Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің ҚХР-ға жұмыс сапары ең ірі экономикалық және өнеркәсіп орталығы саналатын Шэньчжэнь қаласынан басталды. Мұнда «Global Fortune» 500 әлемдік рейтингіне кіретін 10 қытайлық компанияның кеңселері орналасқан. Онда осы тізімге кіретін екі конгломерат – «Amer International Group және Huawei technologies» басшылығымен кездесу өтті.
«Amer International Group» негізін қалаушы және басқарма төрағасы Ван Вэньинмен кездесу барысында вице-премьер екі ел арасындағы бизнес тығыз достық серіктестікте дамуға тиіс екенін атап өтті.
«Компанияның металл өңдеумен айналысатынын, шикізатты өңдеудің жеткілікті терең үдерісін енгізгенін білеміз және бізге Қазақстанда металл өңдеу өндірісін ұйымдастыруға көмектесуді ұсынамыз. Қазақстан осы салаға инвестиция салуға мүдделі. Ұлттық заңнамаға сәйкес Үкімет инвестициялық келісімшарт жасасу арқылы инвестициялық преференциялар береді. Жаңа инвестициялық құрал – инвесторларға ерекше жағдай, оның ішінде тұрақтылық ұсынатын Инвестициялар туралы келісім енгізілді. Сіздерді осы бағытта бізбен жұмыс істеуге, практикалық тұрғыда екіжақты ынтымақтастық орнатуға шақырамыз», деді С.Жұманғарин.
Қазақстанның Вице-премьері компанияны барлау мен өндіруден бастап металдарды өңдеуге дейінгі барлық үдерісті жолға қоюға қатысуға шақырды.
«Жартылай өткізгіштер өндірісіндегі біліммен бөлісіп, мамандарымызға металдарды өңдеу технологияларын үйретсеңіздер», деді Вице-премьер.
Өз кезегінде В.Вэньин қазақстандық тараптың ұсыныстарын жақсы қабылдады.
«Бүгін 200 қытайлық компанияның ішінде біз бірінші 20-ға, ал жекеменшік 100 компанияның ішінде үздік бестікке кіреміз. «Global Fortune» 500 әлемдік рейтингінде қазіргі уақытта жылына 100 млрд доллардан аса кіріспен 124-орында тұр. Өңдеу технологияларының арқасында біз шикізаттың құнын алдымен 10 есе, содан кейін 100 есе, ал кейбір тауар бойынша оның шикізатының бастапқы құнынан 1 000 есе арттырамыз. Егер бізге өндіруден қайта өңдеуге дейінгі жобаларға қатысуды ұсынсаңыз және Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде жеңілдіктер болса, онда біз осындай шарттармен қатысуға мүдделіміз», деді В.Вэньин.
Кадрларды даярлауға қатысты «Amer International Group» негізін қалаушы оның компаниясы инвесторлармен осы бағытта ынтымақтасатынын атап өтті.
Сондай-ақ В.Вэньин ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Тараптар қазақстандық делегация оралғаннан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ынтымақтастық үшін ұсыныстар пулын дайындап, қытайлық тарапқа қарауға жіберетініне келісті.
Сонымен қатар С.Жұманғарин «Huawei» компаниясының кеңсесінде болды. Компания кеңсесінің көрме залында қазақстандық делегация жоғары ағыннан төменге дейін, көмір өндіруде, тау-кен өнеркәсібінде, порт инфрақұрылымында және басқа да салаларда, миллион халқы бар қалалардың көлік және инфрақұрылымын басқаруда, мұнай өнеркәсібінің толық өндірістік циклі үдерісіне цифрлық шешімдер мен AI енгізу нәтижелерін ұсынды.
Мысалы, «Smart City Intelligent Operation Center» қала тұрғынының Үкіметтің уәкілетті органына өтінішін 30 минут ішінде құруға мүмкіндік береді, ал өтінімді орындау 24 сағатқа дейін созылады. «Smart Port» Тяньцзинь портындағы контейнерлерді тиеу кезіндегі ауыр жұмысты қашықтан басқару және бақылауға ауыстырды. Көмір шахталарында 5G+AI технологиясына негізделген «Coal Sheater Remote Control» арқылы жұмыс үдерісі толығымен жер бетінен басқарылады.
С.Жұманғарин «Huawei Technologies Co. Ltd.» атқарушы вице-президенті, сыртқы коммуникациялар департаментінің президенті Ван Цзянфэнмен кездесу барысында цифрландырудың соңғы трендтері мен қазақстандық цифрлық экожүйені дамыту үшін ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
«Әлемде танымал компаниялар көп емес. Бір кездері мен «Nokia» компаниясында болдым, ал қазір «Huawei-де» жүрмін. «Huawei» кейінгі жылдары жасаған үлкен ұмтылыс – Қытайдың өзі жасаған үлкен серпілістің көрінісі. Біз компанияның цифрлық технологияларды енгізудегі тәжірибесімен бөлісуіне өте мүдделіміз, цифрлық экожүйемізді дамыту үшін ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Биыл «Huawei Technologies» және ҚТЖ ұлттық компаниясы жаңа технологияларды пайдалана отырып, Қазақстандағы теміржол желісін цифрландыруға қатысты келісімге қол қойды. Бұл ынтымақтастық Қазақстанның сауда-көлік байланысын дамытуға оң әсер ететініне, Қазақстанның Орталық Азияның цифрлық хабына айналуына негіз болатынына сенімдімін», деп атап өтті Вице-премьер.
Өз тарапынан В.Цзянфэн қазақстандық делегацияның «Huawei» кеңсесіне келгені үшін ризашылығын білдірді. Компания өкілдері Қазақстанның «Цифрлық Қазақстан мен Еуразиялық хабқа апарар жолы» атты цифрлық дамуына қатысты өз ұсыныстарын берді.