• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Тамыз, 2023

Тегінде, тегін бе еді Ақан сері! Бұл да бір емес пе еді елдің ері...

405 рет
көрсетілді

Қазақтың дүлдүл ақындары­ның бірі Ілияс Жансүгіров осылай жырлаған арқаның ардагері – ақын-сазгер, әнші-мерген, құсбегі-атбегі, сал-сері болып, бір өзі бір театрдың қызметін атқарған Ақан серінің 180 жылдық мерейтойы туып-өскен жері Солтүстік Қазақстан об­лысының Айыртау ауданында кеңінен аталып өтті.

Облыс әкімінің орын­басары Сәтжан Аблалиев бас­та­ған қоғам белсенділері, ақын-жазу­шылар, депутаттар қатысқан тойдың сал­танатты ашылуы Ақан ауылын­да болғанымен, мерекелік іс-ша­ралар бір күн бұрын аудан орта­лығы Саумалкөлдің Ақан сері атын­дағы аудандық мәдениет үйін­де республикалық ақындар ай­тысымен басталды. Оған еліміз­дің түкпір-түкпірінен 12 ақын қатысты.

Қостанайлық Айбар Рағатов пен көкшетаулық Нұрислам Әбділ шу дегеннен айтыстың додасын қыздыра түсті. Неше түрлі көркем тіркестер, әсем өрнектер көрермендерді бірден баурап алды. Ұсақ дүниелер емес, көңіл көкжиегін айқара ашқан тір­кестер түйдек-түйдегімен ағы­тыл­ды. Мы­салы, Нұрисламның «көңіл­дің көтерейік заңғар көгін», Ай­бардың «Бір сәтте бір сөз таппай қал­ған ақын, Бір ғасырға ақымақ ата­нады» деген өлең жолдары көрерменнің көңілін аспанға көтеріп, күнделікті күйбеңнен алыс­татып, жүрекке шат сезім құйды. Ақмолалық Ерлан Дәулет пен қызылжарлық Жұмабек Рахимовтың сөз сайыстары да сұлу, тапқыр ойларымен тең түсіп жатты. Қыз бен жігіт болып айтысқан алматылық Ақбота Манарбекова мен айыртаулық Дәулет Құрмаштың жарасты айтысы да көрерменді тәнті етті. «Көк тракторды дырылдатып жүрген едім Қара домбыраны дүңгірлетіп келіп қалдым...» деген жас ақын Дәулет «домбыраға шорқақ едім», дей отырып қыздың сұрауымен аспабын әсем күмбірлетіп, Ақан­ның «Балқадишасының» тра­гедиялық әнімен залды күңірентіп, өз өлеңін шырқап берді...

Жас ақындар Диас Аяған мен Нұрбек Бәкірдің айтысы да көрер­менді тәнті етіп, күлкіге қарқ қыл­ды. Әскерге барудан қашып, той өткізумен жүретін құрдасы Нұрбекті «Шоң билердің ұрпағы бүгінгі күн, Той жүргізетін шоумен болып кеткен бе» деген Диасқа Нұрбек те өзінің шымшымасын аямады... Айтыстың кульминациясы қарағандылық Мақсат Ақанов пен астаналық Әсем Ережеқызының сөз додасы болды. Бір-бірімен айтыста үнемі жұптасып қалатын екеуінің жарасты әзілдері көрерменнің көңілінен шығып жатты. 

Ақындардың өткір тілі әлеу­мет­тік мәселелерді де қалыс қал­дырмады. Мәдениет үйінің аты әлі күнге Ақан серінің атына рес­ми түрде берілмегені де айты­лып өтті. Кейбіреулердің Ақан серінің ұстазы Сегіз серіні жоқ­қа шығарып жүргені де сын тезіне ілікті. Сонымен бірге осындай аламанға залдың көрерменге лықылдай толмағанын қағытып өткен ақындар да болды. Шынында, айтысқа негізінен осы аудан мен Көкшетау қаласынан ғана көрермендер келген екен. Оның бір себебі ауылдар жолдары­ның әлі толық жөнделмей жатқан­дығы болса, екінші себеп облыс орталығының жыр сүйер қауы­мын автобуспен әкелуді ұйым­дас­тырмаған басшылар ісінің шалалығы екені даусыз. 

Атақты ақын Дәулеткерей Кәпұлы бастаған әділқазылар ал­қа­сы көп салғыласып, ұзақ уақыт ойласып ақыры бас жүлдені қы­зыл­жарлық Жұмабек Рахимовқа беруді дұрыс деп шешті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей бұл жолы бақ Жұмабекті тапқандығы да әділетті болды ғой деп ойлаймыз. Он жасынан айтысқа қатысып жүрген ол бұған дейін аламанды жарып, бас бәйге алмаған екен. Бұл жолы 600 мың теңгелік бас бәйгені қанжығасына байлады. Жыр додасын жақсы ұйымдастырған Жарқын Жұпарханға да көрермен алғысын аямады.

Екінші күні Ақан серінің асы «Қонысы Абылайдың бір күн­дегі / Қазақтың әсем жері Ар­қа­сында» деп Ілияс ақын «Құла­гер» поэмасында жырлаған Са­ры­­арқаның төсіндегі, сері ауы­лының маңындағы кең жазық­та жалғасқанын жоғарыда айт­тық. Мұнда алқа қонған ауылдай болып, қазақтың 10 киіз үйі тігі­ліпті. Солардың төріндегі кең сахнада тойдың салтанатты ашылуы болып, арты осы өңір өнерпаздарының концертіне жалғасты.

Спорттық алаңдарда қазақ кү­ресі болды. Қазақ күресінде сал­мақ категориялары бойынша қызыл­жарлық Намық Нәбиев, Жам­был ауданынан келген Мұха­мед Халелов, айыртаулық Нұржан Қылмидинов, қызылжарлық Батырхан Қайырбек чемпион атанды. «Түйе балуан» атағын айыр­таулық Әсет Жүнісов жеңіп алды. Қазақтың тойы бәйгесіз өткен бе? Алқалаған халықтың қанын қыздырған ат дүбірінің бәйгесі төрт түрлі қашықтықта болды. Құнан бәйгеде ақмолалық Ай­сұлтан Сағынбек, жорға жарыс­та алматылық Ділнұр Нұрмұқан, орта қашықтықта ақмолалық Айбол Бектенов, ал аламанда алматылық Еділ Таймерденовтің аты бірінші келіп, бәйге алды.

Сөйтіп, кең даланың төсін дүбір­летіп Ақан серінің асы берілді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы