• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Тамыз, 2023

Балалық шаққа саяхат

354 рет
көрсетілді

Биыл мектеп оқушы­ла­ры­ның жазғы демалысы өңірдің қарағайлы орманды аудандарындағы тұмса табиғат аясына ор­на­ласқан он шақты лагерде ұйымдастырылған. Мұның сыртында, ата-ана қам­қорлығынан қағылған балғындар мен ерекше ба­ла­ларға арналған үш демалыс орны жұмыс істейді. Бұл лагерьлерде жаз бойы төрт жүзден астам бала тегін демалып жатыр.

Таяуда облыстық білім бас­қар­масы арнайы баспасөз турын ұйымдастырып, ата-аналарды, жергілікті қоғамдық ұйымдар мен журналистерді жазғы демалыс лагерьлерін аралап, ондағы балалардың жағдайын біліп қайтуға шақырған. Осылайша, басқарма басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова бастаған топ әйгілі «Сосновый бор» шипажайының іргесіндегі генерал Бәкіров атындағы демалыс орнына, Алтынсарин ауданындағы Бозбек ауылының маңындағы орман ішіне орна­лас­қан «Болашақ» балалар са­уық­­тыру лагері мен Қостанай ауданындағы «Алтынгүл» балалар сауықтыру лагерінде болып қайттық.

«Алтынгүл» лагерінде 7 жас­­тан 15 жасқа дейінгі ерекше ба­ла­лар демалып жатыр екен. Балақайлар күнделікті пси­хо­логиялық-педагогикалық түзету және оңалту-дамыту ем-шара­ларын алып отыр.

– Қазір лагерьде үшінші ауы­сымдағы 32 бала демалып жатыр. Демалыс орнының аумағы – 7 гектар. Лагер толық­тай бейнекамерамен жаб­дық­талған. Бір ауысымда 50 балаға дейін қабылдай ала­мыз. Әр топта 12 баладан бар. Оларға екі тәрбиеші және олардың көмекшілері қарайды. Балалардың қауіпсіздігін әр ауы­сымда кезекшілік ету арқылы екі учаскелік маман қамтамасыз етеді. Лагерьдің төртінші ауысымында үйде оқитын балалар келеді деп жоспарлап отырмыз. Балалар аналарымен бірге келіп демалатын болады. Ата-аналар қалаған уақыттарында келіп, ба­ла­ларының жағдайын біле алады, – дейді демалыс кешенінің директоры Гүлшат Жұмабаева.

Оксана Стасюк екінші жыл қата­рынан «Алтынгүл» ла­ге­рін­де жұмыс істеп келеді. Ма­ман­дығы – наубайшы: бала­лар­дың күнделікті жейтін ыстық нанын, тәтті тоқашын пісіріп береді. Балғындар күніне алты уақыт тамақтанады. Тағамның дайындалу сапасы мен азық-түліктің дұрыс сақталуын диетолог дәрігер қадағалап отырады. «Барлығын қолдан пісіреміз. Ба­лаларға бәрі ұнайды. Алғыс­тарын айтып кетеді. Жалпы, бұл салада жүргеніме 10 жылдан асты», дейді О.Стасюк.

Алтынсарин ауданына қарас­ты Бозбек ауылының маңын­дағы «Болашақ» балалар сауық­ты­ру лагерінде бір ауысым ішін­де Қостанай, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астанадан келген 600-дей бала демалады.

Қазір мұнда облыстық білім басқармасының бағдарламасы аясында балалар лагерьлері ара­сындағы өңірлік спартакиа­да өтіп жатыр. Спорттық іс-шараға «Чайка», «Орленок» бала­лар-сауықтыру лагерлері, генерал Бәкіров атын­дағы демалыс орны мен «Бола­шақ» балалар сауықтыру лагерінің кіш­кентай тұрғындары қаты­сып жатыр. Балалар спорттың тоғызқұмалақ, футбол, волейбол сынды түрлерінен сайыс­қа түседі. Аумағы айнала қор­шал­ған лагердің қауіпсіздігі 21 бейнебақылау камерасы ар­қылы күзетіледі. Бейсауат жүрген бейтаныс адамдардың кіріп кет­пеуін күзетшілер мен екі полиция қызметкері қалт жібермей қада­ғалап отырады. Қа­зір бұл лагерде бесінші ауысымдағы 480 бала демалып жатыр. Лагер басшысының айтуына қарағанда, мұнда жаз бойы ұзын саны үш мың балаға дейін демалып кетеді. Мәселен, ақтөбелік Жәния Айбат есімді балақай жазғы демалыс лагеріне алғаш рет келіп отыр.

– 5-сыныпта оқимын. Маған бәрі қатты ұнады. Өзіме жаңа дос­тар таптым. Өте көңілді. Түрлі ойын-сауық іс-шарасы ұйым­дас­тырылады. Тамақтары да өте дәмді. Шілде айының аяғында кел­генмін. Көзді ашып-жұмғанша, кететін күн де таяп қалды, – дейді Жәния.

Ал Державин қаласының тұр­ғыны Әдемі Назхан Тобыл өңірін­дегі балалар ла­геріне осымен үшінші рет келіп отыр. «Жасым – он екіде. Тәр­биешілеріміз бен жетек­­ші­леріміздің бәрі мейірімді, жақ­сы адамдар. Кешке таман арнайы би кеші болады. Ол жерде де қызықты байқаулар өтеді. Спартакиада аясында волейбол жарысына қатысып жатырмын», дейді екі беті бал-бұл жанған Әдемі.

Сапар соңында қызық-қуаны­шы көл-көсір жайдары жаздың жарқын күндерін таза ауа, тұмса табиғат аясында өткізіп жатқан балалардың шат күлкісін қимай-қимай қоштастық.