Өзара ынтымақтастық көрінісі
Ежелден бірлігі жарасқан қазақ-қырғыз халықтарының қарым-қатынасы халық арасында «төскейде малы, төсекте басы қосылған», «қазақ-қырғыз бір туған» деп ерекше әспеттеледі. Аталған сөз тіркестерінің ақиқаты ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көрші қазақ пен қырғыздың қыз алысып, қыз берісуінен де айқын көрінеді.
Биыл 27-30 маусым күндері Бішкекте Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Тарих және аймақтану институты мен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бірлесіп ұйымдастыруымен «Қырғыз-қазақ халықтарының тағдырлас тарихы және болашағы» атты халықаралық конгресс өтті. Оның пленарлық отырысын Қырғызстан Жоғарғы кеңесінің депутаты Жанарбек Ақаев ашып берді. Алқалы жиында сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы профессор Зиябек Қабылдинов «Қазақстан тарихы» академиялық 7 томдығының жазылу барысы, қазақ-қырғыз тарихының өзекті мәселелері туралы баяндап, институт ғылыми кеңесінің талқылауынан шыққан ғылыми еңбектерді тарту етті. Сондай-ақ ол Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз университетінің үздік студентіне стипендия тағайындады.
Конгресс аясында «Қазақ-қырғыз тарихының жылнамасы» деп аталатын, екі ел ғалымдарының іргелі мақалалары енген жинақ пен Жүсіп Баласағұн атындағы университетте Ш.Уәлиханов атындағы кабинеттің тұсаукесері жасалды. Сондай-ақ Қырғыз университетінің ректоры, Қырғызстан Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы профессор Төлөбек Абдырахманов қазақ-қырғыз қарым-қатынастарының дамуына шын жүректен тілектес екендігін білдіре келіп, конгресс жұмысына табыс тіледі және сөзінің соңында Ш.Уәлиханов атындағы институттың директоры Зиябек Қабылдиновке Қырғыз ұлттық университетінің құрметті профессоры атағы берілгенін айтты.
Ғылым саласындағы ынтымақтастық екі елдің мәдени байланыстарын одан әрі бекемдей түсетіні сөзсіз.
Нұрлыбек ДОСЫМБЕТОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология
институтының кіші ғылыми қызметкері
АЛМАТЫ
Қаһарман мен батыр – бөлек ұғымдар
ІІ дүниежүзілік соғыс барысында Қазақстанда жасақталған дивизия өзінің қорғаныс шебі аумағында Мәскеуге төніп келген неміс-фашист басқыншыларының алдына кесе-көлденең тұрып, бірде-бір неміс солдатын әрі қарай өткізген жоқ. Генерал Иван Панфилов қолбасшылық еткен әскери құрамның сапындағы Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбіндегі кескілескен ұрыстарда өзін ержүрек жауынгер ғана емес, тактик және стратег командир ретінде де көрсете білді.
Өкінішке қарай, сол кезде Баукеңнің командир ретіндегі тапқырлығы мен батырлығы лайықты деңгейде бағаланған жоқ. Оған атамыздың бірбеткей, бет-жүзге қарамайтын тік мінезі мен тегінің таза қазақша реңкте ерекшеленіп тұруы себеп ретінде көлденең тартылып жүр және мұның шындықтан аса алшақ пайым емес екені де анық. Өйткені өздерін өзгелерден тым жоғары қоятын кейбір топтарға «мен – қазақпын» деп ерекшеленіп тұру аса ұнай қоймағаны айдан анық.
Енді айтайын деген негізгі мәселеме көшсем, бүгінде Баукеңе теледидарда, радиохабарларда «Халық қаһарманы» деп айдар тағатын сәттер кездесіп қалып жүр. Оған өзім бірнеше мәрте куә болдым. Ол кісі қайтыс болғаннан кейін кеш те болса әділеттілік салтанат құрып, КСРО ыдырардан бір-екі жыл бұрын Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені белгілі. Ал «Халық қаһарманы» атағы берілген жоқ. Бұл сөзімізді өзінің бір әңгімесінде келіні Зейнеп Ахметованың: «Атамның ондай атағы жоқ, болса марапаты үйде тұрмай ма?» деп растағаны дәлел. Бұл жерде біз аталған атақты атамызға артық көріп отырған жоқпыз. Біздікі әр нәрсе тура өзінің атымен аталсын деген оң ниет қана.
Ерғазы НҰРЖАНОВ
Ақмола облысы,
Жарқайың ауданы
Мақсатымыз – балаларға қызмет ету
Биыл Жітіқара Балалар шығармашылық үйі өзінің 55 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бұл үй көптеген адамның өмір жолына дұрыс бағыт-бағдар бере алды және әлі де бере бермек. Бүгінде БШҮ-дегі алты бағыт бойынша тәлім-тәрбие беретін үйірмелерге 7 жастан 18 жасқа дейінгі 830 оқушы қатысып жүр. Бұл – сәндік-қолданбалы, көркем-эстетикалық, техникалық, әлеуметтік-педагогикалық, туристік және спорттық бағыттар болып бөлінеді.
БШҮ құрылғалы мұнда «Авиамодельдеу» студиясы жемісті жұмыс істейді. Оның тұрақты жетекшісі – Виктор Лой. Сәндік-қолданбалы шығармашылықпен айналысатын балалар саны да айтарлықтай көп. Бұл үйірменің жетекшісі – Наталья Валл. Ұлбосын Қайырлап, Татьяна Голубева, Елена Бажал, Виктория Жигайлова, Татьяна Чичерина жетекшілік ететін студиялардың қызметі де балалардың табиғи бейімділігін анықтау мен шығармашылық әлеуетін дамытуда үлкен рөл атқарып келеді. Жыл сайын оқушылар педагогтермен бірге облыстық және республикалық деңгейдегі конкурстар мен көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Жаңадан құрылған «Этюд» шығармашылық ұжымы түрлі жанрдағы қойылымдар – ертегілер, трагикомедиялар, астарлы әңгімелер, мюзиклдер дайындайды. Көркем және эстетикалық бағыттағы студияларда оқитын балалар еңбек үдерісінде туындайтын мәселелерді шешуге, іске шығармашылықпен қарауға үйренеді. «Дарын» домбырашылар студиясы қатысушылардың бойына ұлттық құндылықтардың дәнін сеуіп қана қоймай, әр баланың сахнада өз талантын ашып көрсетуіне мүмкіндік туғызып отыр. БШҮ сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығына, ата-аналарды оқу-тәрбие үдерістеріне тартуға ерекше мән береді. Өйткені отбасы баланы дамыту мен тәрбиелеудің негізі саналады.
Қорыта айтқанда, Балалар шығармашылық үйінің жергілікті оқушылар өмірінде алатын орны айтарлықтай жоғары.
Елена КОЛЯДИНА,
Балалар шығармашылық үйінің директоры
Қостанай облысы,
Жітіқара ауданы