Қарапайым халық үшін күнделікті ас әзірлеудегі ең қолжетімді өнімнің бірі – макарон. Оны сапаға сай өндіріп, тұтынушылар көңілінен шығу жолында тыным таппай ізденіп жүрген Динара Рымбекованың кәсіпкерлікке келгеніне ұзақ уақыт өте қоймағанымен, тиянақтылық пен ептіліктің, ізденістің нәтижесінде кәсібінен мол нәсіп көре бастады.
Еңбекшіқазақ ауданының орталығы Есік қаласында тұратын Динара Рымбекова екі жыл бұрын «2021-2025 жылдарға арналған кəсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» конкурсына қатысып, өз бағдарламасын сəтті қорғап, «Даму» кəсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 2 млн теңге мөлшерінде грантқа қол жеткізген. Қолға тиген қаржының əр тиынын тиімді пайдалануды көздеген жас кəсіпкер бизнес жоспарына сəйкес макарон өнімдерін шығаруды бастап кетті. Осы мақсатта заманауи италиялық өндірістік техникалар сатып алып, іске қосты.
Бүгінде «As qazan» деп аталатын макарон цехында 4 адам тұрақты жұмыс істеп, тəулігіне 5 тонна отандық жоғары сапалы макарон өнімдерін шығаруды жолға қойған. Ал айына қуаттылығы орта есеппен 200 тоннаға жуықтайтын кəсіпорын да макаронның 9 түрі өндіріледі.
«Қазір шағын жəне орта бизнесті дамытып, елдің əл-ауқатын арттыруға Президентіміздің баса көңіл бөліп отырғаны белгілі. Сол себепті мемлекеттен кəсіпкерлікті дамытудың түрлі бағдарламалары ұсынылып, кəсіп көзін тапқандарға қолдау көрсетілуде. Соның нəтижесінде отандық кəсіптің көкжиегін кеңейтіп, тұрақты жұмыс орнын ашып алдық. Аталмыш кəсіпорында 4 адам тиянақты еңбек етіп, отбасын асырап жүр. Өнім өндіруде тұтынушылардың жас ерекшелігі мен талғамына сай келуін ескердік», деген кəсіпкер Динара өнімдерін өткізуде елаумағындағы 13 өңірдің сауда нүктелерімен келісімшарт жасасқанын тілге тиек етті.
Бұл орайда «As qazan» брендтік өнімдерін жарнамалау жұмыстары да қалыпты жолға қойылған. Əлеуметтік желілердегі ресми парақшаларындағы тұтынушылар пікірін ескеріп, сол арқылы сапаны арттырып, қызмет көрсету деңгейін жақсарту жолдары саралануда. Осылайша, жас кəсіпкер келешекте өнім түрлерін көбейтумен қатар, бизнесін дамытуға мүмкіндік беретін инвестициялық жобаларға назар аударуды берік ұстанып отыр. Десе де жұмысын енді дамыта бастаған жас кəсіпкерді толғандырып жүрген жайттар жоқ емес.
«Мемлекет тарапынан өнімдерімізді өткізуге қолдау көрсетілсе жөн болар еді. Өйткені кез-келген сауда желілері мен дүкендерге өз өнімдерімізді сатаалмаймыз. Тіптен жоғары сапаға ие өнімдерімізді экспортқа шығаруға мүмкіндік берілсе деген ниетіміз бар. Бұл жағынан кəсіпкерлік қызметті одан əрі дамытуға шектен тыс əкімшілік жүктемелер кедергі келтіретінін жасыруға болмас. Отандық өнім өндіруші жас кəсіпкерлерді ынталандыру үшін бизнесті қаржыландыру саясаты реттеліп, пайызы төмен несиелер берілсе, бұл біздің ісімізді ілгерілетіп, өркендетуге мүмкіндік болар еді», деген ойда кəсіпкер.
«Жас келсе – іске» деген емес пе? Еліміздегі өнім өндіруші кəсіпорындардың қатарына қосылып, бəсі жоғары бəсекелестік талаптарына сай сапалы макарон өндіруде дамыл таппай ізденіп, іскерлік танытып жүрген Динара Рымбекованың алдағы мақсаттары айқын. Ол – отандық өндірісті өркендетіп, жұмыс орнын көбейту.