Балаларға арналған әдеби еңбектер, танымдық жинақтар қашанда ұлт үшін үлкен мұра. Себебі заман ағымы біз ойламаған кеңістікке бағыт түзеп барады. Ендеше, кез келген рухани кітап сау ақылдың бойтұмары. Мұны «Тәуелсіздік әліппесі» әліпбиін қарап та айтуға болады.
Аталған еңбектің авторы – Әнуар Қабдолдаұлы. Ол ұрпақтың қара танып, сауатын ашуына үлес қосып жүрген жандардың бірі. Жақында «Тәуелсіздік әліппесі» атты балаларға арналған әліпбиді жаңаша форматта жасап шығып, қазіргі уақытта соны насихаттаумен айналысып жүр. Айтуынша, бұл нұсқаны жасауға 8 жылын сарп етіпті. Оның ісін республикадағы белгілі педагогтер қолдап, әліпбиге оң көзқарас танытқанын айтады.
Автордың «Тәуелсіздік әліппесін» шығарудағы басты мақсаты мектепке дейінгі бүлдіршіндердің тәуелсіздік құндылықтарынан тәлім алып өсуіне жол ашу. Сонымен қатар олардың таным қабілеттерінің кеңеюіне септігін тигізеді деген сенімде.
Аталған әліппенің тұсаукесері Талдықорғандағы №42 балабақшада ұйымдастырылды. Іс-шараға шаһардағы балабақша қызметкерлері қатысып, салтанатты жиынның куәгері болды. Жиында облыстық оқу-әдістемелік дамыту орталығының мектепке дейінгі мекеме бөлімінің әдіскері Мақпал Асқарқызы сөз алып, лебізін білдірді.
Айта кетейік, әліпбиде 29 әріп көрсетілген. Ол жерден қазақы нақыштағы бейнелерді аңғаруға болады. Бүлдіршіндердің тез түйсінуі үшін ондағы суреттер айрықша қанық бояулармен әрленген.
Іс-шара барысында балабақша шәкірттері концерттік қойылым қойды. Ән шырқап, би биледі. Жаңа әліпбидегі әріптерді хормен әуендете шырқап, жиынға қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жетісу облысы