ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Павлодар облысына сапары барысында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәдениетке, руханиятқа, ғылымға қосқан үлестері туралы, сондай–ақ оған арналған жаңа еңбектер туралы баяндамалар жасаған мәшһүртанушылардың республикалық жиынына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жақында біздің министрлік ақын шығармаларының екі томдық жинағын шығарып, Астанадағы Ұлттық кітапханада тұсаукесерін ұйымдастырған болатын. Сондықтан біз осы кітаптарды өңірлерге таратып, барша қазақстандықтарға қолжетімді болуы үшін күш саламыз», деді өзінің телеграм парақшасында Асхат Оралов.
Мәдениет және спорт министрі Павлодар облысының Баянауыл ауданында өткен ғұламаның 165 жылдығына арналған іс–шараларға тоқтала келе: «ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, салтанатты іс-шараны ашты. Естеріңізге салайын, санаулы күн бұрын ғана Президент Павлодар облысына келіп, маңызды тапсырмалары қалай орындалып жатқанын жеке бақылап кеткен еді», деп атап өтті.
«Мұндай іс-шаралардың мақсаты - халқымыздың ұлы тұлғаларының рухани мұрасын сақтау және насихаттау. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосып, ұлттық құндылықтарымызды нығайту үшін еңбек етті. Мұндай адамдар, сөзсіз, бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Сондықтан біздің министрлік асылдарымыздан қалған мол мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында жұмысын одан әрі жалғастырады», деп жазды министр өзінің телеграм парақшасында.