Тұрақтылық пен келісімнің бесігі ретінде шартарапқа танылған Қазақ елі әлемге бейбітшілік миссиясын рухани тұрғыда да, іс жүзінде де атқарып келеді. Рухани тұрғыда дейтініміз, 2003 жылдан бері біздің бастамамызбен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі жеті мәрте өтіп, өзара тату болу өнегесі насихатталғанын көпшілік біледі. Ал іс жүзінде еліміз 1992 жылдан бері әлемнің әр түкпіріндегі отты нүктелерге өз жауынгерлерін жіберіп, бітімгерлік міндетін атқарып жатыр.
1992 жылы 7 қыркүйекте сол кездегі Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің бұйрығымен еліміздің 35-жеке гвардиялық әуе-десант бригадасының 300 жауынгері тәжік-ауған шекарасындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге аттанған еді. 2001 жылдың ақпанына дейін, 10 мыңнан астам қазақ сарбазы ТМД мемлекеттерінің оңтүстік шекарасын қорғауға қатысты. Бұлар еліміздің алғашқы бітімгерлері ретінде тарихта қалды.
2017-2018 жылдары еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде қабылданып, бітімгерлік бағытында көптеген ауқымды жұмыс атқарды. Әскеріміздің көп жылдан бергі тәжірибесі негізінде атқарылған шаралар, осы саладағы белсенді ұстанымы Қауіпсіздік Кеңесі мен ондағы жұмыс органдары тарапынан жоғары бағаланды. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмай, еліміз бітімгерлік миссиясына қатысу жағрапиясын әлі де кеңейтуге бейіл. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Швейцарияға сапары барысында айтқан болатын. Ал өткен жылы Мемлекет басшысы Парламентте өз әскери қызметкерлерімізден құралған шектеулі контингентті БҰҰ миссиясы аясында бірқатар мемлекетке жіберуді ұсынды. Бұл елдер қатарында Оңтүстік Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Мали және Ливан бар.
Көп өтпей Парламент Қарулы күштеріміздің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу ауқымын кеңейту туралы шешім қабылдап, былтыр жазда екі әскери қызметшіміз Орталық Африка Республикасына (ОАР) жіберілді. Олар бір жыл бойы БҰҰ-ның ОАР-дағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі көпсалалы кешенді миссиясының құрамында штаб офицерлері ретінде қызмет етті. Сол екі офицердің бірі – Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы бітімгерлік дайындық басқармасының бастығы, подполковник Рүстем Сүлейменов.
«Бітімгерлік операциялар орталығында Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін офицерлер мен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілерді жан-жақты және кешенді даярлау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілетінін атап өткім келеді. Оқу-жаттығулар, семинарлар, тренингтер, дәрістер және тәжірибелік сабақтардың басын біріктірген дайындық ісі кезінде халықаралық гуманитарлық құқық, адам құқығын қорғау және күш қолдану ережелеріне басты назар аударылады», дейді ол.
Осы орталықта бітімгерлік дағдыларын және тіл үйрену дайындықтарынан өткен ол іріктеу арқылы 2015 жылы Кот-д-Ивауар еліне әскери бақылаушы ретінде бітімгерлік миссияға жіберілген. Ол жақта тиісті білім мен тәжірибе жинақтап, елге келген соң Бітімгерлік операциялар орталығында «Штаб офицерлері» курсын үздік тәмамдайды. Міне, содан кейін Орталық Африка республикасына штаб офицері ретінде аттанған.
– Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес бұл миссияның басты мақсаты – қарапайым халықты қорғау. Орталық Африка республикасына Қазақстан Қарулы күштерінің екі офицері аттандық. Бізге Шығыс Секторының бас штабында ақпарат жинау мен талдау тапсырмасы жүктелді, – дейді Рүстем Сүлейменов.
Оның айтуынша, бүгінде бұл республикада жағдай тұрақты көрінгенімен, кейбір өңірлерінде 15-тен астам заңсыз қарулы құрылымдар әрекет етеді екен. Олар ел ішіндегі ресурстар үшін үкіметтік әскермен қақтығысқа түсіп келеді. Алда ел президентінің кезектен тыс сайлауы өтейін деп жатыр. Соған байланысты кез келген уақытта тәртіпсіздіктер орын алып, жағдай шиеленісіп кетуі ғажап емес.
– Біз қандай ақпараттарды жинадық деген сұраққа келсек, өзімізге жүктелген аймақтардағы заңсыз қарулы құрылымдардың белсенділігі мен қызметін, сондай-ақ олардың қозғалысын бақылап, мәлімет жинап отырдық. Оның ішінде біз әуеден бақылау шараларына да қатысып, жергілікті тұрғындардың топпен жиналып жатқан орындарын анықтадық. Одан бөлек, бақылау аймағымызды шолып, топографиялық картаны жергілікті жермен салыстыру жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде біз заңсыз қарулы құрылымдар лагерьлерінің орналасқан жерлерін таптық, – дейді подполковник.
БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің қарарына сәйкес бітімгерлік миссия әрі қарай жалғасып жатыр. Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің тағы екі офицері Орталық Африка Республикасына аттанды. Олар да өздеріне жүктелген нақты міндеттемелерді орындап қайтпақ.
Әлем мемлекеттерінің қорғаныс әлеуеті және геосаяси мәселелерді зерттеуші америкалық сарапшы Уильдер Алехандро Санчес Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша бітімгерлік әскері құрамында (UNIFIL) қазақ сарбаздарының да елдегі тұрақтылықты сақтауға үлес қосқанын және жоғары нәтиже көрсеткенін айтады. «БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қызметкері бітімгерлік миссияларымен айналысады. Қазақстан – Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. Мәселен, Қырғызстан небәрі 12 адам ғана жіберген. Соған қарамастан қазақ сарбаздары UNIFIL аясындағы миссиясын сәтті орындады деуге толық негіз бар», дейді вашингтондық сарапшы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында.
Айта кетсек, таяу күндері Қорғаныс министрлігі «Бітімгершілік операцияға дайындық қағидаларын бекіту туралы» «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 15 маусымдағы №345 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұл нормативтік құқықтық акт көрсетілген ережелерді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Құқықтық актілер туралы» заңдарға сәйкес келтіру, бұдан бөлек, бітімгершілік саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленді. Үкімет қаулысы жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталынан 15 тамызға дейін танысуға болады.