• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2023

Озаттарды үкілеген «Жалын»

204 рет
көрсетілді

Қатарынан оза шапқандар қа­шанда қошеметке лайық. Әсі­ресе балаларға бұл – таптыр­мас мотивация. Келесі бір бас­палдақтың бастаухаты десе де болады. Осы ретте Ақши ауы­лындағы «Жалын» жазғы сауық­тыру лагері ресми түрде ашыл­ды. Үздік оқушыларға сый-құрмет көрсетіліп, думанды кеш ұйымдастырылды.

Лагерьдің ашылуына қатысқан об­лыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен ондағы шығармашылық үйін аралап, дарынды балалардың қолөнер және сурет көрмесімен танысты. Нысанның ішкі жағдайын бағамдап, жатын бөлмелерін, асханасын аралап көрді, балалармен тілдесті. Салтанатты шарада балаларды құттықтаған аймақ басшысы өңірде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

– Халықаралық, республикалық бәсекелерде топ жарған өнерлі, бі­лімді 100 бала «Жалын» лагеріне жиналып отыр. Біз балалардың заманға сай білім алуына, пайдалы демалы­сына ерекше басымдық береміз. Қа­зір ғылым мен техниканың зама­ны. Білімді, технологияны жақсы мең­герген жастары бар мемлекет қана озық болады. Алдағы уақытта да білім мен өнер жарыстарында Қа­зақ­станның, Жетісу облысының мәр­тебесін көтеріп, жетістіктерге жете беріңіздер. Жазғы демалысты тамаша өткізіп, оқу жылына жаңа серпінмен, күш-жігер жинап келулеріңізге тілектеспін, – деді Б.Исабаев.

Ақжарма тілектен кейін облыс басшысы халықаралық және рес­пуб­­ли­калық зияткерлік шаралар жеңім­­паздарын марапаттады. Соның ішінде республикалық «Бастау» олим­пиадасында І орын алған Көксу ауданы Қ.Жалайыри атындағы мек­тептің 3-сынып оқушысы Жанбота Болатқа және халықаралық «Туй­маада» олимпиадасының ІIІ орын иегері, М.Арын атындағы №24 ма­мандандырылған лицейінің 10-сынып оқушысы Ақбота Жұмабековаға 300 мың теңге табыстады. Бұдан бө­лек, халықаралық «Айбын – 2023» әс­кери-патриоттық жастар жиынын­да жүлдегерлер тұғырынан көрін­ген Талдықорған қаласындағы Б.Жол­барысұлы атындағы №18 орта мек­теп-лицейінің әскери-патриоттық «Жас десантшылар» клубына 500 мың теңге тарту етті. Сондай-ақ Өз­­­бек­­­станда өткен халықаралық хоре­о­­графиялық өнер байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Көксу ауда­нындағы «Өнер» мектебінің «Кер­без» жоғары би тобына және қыз­дар волейбол командаларының арасындағы республикалық ұлттық мектеп лигасының жүлдегер атанған командасына 1 млн теңге берілді. Тынығушы оқушылар атынан Нұра­сыл Шәріпов құттықтау сөзін жеткізіп, балалар флешмоб биледі.

Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жалын» жазғы сауық­тыру лагері әрқайсысы 20 орынға ар­налған 5 корпустан тұрады. Нысан­ның құрылысына 1 млрд 15 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Дәулет-Серпін» ЖШС жүргізді. Ғимараттың жалпы алаңы 11 709 шаршы метр. Бір ауысымда 100 ба­ла қабылдай алатын лагерьде 100 орын­дық мәдениет үйі, 60 орындық ас­хана, 5 балалар ойын алаңы, 1 жат­­тығуға арналған спорт алаңы, 10 де­ма­­лыс орны бар. Материалдық-тех­­­никалық базасы жасақталып, ин­­те­р­ак­тивті тақта, компьютерлер, спорт­­тық ойындарға арналған жаб­­дық­тар, музыкалық аспаптар қойыл­ған. Қазір мұнда 13 адам жұ­мыс істейді, соның ішінде жүзу жетек­шісі, дене шынықтыру маманы, тәр­биеші, музыка жетекшісі сияқты ар­найы мамандар бар.

Лагерьдің бірінші ауысымын­да облыстағы халықаралық, респуб­ликалық олимпиада, ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздары мен спорт, өнер бағытындағы дарынды балалар демалып жатыр. Келесі ауысымда облыстағы әскери патриоттық клубтар, кадет сыныптары, «Жас сарбаз» қозғалысы және республикалық дебат қозғалысының жеңімпаздары қамтылады. Ал келесі жылы жаз мезгілінде мұнда 1 200 бала демалыс­пен қамтылады деп жоспарланған. Жалпы, биыл Жетісу облысында 10 мыңнан аса бала осындай қала сыртындағы лагерьде демалады.

 

Жетісу облысы