Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен Гран-при турнирі аяқталды. Бұл жарысты ел құрамасы алты жүлдемен қорытындылады.
60 кило салмақ дәрежесінде белдескен Айдос Сұлтанғали алтын алса, 55 кило салмақтағы Марлан Мұқашев күміспен күптелді. Ал Мейіржан Шермаханбет (67 кило), Ибрагим Магомадов (72 кило), Демеу Жадыраев (77 кило) және Әлімхан Сыздықов (130 кило) үздік үштікті түйіндеді. Айдос – 2018 және 2022 жылдары өткен әлем чемпионаттарында қола медальды мойнында жарқыратып, 2021 жылы құрлықтың теңдессізі деп танылды. Демеу мен Мейіржан – әлем чемпионаттарының қола жүлдегерлері. Әлімхан былтыр Ұланбатырда Азия чемпионы атанса, Ибрагим биыл Алматыда дәл сондай атаққа қол жеткізді. Марлан – бірқатар халықаралық жарыстардың жеңімпазы.
Атланта Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы Юрий Мельниченко жаттықтыратын Қазақстанның ұлттық құрамасы Гран-при турнирінің жалпы есебінде үшінші орынды иеленді.