративтік обли­га­­ция шы­ғарылымын жаса­ған эми­тенттер қатарында «МҚҰ Он­лайнКазФинанс» АҚ, «Банк «Bank RBK» АҚ, «KMF» микро­қаржы ұйымы» ЖШС, «R-Finance» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Аркада Индастри» ЖШС, «Fi­naccord Limited», «ҚазМұ­найГаз», «Қазақстан темір жолы», «МҚҰ «Express Finance Group» ЖШС, «Форпост» ЖШС, «Магист­раль­­ный Водовод» ЖШС, «МҚҰ «TAS finance group» ЖШС, «КА «ID Collect» ЖШС ұйымдары бар.

Корпоративтік облигация­лар­дың бастапқы нарығындағы инвес­торлардың негізгі санаттары бөлінісінде банктердің үлесі – 18,4%, брокерлік-дилерлік ұйым­дардың үлесі – 1,4%, басқа институцио­нал­дық ин­весторлардың үлесі – 37,8%, өзге заң­ды тұлғалар­д­ың үлесі – 37,8% және жеке тұл­ғалар­дың үлесі – 4,6%. Корпора­тивтік обли­гация­лар­дың бастапқы нарығындағы бей­ре­зи­денттердің үлесі 13,6%-ды құрады.

Сонымен қатар есепті кезеңнің соңында KASE сауда-саттық тізімдерінде бес халықаралық қаржы ұйымының 53 облигациясы шығарылды. Олар – Азия даму банкі (11 шығарылым), Еуразиялық даму банкі (25 шығарылым), Еуропалық қайта құру және даму банкі (14 шығарылым), Халықаралық қаржы корпорациясы (2 шығарылым) және Жеке секторды дамыту жөніндегі ислам корпорациясы (1 шығарылым). Азия даму банкі жылдық 14,10 өтеуге кірістілігі бар және өтеу мерзімі 7,6 жылға дейінгі халықаралық әлеуметтік облигация­ларды орналастырып, 13,3 млрд теңге тартса, ICD Eagle Limited жылдық 14,95% мерзімдік төлем мөлшерлемесімен бес жылдық траст сертификаттарын орналастырып, 2 млрд теңге тартты.

Инвесторлардың негізгі санаттары бөлінісінде 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында екінші деңгейлі банктердің бастапқы нарықтағы үлесі 27,9%-ды, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі 6,7%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі 37,8%-ды, өзге заңды тұлға­лардың үлесі 27,1%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 0,5%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 0,1%-дан кем болды.