Теннистен еліміздің бірінші, әлемнің 28-ракеткасы Александр Бублик Канаданың Торонто қаласында шымылдығы түрілген АТР 1000 санатындағы турнирдің алғашқы айналымында жеңіліп қалды.
Жүлде қоры 6,6 млн АҚШ долларын құрайтын жарыстың алғашқы айналымында отандасымыз ең ыңғайсыз қарсылас, польшалық Хуберт Гуркачпен шеберлік байқасты. Бублик осы турнирге дейін әлемдік рейтингте 17-орында тұрған теннисшімен кортта алты мәрте кездесіп, соның бесеуінде қарсыласына жол берген. Тек бір ғана матчта Александрдың мерейі үстем болған. Екі теннисші арасындағы жетінші бәсекеде де поляк теннисшісінің бағы жанып, екі сетке жалғасқан матчта Гуркач 6:3, 7:6 (7:2) есебімен мықтылық танытты. Енді А.Бублик Торонтодағы жарысты жұптық сында жалғастырады.
Сондай-ақ Канаданың Монреаль қаласындағы WTA 1000 турниріне арнайы шақырту алған Юлия Путинцева кеше кешкісін алғашқы айналымдағы бірінші ойынын әлемнің 53-ракеткасы, америкалық Бернарда Перамен өткізді. Әйелдер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Е.Рыбакина осы турнирдің үшінші айналымына шығу үшін бүгін таңда америкалық Дженнифер Брэдимен сынға түсті.