Былтыр қараша айында Оксфорд университеті, «Reuters» журналистиканы зерттеу институты журналистика саласындағы жаңа жұмыс форматына байланысты зерттеу нәтижелерін жариялады. Бұл еңбекте пандемиядан кейін қалыптасқан ахуалға байланысты редакциялардың жаңалықтар бөлімін қайта құру, икемді және гибридті жұмыс жүйесін енгізу мәселесі қарастырылған.
Есеп 39 елдегі 136 жаңалықтар басылымының жетекшілерімен жүргізілген сауалдама мен тереңдетілген сұхбат нәтижелеріне негізделген. Зерттеу нәтижесі ұйымдардың 61%-ы икемді жұмыс кестесін енгізгенін, ал 20%-ы пандемияға дейінгі жұмыс үлгісіне оралуға ниетті екенін көрсетті. Сонымен бірге қалыптасқан жағдайға байланысты медиа индустрия саласында туындаған мәселелерді жүйелеуге мүмкіндік берді.
Пандемия кезіндегі мәжбүрлі түрде қашықтан жұмыс істеу қызметкерлердің икемді де оңтайлы және дербес жұмыс істеуге деген ұмтылысын жеделдететін жол барын, қалыпты жұмыс тәсілімен бірге жаңа, оңтайлы жұмыс форматы барлығын көрсеткен еді. 2021 жылғы болған зерттеуде жаңалық индустриясының жетекшілері өз ұйымдары гибридті және икемді жұмыс форматына көшуді қолдайтынын білдірді.
Бүгінде редакциялардың жұмыс тәртібі жаңа, оңтайлы жұмыс форматына сәйкес өзгеріп қайта құрылып жатыр. Респонденттердің 61%-ы өз ұйымында гибридті және икемді жұмыс түрі көбірек енгізілгенін көрсетті. Сауалдамаға қатысқан жетекшілердің 57%-ы өз ұйымында бұл мәселе бойынша жақсы жұмыс жүріп жатыр деп есептейді. Сонымен бірге сауалдамаға қатысушылардың 20%-ы өз ұйымы жұмыс барысына кейбір өзгерістер енгізгенімен, негізінен пандемияға дейінгі үйреншікті жұмыс үлгісіне қайта оралғысы келетінін айтты.
Кейбір жағдайда ұйымдардың пандемиядан кейін кеңсеге қайта оралу жоспары қызметкерлер мен жұмыс беруші жетекшілер арасындағы келіспеушіліктер мен дауға әкеліп отыр. Мысалы, 2022 жылғы қыркүйекте мыңнан астам қызметкер үшін қарсылық білдіру себептерінің бірі – The New York Times-тың «кеңсеге оралуға» қатысты жаңа саясаты еді.
Сауалдамаға қатысқан сала жетекшілерінің 57%-ы гибридті және икемді форматқа көшкеннен кейінгі өз ұйымы жұмысының сапасына оң баға берді. Редакцияларда гибридті және икемді жұмыс түрін енгізу тәсілі бойынша респонденттердің жауабы төмендегідей болды: 49%-ы қызметкер аптасына немесе айына міндеттелген күндері кеңседе болуы керегін; 29%-ы қызметкер кеңсеге келуі міндетті күндер санын өздері белгілейтінін; 5%-ы маманнан көп жағдайда үйден жұмыс істеуін талап ететінін атады.
Microsoft өзінің жыл сайынғы Work Trend Index есебінде гибрид модельде жұмыс істейтін қызметкерлердің 38%-ы өзінің ең үлкен проблемасы ретінде кеңсеге қашан және не үшін келу керектігін білу екенін айтқан еді. Бұл мәселенің шешімі ретінде есепте жетекшілердің кеңсеге келіп жасауға тұратындай деңгейде жұмыс ұйымдастыру қажеттілігі ұсынылды.
2021 жылғы есепте аралас және қашықтан жұмыс істеуге көшудің негізгі артықшылықтарының бірі – тиімділік пен өнімділіктің жоғарылауы деп көрсетілген еді. 2022 жылғы сауалдамаға қатысқандардың көпшілігі бұл форматтың өнімділікке айтарлықтай айқын әсерін, ықпалын байқамаған: олардың 45%-ы гибридті және икемді жұмысқа көшу өнімділікке оң немесе теріс әсерін тигізді деп санамайды, ал 38%-ы оның оң әсер еткенін айтады.
Пандемия кезінде көп адам үйден жұмыс істеуге мәжбүр болды және бұл жағдай олардың жеке өмірі мен кәсіби өмірі арасындағы әдеттегі шекарасының өзгеруіне әкелгені анық. Бұл олардың өз өмірінің кейбір аспектісін, соның ішінде жұмыстың рөлін қайта қарауына ықпал етіп отыр. Кейбір қызметкерлер жұмыстан жаппай кетсе, кейбіреуі үшін икемді және қашықтан жұмыс тәртібі осы проблемаға жауап ретінде қарастырылып отыр.
Сауалдамаға қатысқан жетекшілердің үштен бірі (33%) өз редакциясын өзгертуде басты басымдықты гендерлік әртүрлілікке беретінін атап өтсе, ал 32%-ы басымдық ретінде этностық әртүрлілікті көрсетті. 2021-2022 жылғы зерттеулерде жиі көтерілген мәселелердің бірі – жаңалық тарату бөлімінде тұрақты қызметкерлердің болмауының «осмос оқыту» (learnings by osmosis) үдерісіне қауіп төндіруі. Осмос оқыту – бұл тәжірибесі бар әріптестердің мінез-құлқын бақылау және редакцияда болған кездейсоқ әңгімелерге қатысу және тыңдау мүмкіндігінің арқасында тәжірибесіз қызметкерлердің үйренуі.
Редакция ұжымында үздіксіз білім беру мәдениетін ілгерілету үшін респонденттердің 69%-ы ұйымда қажет дағдыларды оқыту, 47%-ы көшбасшылық қасиеттерді дамыту, 46%-ы тәлімгерлік және 45%-ы басқару бағдарламалары жүргізіліп жатқанын атап өтті. 2021 жылы The New York Times редакцияда жұмыс мәдениетін дамытуға және қызметкерлері үшін пайдалы орта қалыптастыру мақсатында Мәдениет және мансап бөлімін ашты.
Әлемдегі ірі жаңалықтар ұйымдарының бұл бағыттағы іс-әрекеттері талантты дамыту маңызын мойындаудың, әртүрлілікті ілгерлетудің және медиа индустрияда инклюзивті жұмыс ортасын құрудың маңызды екенін көрсетеді. Ең алдымен, бұл қазіргі заманауи талаптар мен сұраныстарға сай болу үшін жұмыстың жаңа тәсілдері мен әдістерін үнемі жетілдіріп, дамытып отыру қажеттілігінен туындап отырғанын атап өткен жөн.
Дулат ӨТЕҒАЛИ,
«Қазақстан қоғамдық даму институты» сарапшысы