Abu Dhabi Ports компаниясымен (Simatech Shipping & Forwarding атындағы AD Ports Group бөлігі саналады) бірлескен кәсіпорынды іске қосу Қазақстанға Парсы шығанағы, Таяу Шығыс, Пәкістан, Үндістан және Шығыс Африка жағалауындағы елдер нарықтарына елімізден экспортталған жүктерді жеткізудің ең қысқа тікелей жолын құруға мүмкіндік береді.
Оны құру перспективаларын өткен аптада Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және Simatech Shipping & Forwarding (ADP тобына кіреді) басшысы Давуд Тафти талқылады.
Негізгі міндет – Қазақстандағы Құрық портынан Парсы шығанағы елдеріне Әмірабад және Бендер-Аббас (Иран) порттары арқылы ауыл шаруашылығы тауарларын жеткізу. Жаңа бағыт отандық экспорттаушыларға бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер ашпақ: үш күнде Иран арқылы Әмірабад, Бендер-Аббас, Бендер-Хомейни, Чабахар порттарына, БАӘ-лік Халифа, Фуджейраға және әрі қарай Үндістан, Пәкістан, Қиыр Шығыс, Африканың шығыс жағалауындағы барлық портқа жол ашады. Бұл ретте басқа тауарларды еуропа елдеріне жеткізу мүмкіндігі де қарастырылуда.
Кездесу барысында тараптар әрі қарай Парсы шығанағы елдеріне транзит жасауға мүмкіндік беретін Каспий теңізі арқылы Иран Ислам Республикасына жүктерді жеткізу маршруттарының нұсқаларын талқылады. Simatech Shipping & Forwarding компаниясының CEO-сы Давуд Тафтидің айтуынша, компания әрқайсысы 7 500 тонна жүк көтеретін 4 кеме сатып алған. Кемелердің судағы тереңдігі – 6 метр, олар үйінді, контейнерлік, сондай-ақ негізгі жүктерді тасымалдауға қабілетті. Қазіргі уақытта кемелер – Әмірабад портында (Иранның Бехшар округінің солтүстігінде) орналасқан. Алдағы 2 жыл ішінде компания осындай 10 кемені жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жақында компания 45 жүк көлігін және әрқайсысы 350 жүк көлігін тасымалдауға қабілетті екі баржаны сатып алды. Алдағы 4 айға арналған жоспарда жүк автопаркінің санын 200-ге дейін, болашақта 1 000-ға дейін жеткізу тұр.
Құрық (Қазақстан) және Халифа (БАӘ) базалық порттар болады. Бұл екі порт барлық қажетті инфрақұрылыммен және техникамен қамтылады. Сондай-ақ компанияның жүктерді біріктіру және қайта жинау үшін екі құрғақ порты бар. Мұның бәрі қазақстандық экспорттаушыларға Ираннан 2-3 күнде өтуге мүмкіндік береді.
Еске сала кетейік, 2023 жылғы сәуір айында Премьер-Министрдің Иранға сапары барысында Құрық пен Әмірабад порттары арасындағы тасымалдарды дамыту туралы келісімге қол қойылды. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру аясында осы порттарда астық терминалдары үшін инфрақұрылым салу жұмыстары аяқталуда.
Simatech Shipping & Forwarding – Парсы шығанағындағы жетекші кеме басқарушы компания. Оның үлкен флоты бар, Ираннан араб елдеріне, Үндістан, Африка және Қытайға жүк тасымалдаумен айналысады. Компанияның араб елдерінде бірқатар коммерциялық порты мен терминалы бар.