• RUB:
    5.28
  • USD:
    480.61
  • EUR:
    534.53
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Тамыз, 2023

«El sport» ұйытқы болған ерекше марафон

380 рет
көрсетілді

Абай күні мерекесі ұлы ақынның туған жерінде үш күнге ұласқан түрлі мәдени іс-шаралармен ел есінде қалды. Соның ішінде шоқтығы биігі Абай облыстық әкімдігінің, денешынықтыру және спорт басқармасы мен Әлихан Бөкейхан және Шәкәрім университеттерінің, түрлі деңгейдегі демеуші компаниялар мен кәсіпкерлердің қолдауымен, «El sport» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен елімізде тұңғыш рет өткі­зілген ультрамарафон болды. Ғалым әрі танымал марафоншы Рамазан Салықжановтың жетекшілігімен жүзеге асқан ультрамарафонға елімізден және шет мемлекеттерден барлығы 16 спортшы қатысып, «Семей-Жидебай-100 миль» (160 км) және «Семей-Бөрілі-50 миль» (80 км) қашықтықта бақ сынады.

«ABAI» халықаралық әуежайының алдынан 9 тамыз күні бастау алған марафон 10 тамыз – Абай күнінде Жидебайдағы ақын кесенесі жа­нын­да аяқталды. Қалай десек те 160 шақырымға жүгіруге екінің бірі тәуекел ете бермейтіні белгілі. Дегенмен жігерін жанып, намысын ту еткен азамат Нұркелді Аман есімді қандасымыз бұл қашықтықты 15 сағат 32 минут 58 секундта артқа тастап, ультра­мара­фон чемпионы атанды. Ол сондай-ақ жарыс демеушілері тіккен 500 мың теңге қаржылай сыйақыны қанжығасына байлады.

Ал 80 шақырымға межеленген «Семей-Бөрілі» бағытын бетке алған марафоншылар арасынан аста­на­лық әлеуметтанушы ғалым, профессор Асқар Жаңа­бер­геновтің бағы жанды. Ол бұл қашықтықты 6 сағат 23 минут 24 секундта жүгіріп өтіп, ультра­­­­­­ма­р­а­фон чемпионы атанып және 300 мың теңгеге ие болды.

Әлихан Бөкейхан университетінің басшылығы да спорттық іс-шараға қолдау көрсетіп, алдыңғы орын­дардан көрінген марафоншыларға 100 мың теңге көлемінде жүлде ұсынды. Оны университет про­рек­то­ры Азамат Азатұлы табыстады. Марафон аяқталған соң­ Рамазан Салықжановты әңгімеге тарттық.

«Жалпы, бұл марафонды ұйымдастыру идеясы «El sport» қоғамдық бірлестігінің тарапынан туын­­дап, оның жүзеге асуына Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық спорт және дене­шынықтыру басқармасының басшысы Ержан Әбілқа­сымов, облыстық бұқаралық спорттық шара­лар өткізу орталығының директоры Нұрлан Рахым­баев, өзге де ел азаматтары жан-жақты қолдау көр­сет­кенін атап өткім келеді. Марафонда жүйріктер лайықты марапаттарға ие болды. Жалпы, осындай мара­фонды түрлі сериямен жалғастыруды қолға алып жатырмыз. «El sport» қоғамдық бірлестігінің құра­мындағы азаматтарды айта кеткенім жөн бо­лар.­ Бірлестікте «Спорт және қоғам» орта­лы­ғы­ның­ басшысы Мұхтар Есқалиев, ғылыми сарапшылар комиссиясында белгілі ғалымдар және бір­неше спорттық клубтардың бас­шы­лары бар. Бұл республикалық қоғамдық бір­лес­тік биыл мамыр айында құрылды. Әрі қарай спорт­тық бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра бере­тін боламыз», дейді «El sport» қоғамдық бірлестігінің бас­шысы Рамазан Саттарұлы.

 

Абай облысы

Соңғы жаңалықтар