• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Бизнес 11 Тамыз, 2023

Ененің ісін жалғаған келін

167 рет
көрсетілді

Кәсіпке бейім жастардың қам-қарекеті көңіл сүйіндіреді. Ата-анаға жаутаңдамай өз алдына мақсат түзіп, соған сай еңбек етуі ертеңінің жарқын боларына сенім сыйлайды. Бұл ойға «Мақта қыз» тігу шеберханасына барғанда келдік. Сән-салтанаты жарасқан шағын кәсіпорынды шыр айналдырып отырған Салтанат Зәуренбек жас та болса, берекелі іске бет бұрыпты.

Бүгінде Талдықорғанның ір­ге­­­сіндегі Көктал ауылында ор­на­­­ласқан шеберхана өз жұ­мы­сымен көпшілікті қуантып келеді. Был­тыр ғана ашылған шеберхана аз уақытта жетісулықтардың көз қуанышына айналып үлгерген. Тұтынушылар үшін бағасы да тиімді, ал тапсырыс берген адам­ның ешбірі өкінген емес. Бәрі мұқият тігіліп, сұранысқа сай қызмет көрсетеді.

«Шеберхана ашу – анамыздың идеясы. Анамыздың бастауымен іске кіріскенбіз. Отбасылық бір іс бастауды жоспарладық және ол қазір жемісті болып жатыр. Бастапқыда тек көрпемен айналысамыз деген ой болған, артынша тігу шеберханасын аштық. Қазір қыз жасауы, ескі көрпені жаңарту, төр көрпелер, матрастар, балаларға арналған көрпелер тігумен айналысамыз. Бүгінде тек Талдықорғаннан емес, жан-жақтан тапсырыс көп түседі. Анамыз жақында бақиға аттанды. Анамыз бастап кеткен істі мұра ретінде қарап, бағалап, жұмы­сы­мызды адал және тиянақ­ты жалғастырып келеміз», дейді жас шебер.

Салтанаттың анамыз деп отыр­ғаны – енесі Алмагүл Оңғар­бае­ва. Өмірінің соңғы жылдарында өңірдегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы болған. Ал Салтанат кіші ұлы Әділеттің жары.

 Аталған шеберханада жүн жуу, жүн түтетін, көрпе сыру машинасы, матрас тігетін, кескін­дейтін лазер аппараты және тігін машинасы бар. Барлық құрылғыны Қытайдан арнайы тапсырыспен алған. Жаһандық ін­деттің салдарынан кейбір тех­никалық жабдықтар кешігіп жеткен екен. Жақын арада жас­тықты қайта өңдеу машинасын алуды жоспарлап отыр. Ал маталарды Алматыдан алады. Тұтынушылардың сұрауымен және жеке шеберлердің тәжіри­бесіне сүйеніп әртүрлі сападағы маталармен жұмыс істейді.

 «Көктем мен жаз айларында тапсырыс күрт өседі. Той-томалақ көп, әсіресе жаңадан отау құрған жастар түрлі нұсқада көрпе, жастық тігуімізді сұрайды. Дегенмен шүкір, жұмысымыз жылдың барлық мезгілінде де тоқтаған емес. Үйлену маусымы бәсеңдеген соң көбінесе көр­пе­лерді қайта өңдеумен айналыса­мыз. Ерінбесеңіз іс көп, тек со­ның жолын таба білу қажет», дейді С.Зәуренбек.

Шыны керек, бізді қызық­тырған ене мен келін арасындағы ыстық байланыс. Қазақтың дәстүрлі ұғымында ене – үлкен мектеп. Мұны жас келін жақсы бағамдаған. Тігін шеберханасын бірлесіп ашу арқылы марқұм енесінен көп іс үйренгенін жасырмайды. Айтқан ақылы, көрсеткен өнегесі жадында. Игілікті істі бүгінде үзбей жалғастырып, абырой биігінде отыр. Тіпті келешекте шеберхананы кеңейтіп, одан әрі дамытуға күш салмақ.

«Енем анамдай болып кет­­кен ақылды, парасатты, ең­бек­қор жан еді. Шыны керек, осы­ған дейін тігін тігу жағын біл­мей­тін­мін, енемнің жанында жүріп үй­рендім. Бүгінде бұл іске үл­кен махаббатпен кірісемін. Алға қойған мақсатымыз көп. Са­ты­лым айналымын өсірсек, жұ­мыс орындарын көбейтсек, өзі­міз­дің дүкенімізді ашып, таза эко­ло­гия­лық тауарымызды қаза­қы на­қыш­та шетелдерге экспорт­тап, «Мақта қыз» өнімдерін брендке айналдырсақ деген арма­ны­мыз бар. Бастағанда арман еді, арманымыз мақсатқа айналды. Алда жұмыс көп, тек ең­бек­тенуіміз қажет», дейді кә­сіп­кер келін ағынан жарылып.

Жас кәсіпкер мемлекеттің ша­ғын және орта бизнесті дамы­туға арналған жобалары аясын­да құрылғыларымызды төмен­гі пайызбен несиеге алған. Қо­сымша жұмыспен қамту орта­лы­ғы жұмысшыларды жала­қымен демеп отырады. Бұл тұр­ғы­да мемлекеттік жобаларға өз алғысын білдіріп жатыр. Қазір тауарларға барынша жарнама жа­сап, басқа өңірлерге де сатуды ойластырып жүр.

Иә, қалай болғанда да ерін­бе­ген адам еңбекпен биікке шы­ға­ды. Жетісуда мұндай жас­тар көп. Түрлі салада өз бағын сынап жатқандарға облыс әкімдігі барынша жәрдемдесіп келеді. Мәселен, алғаш рет жас­тар­дың бастамаларын қолдау мақ­са­тында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына байқау жарияланды. Мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және IT салалары бойынша 100-ге жуық жоба қабылданып, соның ішінде 10 жоба қолдау тапты. Күні кеше «Jetisy jastary» орталығында сол жалынды жас­тарға қайтарымсыз 3 миллион теңгелік сертификат табысталды. Бұл өңірге Салтанат секілді іскер тағы да 10 жас кәсіпкер қо­сылды деген сөз.

 

Жетісу облысы