• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Тамыз, 2023

Сайлаушылар аманаты депутаттарға қандай міндет жүктейді?

214 рет
көрсетілді

Сенат пен Мәжіліс депутаттарының кезекті жазғы демалысы аяқ­талуға жақын. Жылдағы дәстүрге сай шілденің шіліңгірі бас­тал­­ғанда олар еліміздің әр аймағына іссапарға шығып, жергі­лікті мәс­ли­хат­тардың депутаттары, түрлі мекеме ұжымдары, қарапайым тұрғындармен кездесіп, өкпе-наздарын тыңдап, қоғамды алаңдатқан сан қилы проблеманың шешу жолдарын талқыға салды.

Депутаттар алдында көтеріл­ген түйткілді мәселелердің қата­рында елдің алдағы жылыту маусымына дайындығы, халықты сумен қамтамасыз ету, білім беру, денсаулық сақтау, экология, жолды жөндеу сынды күн тәртібінен түспей күйіп тұрған проблемалар бар. Мұндай кездесулер, әрине, жылда қайталанып жататыны белгілі. Дегенмен депутаттар­дың ел ішіне баруының ең бас­ты мақсаты халықтың мұң-мұқтажын көзбен көріп, алда басталатын кезекті сессияда сол мәселелерді шешуге атсалысу екенін естен шығармаған жөн. Осыған орай бізге ең маңыздысы – депутаттардың өңірлердегі кездесулері барысында жұртшылыққа берген уәделері және оны алдағы уақытта қалай орындайтыны. Кейбір адамдардың аузынан «Олар уәдені үйіп-төгіп береді де кетеді, бірақ артынан еш­теңені шешпейді» деген әңгі­мені құлағымыз жиі шалып қа­латыны рас. Бірақ бұл – көбі­не «ескі Қазақстанда» айты­лып жүрген әңгіме. Ал бүгінгі көптеп-көлемдеп құрып жатқан Әділетті Қазақстанда құрғақ уәдеден зәрезап болған қарапайым халықтың берілген уәденің іс жүзінде орындалуын көретін күні бар ма?

Жылыту маусымына дайындық қалай?

Өткен қыста Екібастұз қаласының тура ма­ғынадағы «мұз дәуірін» бастан кеш­кенін көрген ел күз маусымы жа­қындаған сайын елдің жылыту маусымына дайындық жайына алаңдаулы. Жуырда Павлодар облысына барған Президент қалаға арнайы ат басын бұрып, жер­гілікті жұртшылық­пен кез­десті. Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағдайда шы­дамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық бел­сенділік көрсеткені үшін екі­бас­тұздықтарға алғыс айтуды да ұмытпады. Осы орайда Сенат пен Мәжіліс депутат­тары да өңірлердің қысқы мау­сымға дайындығын назардан тыс қалдырмай, бірқатар елді ме­кеннің жылу қазандық­та­рын тек­серіп қайтты. Әсіресе қы­сы қы­тымыр келетін солтүс­тік ай­мақ­тарға көңіл бөлінгені көрініп тұр.

Соның бірі – Екібастұз қаласына ат ба­сын бұрған сенаторлар Ернұр Әйт­кенов пен Алтынбек Нухұлы қа­ла­дағы барлық 10 қазандықты жөн­деу қарастырылғанын, оның ішінде 8 қазандықта күрделі жөндеу жұ­мыстары жасалатынын білді. Қысқа да­­йын­дықтың жай-жапсарымен та­ныс­­­қан парламентшілер Екібастұз халқы қыста жаурамас үшін «Бұл жұ­мыс­тардың уақытылы аяқ­та­л­уын өз ба­қылауларына аламыз», деп уәде бе­ріп кетті.

Бұдан бөлек, сенатор Айнұр Арғын­бекова Семей қаласының, ал Мә­жі­ліс депутаттары Бауыржан Сма­ғұлов пен Арман Қалықов Балқаш қаласының жылыту маусымына дайындығын тексерді. «Қаланың барлық жылу желісін нормативтік күйге келтіру – облысымыздың басым міндеттерінің бірі және ол бірнеше жылға есептелген ауқымды жұмыс. Біз өңірден сайланған депутаттар ретінде бұл мәселені де бақылауда ұстайтын боламыз», деді сенатор. Мәжілісмендер болса Балқаш қаласын жылыту жұмыстарында туындаған проблемаларды назарға алуға уәде беріп, сындарлы жұмыс жүргізуге дайын екендерін жеткізді.

Суға қолы жетпей тұр...

Кейінгі жылдары Астанадан бас­тап шалғай ауылдарға дейін жұрт­шы­лықтың наразылығын тудыр­ған проблеманың бірі – ауыз су тапшылығы. Шеткері жатқан елді ме­кен­дерде ол бұрыннан бар мәселе. Бірақ биыл аталған проблема Астанада туындайды деп кім ойлаған? Бәлкім содан болар, биыл су тапшылығын жою туралы Президенттен бастап барлық деңгейде жиі айтыла бастады. Өңірлерге сапарлаған Мәжіліс депутаттары да бұл мәселені назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше шешуге атсалысатындарын айтып, уәделерін беріп жатыр.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов су мәселесіне ша­ғым­­­данған Целиноград облы­сы­ның шаруаларымен кездесуден кейін Нұра топтық су құбы­рын қайта жөндеу жұмыстарын ба­­­­­қы­­лауға алуды тапсырған болатын. Соның ізін ала «Ауыл» пар­­­тиясы фракциясының мүшесі, Аг­рар­­­лық мәселелер комитетінің төра­ғасы Серік Егізбаев Ақмола облы­сының Егіндікөл ауданындағы Нұра топтық су құбырының қайта жөн­деу жұмыстарымен танысты. Ал Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау Қостанай облысындағы Бейімбет Майлин ауданының ауылдарына барып, таза ауыз сумен қамту жұмыстарын көзбен көрді.

Жамбыл облысында Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров Жуалы ауданының Қошқарата ауылдық округінде болып, 30 жылдан астам су көрмеген Қызтоған ауылында ауыз су жүйесін тарту жұмыстарын назарға алды. Мәжілісмен халықтың әл-ауқат деңгейіне тікелей әсер ететін өзекті мәселеге баса назар аударып, құрылыстың сапасы өз назарын­да екенін айтты. Сонымен қатар Мәжі­ліс­тегі «Amanat» фракциясының мү­шелері Айна Мысырәлімова мен Наталья Дементьева Ақмола өңіріндегі 900 тұрғыны бар Домбыралы ауылында 16 шақырым су құбырын жөндеу жұмыстарымен танысты.

Аймақтардағы ауыз су мәселесін көздерінен таса қылмайтынын айтқан депутаттар жергілікті жұрт ал­дында қордаланған проблеманы ше­шуге атсалысамыз деп уәде беріп, ауылдағы ағайынның сөнуге айналған үміттерін қайта үрлеп жаққандай. Енді айтылған сөз іс жүзінде орындалса кәне?

Ауылдың алуан ахуалы

Жалпы, ауылдық жерде жұртты алаңдатып отырған мәселе тек ауыз су ғана емес. Одан да бөлек шеші­мін күткен шаруа жетерлік. Елді ме­кен­дердегі әлеуметтік нысандар құ­рылысы, халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, жол салу мәселелері, т.б. Жазғы іссапарларында сенаторлар мен мәжілісмендердің ауылға бет бұру­ларының басты себебі де сол.

Мәселен, Түркістан облысының Ордабасы ауданына барған Сенат депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев бірқатар елді мекендегі маңызды стратегиялық нысандар мен фермерлік шаруашылықтардың жай-күйін көрді. Ал Алматы облысында сенатор Сұлтан Дүйсембинов Еңбекшіқазақ ауданы тұрғындарының назын тыңдады. Ол ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­шілердің жұмысымен танысып, шар­уа­­лардың күрделі мәселелерін ше­шуде заңнамалық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысының Шемонайха ауданында сенаторлар Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов шаруа қожалықтарының өкілдерімен кездесіп, барлық проб­лемалық мәселені назарда ұстай­тын­дарын жеткізді. Ал Қызылорда облысының Сырдария ауданына барған сенатор Руслан Рүстемов, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев өңірдегі жастардың жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында 7 ауылдық округте қайта құрылған жастар бригадаларын көрді. Бүгінде бұл бригадалар қатарында жұмыссыз, NEET санатындағы, пробация есебінде тұратын 200-ге жуық жас бақша дақылдарын егіп, еңбек етіп жатыр. Жастардың мемлекет тарапынан тыңайтқыш беру туралы өтінішіне депутаттар қолдау білдіретінін айтып, уәдесін берді.

Сонымен қатар сенатор Сағындық Лұқпанов Атырау облысындағы кәсіпкерлермен, Көктоғай, Есбол, Жарсуат, Ақ Жайық, Еңбекшіл және Махамбет елді мекендерінің тұрғындарымен кездесті. Ол ауылдар­дың проблемалары үнемі оның назарында екенін және оларды оң шешу жолындағы жұмысты жалғастыра беретінін атап өтті. Ал Қызылорда облысының Жалағаш ауданына барған Сенат депутаты Руслан Рүстемовтің алдында жергілікті тұр­ғындар Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарындағы Аққыр, Шобанқазған, Кәукей ауыл­дарына шекара маңы аймағының мәртебесін бекіту, Жүргенов ауылында мәдениет үйін салу, «Дип­ломмен – ауылға» бағдарламасын жетілдіру мәселесін көтерді. «Бұл проблемаларды біз бақылауда ұстай­мыз және қажет болған жағдайда заңнамалық өзгерістер енгіземіз», деп уәде берді депутат.

Бұдан бөлек, Абай облысындағы Аягөз қаласында аймақ тұр­ғын­дарымен кездескен сенатор Амангелді Тола­місов: «Сенаттың қазіргі кездегі не­гізгі міндеттерінің бірі – өңірлердің мүддесін білдіру. Осыған байланысты жергілікті маңызы бар проблемалық мәселелермен танысу аса маңызды. Сіздер көтерген барлық мәселені ұда­йы бақылауда ұстайтын боламыз», десе, Алматы облысының Қарасай ауданындағы үлеске берілген жерінен айырылған «пайшылар» әділет іздеп, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидан арашаға түсуді сұрады. Ауданға қа­расты бұрынғы «Каменка» асыл тұ­қымды мал зауыты тараған тұста бас­шылық жұмысшыларға 653 гектар жер берілетінін айтып, уәде берген. Дегенмен Қарасай ауданындағы мұ­­ра­ғат белгісіз бір себептермен өрте­ніп кетіп, «пайшылардың» құ­жаттары жойылып, жер алу мүмкін­ді­гінен айырылған. Ермұрат Бапи тұрғындардың пікірін тыңдап, алдағы уақытта бұл мәселені жіті қадағалап, кінәлілердің жауапқа тартылатынын жеткізді. «Сол кездегі бас­шылықтағы адамдар «пай­шы­лар­дың» жерін тартып алып, оны жан-жаққа бөліп, біразын сатып жіберген. Адамдар сатып алған жерлеріне үй салып тастаған. Сөйтіп, адвокат Ләззат Жапашева үйлерді заңсыз салды деп бейбіт тұрғындардың үйін бұзған. Бүгінде 500 адам 8 сотық жерді беруді талап етіп отыр. Осы мәселені күзге дейін шешіп беремін, не мандатты беремін», деді Ермұрат Бапи. Депутаттардың бәрі көтерілген проблемаларды шешуде сөзбұйдаға салмай, дәл осы кісідей нақты жауабын берсе кәне?

Ауылдағы көкейкесті мәсе­ле­лердің тағы бірі – өртке қарсы қыз­метті жетілдіру. Биылғы Абай облы­сын­дағы трагедиядан кейін жан-жақтың бәрі қыбырлап әрекет етіп, өрт сөндіретін техникаларын тексерумен әлек. Шығыс Қазақстан облысына сапарлап барған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «Зайсан орман шаруашылығы» ор­ман­­шылармен кездесуінде меке­менің өрт сөндіруге арналған техни­каларының тозығы жеткендігін көріп қайтты. «Біз әлі күнге дейін ескі-құсқы құрал-жаб­дық­тармен жұмыс істейміз. Сіз­дер­ден осы мәселенің шешілуіне ықпал жасауларыңызды сұраймыз», деген Орман өрт сөндіру стансасының басшысы Аманбек Жасаровтың өті­нішіне депутат: «Бұл мәселе бойын­ша Мәжіліс депутаттары тиісті министр­ліктің жұмысын назарда ұстайтын болады», деп жауап қатты.

Шекаралық аудандар – шетін мәселе

Биыл Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысының стратегиялық маңызға ие шекаралық аудандарды дамыту туралы айтқаны белгілі. Осыған орай Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов халық­пен кездесуін Абай облысының Мақаншы ауылынан бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев та осы Мақаншы ауданын қалпына келтіру туралы шешім қа­был­даған болатын. Нұртай Са­билья­нов мал өсіру, егін егу, инфра­құ­ры­лым­ды дамыту, көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, аталған істер депутаттар назарынан тыс қал­май­тынын жеткізді.

Ал Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік коми­тетінің мүшелері Максим Рожин, Олжас Құспеков, Болат Керімбек және Самат Нұртаза халықпен жай кездесуден гөрі шекарашының қыз­метін атқарып көруді маңызды деп тауып, Қытай және Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекарада курсанттармен бірге 10 күн қызмет етіп қайтты. Олар шекара қызметіндегі артықшылықтар мен кемшіліктерді байқағандарын айтады. «Елордаға әр сарбаздың, әр офицердің мәселесін жеткіземіз. Күрделі проблемалардың бірі – офицерлер жалақысының төмендігі, орта есеппен 170-220 мың теңге. Бүгінгі нарықпен бұл өте аз. Тұрғын үй, әлеуметтік қам­сыздандыру мәселелері бар. Әрбір заставада тиісті техникалық құралдардың болуы маңызды. Дрон­дар, заманауи қару-жарақ, көлік болуы керек», деді Самат Нұртаза. Депу­таттар ұлт­тық қауіпсіздік жү­йесін жетіл­діруге бағытталған жаңа заңна­малық бастамалар мен шараларды, жас­тарды отансүйгіштікке тәрбие­леу­дегі тәсілдерді, сондай-ақ әскерде қызмет ету жағдайларын жақсарту қажет­тілігін зерделеуді көздеп отыр­ғандарын айтып, сөз беріп қайтты.

Жол және интернет

Жол – шынайы өмірде адам мен адамды, қала мен қаланы байланыс­тырса, интернет – виртуалды әлемдегі байланыс әлемі. Бүгінде елімізде осы екеуінде де шешімін күткен түйт­кілдер бар. Батыс Қазақстан об­лы­сының алыс аудандарына апаратын жолдардың нашарлығы көптен айтылып келеді. Аймаққа сапармен барған Мәжіліс депутаттары Сне­жан­на Имашева мен Нартай Сәр­сенғалиев осы мәселемен тағы да танысты. «Біздің негізгі мақсатымыз – халықпен бірге болып, алаңдатқан мәселелерді құзырлы мекемелерге жеткізіп, заңнамалық деңгейде де реттеуге ықпал ету», деді олар.

Ал Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Ақмола және Қарағанды об­лыс­тарындағы ауылдарға барғанда жол және интернет мәселесінің ақсап тұрғанын байқапты. «Жаңа технология, цифрландыру, қолжетімді электронды қызмет көрсету – ауыл тұрғындары үшін таңсық ұғымдар. Алдағы уақытта бұл мәселені тиісті органдармен бірлесіп, шамам жеткенше шешіп беруге уәде бердім», деді Қ.Әбден.

Бұдан бөлек, депутат Бақтықожа Ізмұхамбетов Атырау облысында ірі мұнай-газ кәсіпорындары бас­шы­ларымен өңірдегі өзекті мәсе­лелерді талқыласа, Мәжіліс де­путаттары Амантай Жарқынбек пен Нұржан Әшімбетов Павлодар облысында ауылдардағы денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйімен таныс­ты. Мәжіліс депутаты Ерлан Абдиев Түркістан облысы Қазығұрт ауда­нының Аманкелді елді мекеніндегі мектеп құрылысын бақылап: «Бұл нысан партия тарапынан қазір толық бақылауда. Біздің қазір осында келу мақсатымыз – жұ­мыс­тарды өз көзі­мізбен көру», деп құрылыс жұмыс­тары аяқталғанша оны көзден таса қылмайтынын жет­кізді.

Біз бұл мақаламызда Сенат және Мәжіліс депутаттарының барлық кездесулерін қамти алмадық. Деген­мен негізгілерін бір шолу арқылы жұртшылық алдында көп ізгі ниетті уәде берілгенін байқап отырмыз. Оның бәрі орындалатын болса, елдің әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарып, халықтың билікке деген сенімі артары сөзсіз.