Мемлекет басшысына Павлодар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет берілді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың баяндауынша, бірінші жартыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға артық.
Өңір басшысы Екібастұзда құны 35 миллиард теңге болатын техникалық кремний өндіру зауыты салынатынын айтты. Cондай-ақ облыста EkibastuzFerroAlloys компаниясының зауыты іске қосылмақ. Жобаға 92 миллиард теңге инвестиция құю көзделіп отыр. Сондай-ақ жоба аясында 1500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал теміржол машинасын жасау саласында RailCastSуstems компаниясы инвестиция көлемі 78 миллиард теңгені құрайтын ұсталық-бандаж өнімдерін шығару кешенін іске қосуды жоспарлап отыр.