Қарқаралы қаласындағы 170 жылдан астам тарихы бар Құнанбай қажы мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құнанбай қажының пәрменімен мешіттің алғашқы іргетасы 1851 жылы қаланады. Талай тарихи кезеңнің куәсі болған шаңырақ соңғы рет 2009 жылы жөндеу көрген.
Мешіт алғашында округте ислам дінін уағыздап, балалардың әріп танып, діни сауатының ашылуына айтарлықтай ықпал етті. Тіпті қилы кезеңдерде мешіт жойылып та кете жаздаған. Есігі жабылып, шаң басып қалған тұста аудан жұртшылығының сұрауымен Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институты мамандары келіп, 1991 жылы мешітті бастапқы қалпына қайта келтіреді.
Сөйтіп, 15 жылға жуық уақыттан соң Құнанбай қажы мешіті биыл қайта жаңарады.
«Құнанбай қажы мешітіне биыл жаңғырту және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2009 жылы күрделі жөндеуден бері арада біраз жыл өтті. Маңайындағы тастөсемнің тозығы әбден жеткен. Сонымен қатар жылу жүйесін толық жөндеу қажет. Мешіттің төбесі, күмбезі сырланып, қоршауын қалпына келтіру жұмыстары атқарылады. Осы мақсатта облыстан 70 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алдағы бір жарым ай көлемінде жөндеуді бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қарқаралыға сапар барысында бірқатар тарихи ескерткіштердің жөндеуді қажет ететінін көріп қайттық, – дейді облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Төлеуов. – Бұл қатарда шертпе күйдің шебері – Тәттімбеттің ескерткіші де бар. Егіндібұлақтың басындағы Қаздауысты Қазыбек бидің ескерткіші маңайын да қалпына келтіру қажет. Бұл жұмыстарды келер жылдың еншісіне қалдырдық».
Құнанбай қажы мешіті – «Қазақстанның 100 киелі орны» тізіміне енген, мемлекет қорғауындағы тарихи орын.
Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»