2021 жылдан бастап жеке инвесторларды тарту есебінен елімізде ұлттық парктер мен басқа да табиғи орындарында жеті визит-орталық салынып, туристердің игілігіне берілді. Атап айтқанда, визит-орталықтар Аюсай, Түргенсай, Сартас, Шарын, Горельник, Медеу және Altynemel ұлттық парктерінде бой көтерген.
Жақын арада Түрген және Бутаковка шатқалдарында да визит-орталық салынады деп жоспарланған. Бүгінде елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың жеті тетігі бар. Атап айтқанда, әр туроператорлардың шығындарын субсидиялау, балаларға еліміз бойынша авиабилеттердің құнын субсидиялау, кәсіпкерлерге тау-шаңғы курорттарының жабдықтарын, көлік құралдарын сатып алу (25%), жол бойындағы сервис нысандарын салу, туристік нысандарды салу және реконструкциялау (10%) шығындардың бір бөлігін өтеу, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған субсидиялар (айына 83 300 теңге) жатады.