Елімізде Абай күні кеңінен атап өтіліп жатыр. Мерекеге орай, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Абай әлемі» атты іс-шара ұйымдастырды.
Оның ашылу салтанатына белгілі қоғам қайраткерлері мен абайтанушы ғалымдар, еліміздегі дипломатиялық елшіліктер өкілдері қатысты.
– Абай күні – Ұлттық рухымыздың байрағын желбірететін күн. Кірлеген жүрегімізді Абайды оқып тазартатын күн. Абай кемшілігімізді сынады екен деп, Абайды жек көруге еш хақымыз жоқ. Керісінше, «сын түзелмей, мін түзелмейді». Абай рухы асқақтай берсін! – деді ақын Дәулеткерей Кәпұлы.
Расымен де, бұл күні көкірек көзімізді оятып, жанымыз тазарғандай күй кештік. «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай», «Татьяна сөзі» сынды Абай әндерін тыңдап, жан-жүрек шымырлап, көңіліміз алабұртты. Бұдан әрмен Абай әлемінің сан қырын жұртшылыққа танытатын небір керемет жиындар легі басталды. Сондай-ақ қалың оқырман назарына «Абай – тұтас бір әлем» атты кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге Абайдың әр жылдары жарық көрген еңбектері, философиялық пайымдары, шет тіліне тәржімаланған шығармалары, Абай мұрагерлерінің еңбектері алты бөлім бойынша жіктеліп қойылған. Көрменің басты қазынасы – Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы жарық көрген «Абай жолының» бірінші кітабы. Кітап мұқабасында автордың өз қолтаңбасы бар екенін айта кеткен жөн.
Әдеби іс-шара аясында «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаділет, сезім» атты халықаралық дөңгелек үстел, «Сен де бір кірпіш дүниеге..» поэзия сағаты өтті. Сондай-ақ ұстаз, «Ағылшынша тіл сындыру», «Толық адам және төрт тану» сынды жобалардың авторы Ернат Қашқыновтың «Абай арқылы ағылшынша үйрен» атты шеберлік сағаты болды.
«Астанада ағылшын тілінен сабақ беріп жүргенімде, алтыншы сыныпта оқитын оқушымның ата-анасы «Сіз қазақ тілін жақсы білесіз. Әдебиеттен, Абай тағылымынан хабарыңыз бар. Балама ағылшын тілімен қатар қазақ тілі мен әдебиетін үйретіңізші» деген ұсыныс айтты. Ата-ананың өтінішін жерге тастай алмай, ұзақ ойланып жүріп, соңында Абай арқылы ағылшын тілін оқыту идеясы ойға келді. Оқушылар арасында танымал Абай өлеңдері мен қара сөздерін талдап алып, оны ағылшынша үйретудің әдістемесін жасап шығардым», дейді шығармашыл ұстаз.
Ернат Қашқыновтың шеберлік сағаты қатысушыларға ерекше әсер етті. Сабақтың бір артықшылығы, ағылшын тілін меңгеріп қоймай, Абай өлеңдерінің мағынасын тереңірек түсініп пайымдауға деген қызығушылығымыз артқандай. Ұстаздың айтуынша, Абай әлемін танып-түсініп, өлең-қара сөздерінің ағылшынша жаттап алған бала халықаралық бәйгелерде де сол өнер-білімін ортаға сала алады, бір сөзбен айтқанда, «Абай әлемінің елшілері» атанады дейді.
Ақынның туған күніне орай әлеуметтік желіде ұйымдастырылған «Абай менің жүрегімде» бейне-Reels-тар байқауы да қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Іс-шараның соңында кітапхана қонақтары мен оқырмандары «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмін тамшалады.
Абай күні Абай жұмбағын тануға деген ұмтылыстың бастауы ма дерсің.
Айсұлу СЪЕЗХАН,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті