• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Құрылыс 08 Тамыз, 2023

Жылу жүйелері жөнделіп жатыр

273 рет
көрсетілді

Теміртауда жылу көздері мен жылу желілерін ауқымды реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін жазғанымыздай, Металлургтер қаласында өткен жылыту маусымы кезінде 400-ге жуық апат орын алған. Кеңес кезінде орнатылған жылу құбырларының 70 пайызы тозған. Қазір жылу құбырларын жаңарту жүріп жатыр. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапарында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексерді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО-сында жылу беру маусымына дайындық және жетінші қазандықтың құрылысы туралы кәсіпорынның бас директоры Владимир Яблонский баян­дады. Оның айтуынша, үш қазандық пен үш турбиналы генераторды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бұған қоса жетінші қазандықты салу бо­йын­ша маңызды жобаны іске асыру ке­шіктірілуде. Себепті жауапты орган былай түсіндіреді: нысанда жұмыс­шылар жетпей жатыр, негізгі жабдықтар мерзі­мі­нен кешігіп орнатылуда.

Мердігер компания басшылығы­ның («AB Construction» ЖШС) есебін тыңдаған Р.Скляр құрылыс-монтаждау жұмыстарын уақтылы аяқтау қажет­тігін белгілеп, ескерту жасады.

Р.Склярға жылу желілерін жөндеу бойынша бағдарлама таныстырылды. Қаладағы жылу желілерінің барлық тозған учаскесі бойынша жаңартылу жұмыстары жүріп жатыр. Р.Скляр жауап­тыларға жұмысты жеделдету керектігін, жылу беру маусымына дейін толық аяқтауды қатты тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-министрдің бірінші орынбасары Қарағанды, Шах­тинск қаласының және Топар кенті­нің жылыту қазандықтарын аралады.

«Топар» МАЭС басшылығы негізгі және қосалқы жабдықтарды күрделі және қалыпты жөндеу жұмыстары кес­те бойынша жүріп жатқанын хабарлады. «Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары 60 пайызға орындалды. Жоспардан кешікпей келе жатырмыз. Барлық міндеттемені толық орындаймыз», деді «Топар»МАЭС операциялық директоры Александр Бузо.

Шахтинск қаласының жылу желілері Теміртау секілді 75 пайызға тозып тұр. 10 жыл бойы еш энергия көзі күрделі жөндеу көрмеген. Биыл үш қазандық пен екі турбина жөнделіп жатыр. Р.Скляр жауаптыларға барлық жұмыс уақытында аяқталуы керектігін, жеделдету қажеттігін қатаң ескертті.

Облыс орталығында да осы бағыт­тағы жұмыстар қызу жүріп жатыр. Алдағы жылу беру маусымына дейін 16 қазандық пен 10 турбина жөнделіп жатыр. Мұндағы жұмыстар кесте бойын­ша жүріп жатыр. Биылғы жөндеу жұ­мыстарына бағытталған қаржы көлемі 13 млрд теңгені құрай­ды. Бұл туралы бірінші вице-премьерге «Қарағанды Энергоорталық» компания­сының бас­шы­лығы да баяндады. Ол облыс орталы­ғының тұтынушыларын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ете­ді. Құрамына екі энергия көзі кіреді: 3-ЖЭО және 1-ЖЭО.

Сондай-ақ Р.Склярға 3-жылыту қазандығының құрылыс барысы тура­лы айтылды. Жоба кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Мұндағы аталған жұмыс жүйелі атқарылса, жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға және қаланың жаңа нысандарын жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік мол болмақ.

 

Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»