Астанада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғысында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің сүйегін жақындарына тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оған Қорғаныс министрлігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, «Atamnyn Amanaty» ҚБ, «Әскери-патриоттық және іздестіру қозғалысы қауымдастығы» РҚБ өкілдері, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери қызметшілері қатысты.
Бейнеконференцбайланыс режимінде өткен шараға Петропавл қаласы мен Жетісу облысының Алакөл ауданы әкімдіктерінің өкілдері де қосылды.
«Бүгін соғыс майдандарында ерлікпен қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер туған топырағына оралды. Хабарсыз кеткендердің тағдыры олардың ұрпақтарын әлі күнге дейін алаңдатады. Олар аталары мен әкелерінен қандай да болса хабар күтеді. Ұрпағы үшін өз өмірлерін құрбан еткен барлық жауынгерлер мәңгі есімізде», деп атап өтті Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев.
Іздестірушілердің арқасында екі қазақстандық қызыләскер: 1913 жылы туған Иван Сурнин мен 1903 жылы туған Филипп Парасенконың тағдыры белгілі болды.
117 жеке атқыштар бригадасының қызыләскері Иван Филиппович Сурнинді «Поколение» іздестіру жасағының іздеушілері Тверь облысы, Оленин муниципалды округі, Дроничено елді мекенінен тапқан. Ол Солтүстік Қазақстан облысының Преснов аудандық әскери комиссариатынан шақырылған.
Алматы облысының тумасы Филипп Лаврентьевич Парасенконың сүйегін аймақтық «Фронтовые дороги» әскери-патриоттық іздеу клубының іздеушілері іздеп тапқан. Ол Алматы облысының Алакөл ауданынан шақырылған.
Солтүстік Қазақстан облысында Иван Сурниннің немересі Галина Самсонова тұрады.
«Атамыздың Отанына оралғаны үшін Қорғаныс министрлігі мен ресейлік іздеушілерге шын жүректен алғыс айтамын. Атамыз қызының жанына жерленеді. Анам әкесінің ауыр шайқаста қаза тапқанын білетін. Ол бұл туралы соғыстан аман оралған атамның қарулас досынан естіп білген», дейді Галина Тарасовна.
Өкінішке қарай, Филипп Парасенконың туыстары әлі табылмады. Оны қайта жерлеумен Жетісу облысы Алакөл ауданының әкімдігі айналысады.
Қайта жерлеу рәсімдері өңірлерде әскери құрметпен өтеді.