Абай күні мерекесіне орай Ұлттық музей қорына құнды жәдігер саналатын самаурын табыс етілді. Тула қаласында жасалған бұл самаурынмен Ертістің жағасында 1893 жылы паром күтіп тұрған кезде Абай шай ішкен.
Аталған жәдігерді Ұлттық музейге тапсыру рәсімінде Мәдениет және спорт вице-министрі Арман Жүдебаев жиналғандарды Абай күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Бүгін Ұлттық музейдің қоры ұлы ақынға қатысты тағы бір жәдігермен толығып отыр. Бұл Семей қаласында меценат Бекбай Байысовтың керуен сарайында тұрған, Абай Құнанбайұлы, басқа да қазақ зиялылары шай ішкен самаурын. Аталған тарихи жәдігердің тағы бір құндылығы Семейде Абай атындағы алғашқы музей ашылғанда сол жердегі экспозицияға ұлы ақын пайдаланған құнды бұйым ретінде қойылған. Сондықтан бұл тарихи жәдігердің еліміздегі ең ірі мәдени мекемесі – Ұлттық музейге тапсырылуы келешек ұрпақ үшін маңызды деп санаймыз, – деді ол.
Оның айтуынша, аталған самаурынды қоса алғанда ұлы ақынымызға қатысты 43 құнды жәдігер бар.
Вице-министр сала атынан Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорына алғыс білдірді.
– Мәдениет және спорт министрлігінің атынан Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қорына құнды жәдігерді бізге аманатқа тапсырғаны үшін алғыс білдіремін, – деді Арман Жүдебаев.
Іс-шара барысында Абай атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры, қоғамдық кеңесінің шешімімен белгілі меценат Бекбай Байысовтың немересі Асқар Бекбаев «Абай» мерейтойлық медалімен марапатталды.
Аталған іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ұлттық идеяларға толы асыл-мұраларын дәріптеу, музейге келушілердің назарына құнды жәдігерді көруіне мүмкіндік беру, кейінгі ұрпақтың тағзым етіп, ұлы ақынның шығармашылығы мен еңбегіне деген қызығушылығын арттыру.