Халықаралық балаларды қорғау күні аясында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек үш жасар Әміре есімді баламен кездесті. Бұған дейін ол LRT-мен алғаш рет сапар шеккен сәті түсірілген видеосымен танылған болатын, деп хабарлайды Egemen.kz.
Әлеуметтік желіде кең тараған бейнероликте кішкентай Әміре LRT оны ел Президентімен кездесуге алып барады деп шынайы сенген. Баланың аңғал да таза көңілі көрермендердің ықыласына ие болып, көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Айшықты мереке қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жеңіс Қасымбек Әміреге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатын және естелік сыйлықтарды табыстады.
«Мұндай сәттер арманыңа қанат бітіріп, жақсылыққа сенуді, өмірдің әрбір қарапайым сәтіне балаша қуана алу қасиетін жоғалтпау керектігін тағы бір мәрте еске салады. Мына әлемді балалардың пәк күлкісі мен шынайы сезімі нұрландыра түседі. Әміреге мықты денсаулық, армандарының орындалғанын және шаттыққа толы бақытты балалық шақ тілеймін!» деді елорда әкімі.
Бар игілік – балаларға
Еске сала кетейік, кеше Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 100 үздік оқушы Ақордада қонақ болды. Мереке қарсаңында кішкентай меймандарға ғимарат құрылысының тарихы мен сәулеттік ерекшеліктері туралы сыр шертетін қызықты экскурсия ұйымдастырылды.