• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Тамыз, 2023

Табиғи апат салдарымен күрес жалғасып жатыр

279 рет
көрсетілді

Жетісуда нөсерлеп құйған жауын-шашынның салдарынан бірнеше елді мекенді ағын су басып, тұрғындар әбігерге түсті. Қуанышқа орай, қаза тапқандар жоқ, жауапты мамандар жанталаса жұртты қауіпсіз жерге көшірді. Жедел штаб құрып, облыс әкімі Бейбіт Исабаев арнайы жиын өткізді. Қазір, табиғи апат сейілгенімен, жетісулықтарға әлі де сақ болған жөн.

Бейуақ тоқтаусыз жауған жауын алқам-салқам халықтың төбесінен жай түскендей әсер етті. Жолға шыққан жолаушылар қайда барарын білмей, жаңбырдың басылғанын күткенімен, жағдай ушығып кетті. Сайдағы ауыл көшелерін су басып, үйдің іргесі лайға толды. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевтың төрағалығымен жедел штаб құрылып, құтқару жұмыстары жүргізілді.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, түскі сағат 12:36-да Ескелді ауданының Ешкіөлмес ауылында аулаларға су кіргені туралы қоңырау түскен. Аталған ауылда 40 аулада осындай жағдай орын алған. Осындай ақпарат сағат 13:54-те Көксу ауданы Мәмбет ауылынан да түскен. Бұл ауылда 5 ауланы су басқаны анықталды. Одан бөлек «Талдықорған – Үштөбе» облыстық маңыздағы автокөлік жолының 35-шақырымында нөсер жауынның салдарынан еңіс ағыны пайда болғаны белгілі болды. Соның салдарынан тюбинг өткелі жолға құйылған биіктігі 10-15 см жауын суының екпініне шыдамаған. Жаңбыр суы Қаратал өзенінің түсіру арнасына кетеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір оқиға орын алған елді мекендерде ТЖД күші мен құралдары жұмылдырылған. Соның ішінде арнайы құралдармен жарақтанған 103 құтқарушы мен арнайы техникалар іске кірісті. Оған қоса ПД, жергілікті атқарушы органдар, «Қазселденқор­ғау» мекемесі, 18386 әскери бөлімі, т.б. құрылымдар жұмылдырылды. Қазір оқиға орындарында инженерлік жұмыстар, ішінара тұрғындарды эвакуа­циялау, су шығару жұмыстары жүріп жатыр.

Ескелді ауданының Ешкіөлмес және Абай ауылдарындағы төтенше жағдайға байланысты аулаларын су басқан ауыл тұрғындарын аудан әкімдігі Жедел штабтың шешімімен Қара­бұлақ ауылындағы Шестаков атындағы мектепке орналастыра бастады. Оларға сол жерден ыстық тамақ, жатын орын ұйымдастырылады. Аудан әкімдігінің мәліметінше, қазіргі кезде 19 адам мектепке жайғастырылды. Оның 10-ы ересек адам, 9-ы бала.

Ескелді ауданының әкімдігі Төтенше жағдай департаментімен бірге нөсер жауыннан болған төтенше жағдайдың салдарын жоюға бар күш пен техниканы жұмылдыруда. Сонымен қатар арық жүйелерін тазарту мен аулаларды батпақтан тазарту жұмыстарына Ұлттық гвардияның 5514 әскери бөлімі, Қорғаныс министрлігінің 18386 әскери бөлімі тартылды.

Жедел штаб Жетісу облысының ПД-сына тонаушылықты болдырмау үшін қоғамдық тәртіпті сақтау міндетті. Ескелді аудандық әкімдігі келтірілген шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрды, комиссия шығынды анықтау үшін елді мекендердің аулаларын аралап жүр. Су басқан тұрғын үйлердің жай-күйін зерделеудің нәтижесінде төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қаржы бөлу мәселесі қарастырылады.Өз кезегінде ТАТЭК мекемесі де электр желілерін тексеріп, елді мекен­дер­ді электр жүйесіне қосу жұмыстарын атқарады.

Қаратал ауданында нөсер жауын мен қатты желдің салдарынан зақымдан­ған электр желісі қалпына келтірі­ліп, ауданға электр жарығы берілді. Ал Елтай ауылдық округіне қарасты Абай ауылының үзілген электр желісіне апат­тық бригада жөндеу жүргізуде. Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Әсет Қанағатовтың сөзіне сүйенсек, Талдықорған – Үштөбе 110 КВ жоғары вольтты желісінің бойындағы апаттық орынды кезекші бригада сағат 15.05-те анықтап, қалпына келтіру жұмыстарын атқарғаннан кейін сағат 19.05-те Қаратал ауданына тұтастай электр жарығы берілген. «Оған дейін біз Қаратал ауданының өмірлік маңызы бар нысандарын Көксу ауданының желісі арқылы электрмен уақытша қамтыдық. Қазір ауданға электр жарығы толық үзіліссіз берілді», деді Ә.Қанағатов.

Сонымен қатар «Талдықорған –Үштөбе» автожолының 35-шақырымында болған электр желілерінің үзілуі мен бағаналардың зақымдануы салдарынан жол аралығындағы Абай ауылының да жарығы сөнген болатын. Бұл жерде 7 бағана зақымданып, 13 аралық үзілген. Осыған байланысты қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

 

Жетісу облысы