• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Тамыз, 2023

Қотыркөлде демалушылардың қатары көп

217 рет
көрсетілді

Табиғаты тамылжыған, қарағай, шырша, қайың, басқа да ағаштар жайқалып өскен ну орман ішіндегі сап таза ауаның адам ағзасына пайдалы екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан болар, тиісті орындар 2015 жылдың бірінші сәуірінде Қотыркөл ауылымен қоңсы жатқан пионер лагерін Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мемлекеттік мекемесіне береді. Ондағы мақсат – зейнеткерлер мен мүгедектерді сауықтыру және емдеу.

«Сауықтыру орталығын аш­қаннан бері осы мекемеге бас­шылық жасап келемін. Әри­­не, алғашқы кезде талай қиын­шы­лықтар кездесті, бұрын бала­лар демалған корпустарды жөн­деу, кем-кетігін түзеуге қаржы тап­тық. Сенбі, жексенбі күндері штат қызметкерлерімен бірле­сіп, сенбіліктер ұйымдастырдық. Бұл істе орынбасарларым Рол­лан Дүйсенбай, Ақылбек Есі­мов, 43 жылдық еңбек өтілі бар са­уықтыру орталығының бас дә­рі­гері Роза Қалиева, аға әкім­шілік қызметкері Ризагүл Гуса­кова көп көмек көрсетті. Олар оңалту орталығына емде­луге және таза ауамен тыныс­тап, ден­саулығын түзеуге келген­­дер­­мен тіл табысып, ақыл-ке­ңес­те­рін береді. Қазір біз­дің мекемеде 200 адам қызмет етеді», дейді бізбен әңгімесінде Арыстан Жанғазиев.

Мұнда демалушыларға бар­лық жағдай жасалған. Төрт мезгіл тағам беріледі. Ем алушылар­дың бос уақытын мәнді өткізуіне көңіл бөлінеді. Бильярд, үстел теннисі, жаттығу жасайтын арнайы бөлмелер қашан келсең де ашық. Аптасына бірнеше рет спорт жарыстары өтіп тұрады. Реті келгенде айта кету керек, шипажай директорының бі­­рінші орынбасары Роллан Мей­­рамұлы еркін күрестен КСРО спорт шебері, кезінде сан мәрте дүбірлі додаларда топ жарған. Шипажайдың бас директоры Арыстан Архимедұлы да спортқа бейім, демалушылар арасында жарыстардың мән­ді өтуіне көңіл бөледі. Шах­мат турнирінде 82 жастағы Есім­хан Жукич, Бақытбек Қоң­ды­­баев сияқты белсенді ақса­қал­дар жүлделі орындарды бө­лісті. Ем алушыларға бел­гілі ән­ші Бауыржан Исаев, Шу­щинск қаласынан келген әр­тіс­тер Гүлім Құдысбек, Нұрай Қа­биден, Самғау би тобының өнер­паздары, «Думан» вокаль­ды ас­паптар тобының әнші­лері кө­ңілді кеш сыйлады. Ши­па­жайдағы музыкалық жетекші Бір­жан Хамзиннің айтуынша, дем­алушылар 14 күннің ішінде би билеп, түрлі байқауларға қа­тысады, күн аралатып қызықты концерттерді тамашалайды.

Сауықтыру орталығында қыз­мет ететіндердің барлығы – өз мамандығын жетік меңгер­ген, жұмыс өтілі 15-20 жыл, тіп­ті одан да көп, нағыз өз ісінің майталмандары. Бас дәрігер Роза Қалиева – денсаулық саласында 43 жылдан бері үзіліссіз қызмет етіп келе жатқан жоға­ры санатты дәрігер. Кейінгі 7,5 жылдан бері өзінің білімі мен біліктілігін, мол тәжірибесін мүге­дектер мен зейнеткерлерге арнаған. Дәрігерлер мен ұйқа­лаушылар Забира Хасенова, Рустам Валиуллин, Зина Бата­лова, Зүлфия Қанғожина, Анар Торғаева, балшықпен ем­­деуші Гүлжан Еңкебаева, Анна Стасенко қарапайым еңбек­те­рімен демалушылар алғысына бөленуде.

Сауықтыру орталығының бас дәрігері Роза Қалиеваның айтуынша, мұнда медицина­лық қызметтің 47 түрі бар. Тұз­ды су, магниотерапия, бал­­шықпен емдеу, ұйқалау, электр, биотрон, парафин дейсіз бе, ем алушылар қалауынша пай­далана алады. Корпустардың іргесіндегі Қотыркөл көлінің суы шипалы, түрлі дерттерге мың да бір ем. Ыстық жаз айларында демалушылар көлге шомылады, күнге қыздырынады.

«Әттең, сумен емдеуге қа­жетті ванналар жетіспейді. Қыс мезгілінде арасы қашық екінші және үшінші корпус арасында далаға шықпайтын дәліз салынса, оң болар еді. Тіпті жаңа ем алатын корпус салатын уақыт жетті. Спорт залы құрылысын да салу керек. Мұның бәрі – ше­шімін табатын проблемалар. Интернет, вай-фай сымдары жа­ңар­тылды», дейді бас дәрігер.

Қалай дегенде де, сауықтыру орталығының қызметіне ем алушылар дән разы.

 

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан» газетінің ардагер тілшісі