Бірде авантюристеу ойшыл Жан Ко «Статистика – барлық жалған ғылымдардың ең дәлелдірегі» деп, әрі-сәрі күйге түсіретін ой айтқан екен. Сондықтан кез келген статистикаға күмәнмен қарау санасы ояу қоғамның әрекеті болса керек-ті. Өйткені қазіргі статистикалық дерекке сенсек, «жағдайымыз жақсы біздің, жақсы біздің күйіміз де» болып тұр. Осы жайды безбендеп көрсек.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне жүгінсек, қазір елімізде жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыз. Салыстырмалы түрде қарасақ, АҚШ-та бұл көрсеткіш – 3,6 пайыз, ал Ұлыбританияда 4 пайыз шамасында. Сонда жұмыссыздық деңгейі бойынша біз азуын айға білеген алпауыт елдерге қарайлас тұрмыз. Алайда ұлттық экономиканың даму деңгейін, ІЖӨ көрсеткіштерін салыстыруға келе ме? Оның үстіне АҚШ-та экономикалық белсенді халықтың саны 167 млн, ал Ұлыбританияда 33 млн екенін ескеру керек. Яғни 167 млн немесе 33 млн-ның 3,6-4 пайызын еліміздің еңбек нарығындағы 9,5 млн-ның 4,7 пайызымен салыстыруға болмас.
2003 жылдан бергі ресми статистиканың көрсеткішіне қарап тұрсаңыз, елдегі жұмыссыздық деңгейі таудан түскен трамплиннің жолын еске түсіреді. 2003 жылдан 2023 жылға дейін, яғни 20 жылдың ішінде жұмыссыздар саны күрт азайып, жұрттың бәрі жұмысбасты болып қалған. Сонда ұлттық экономиканың бақуаттылығын халықтың еңбекпен қамту деңгейіне салып есептейтін болсақ, ел экономикасы жылдан-жылға өркендеп, халықтың тұрмысы жақсарып келеді деген сөз. Алайда кейбір сарапшылар «біздегі жұмыссыздық көрсеткіші 20-30 пайызға жуығы рас» дейді. Мұнысы өтіріктің ширегі ғана шындыққа жанасады дегенге сая ма, қалай?
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір еліміздегі еңбек нарығы 9,5 млн адамнан тұрады. Яғни халықтың тең жарымы жұмысқа жарамды және еңбек нарығында өз нәпақасын тауып жүр. Алайда мемлекеттік органдар жұмыссыздықтың ресми әрі бейресми дерегін жақсы біледі. Оның үстіне қазір барлығы цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Кімнің жұмыс істейтіні, кімнің табыс таппайтыны айдан анық. Мәселен, былтыр 12 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың әл-ауқатын жақсартуға қатысты, дәлірегі, осы еңбек нарығы жөнінде нақты мәселе айтылған еді.
«Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар. Негізгі құжат – Халық табысын арттыру бағдарламасы. Осы құжатты қазіргі жағдайлармен сәйкестендірген жөн», деген еді Президент.
Рас, қағаз жүзінде бәрі жұмыс істейді, алайда қоғамдағы көрініс басқаша. Әсіресе бұл жағдай жалпы халықтың орташа жалақысына қатысты көрсеткіштің төңірегінде де үнемі дау-дамай туындап жатады. Осы жерде бір кейс ұсынудың реті келіп тұр. Жуырда «еліміздің Ұлттық статистика бюросы өтірік сөйлейді» деген әңгіме шықты. Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаевтың Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиевке жолдаған сауалында халықтың табысы мен азық-түлік бағасы, жұмыссыздық бойынша ресми статистика шынайы өмірге сәйкес келмейді деп мәлімдеді. Тіпті Ұлттық статистика бюросы өтірікті сендіріп айтуға машықтанып алған, өмірдегі шынайы мәлімет пен статистиканың көрсеткішінде сәйкестік жоқ деп айыптады.
«Өтірікті сендіріп айтудың өзі – өнер» деген сөзді Статистика бюросы тура мағынасында түсінетіндей көрінеді маған. Статистиктердің ресми мәліметін оқысаң, Қазақстанда орташа жалақы Еуропаны өкшелеп қалған. Ал жұмыссыздық көрсеткіші бойынша Скандинавия елдерінен кем түспейміз. Дәл қазір азаматтардың ең басты проблемасы – азық-түлік бағасының шарықтауы. Қымбатшылық қарапайым халықты алқымдап тұр. Бірақ Ұлттық статистика бюросы 10 жұмыртқа – 490 теңге, айранның литрі – 390 теңге, пияз – 182 теңге, ал қияр мен қызанақ бағасы 1 000 теңгенің көлемінде дейді. Шындығында, мәселе одан әрі ушығып тұр», дейді депутат.
Ресми статистикаға сенсек, халықтың орташа жалақысы әлдеқайда өсіп, табысы артқан. Анау айтқандай қымбатшылық жоқ, жұмыссыздық жойылған. Бірақ депутаттардың зерттеген мәліметтері ресми мәліметтен он есе көп болып шықты.
Депутаттың айтуынша, елді қымбатшылық қос бүйірден қысып, азық-түлік бағасы ағаш басына шыққан. «Аmanat» партиясының мониторингтік топтары азық-түлік бағаларын қадағалау нәтижесінде бағаның 1,5-2 есеге дейін, 70-100 пайызға шарықтағанын байқаған.
«Статистика бюросының ресми мәліметіне сүйенсек, еліміздегі орташа жалақы 339 мың теңгені құраса, халықтың жан басына шаққандағы табысы 166 мың теңге болып тұр. Алайда халық бұған да сенбейді. Себебі ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайтын қоғамда, орта жалақы одан 5 есе көп болуы мүмкін емес», дейді ол.
Осылайша, депутаттар Ұлттық статистика бюросынан халықтың әлеуетін шынайы әрі ашық көрсетуін талап етіп отыр.
«Сондықтан кедей халықтың табысы күрт артты дегенге де ешкім сенбейді. Ал елдегі жұмыссыздық туралы статистикада да сәйкессіздік бар. Кейінгі 3 жыл бойы Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы халықтың небәрі 4,9 пайызы, яғни 450 мың адам жұмыссыз дегенді алға тартады. Шындығына келсек, осы топтағы жұмыс істемейтін, тіпті оқымайтын жастардың саны 380 мың, ал өзін-өзі жұмыспен қамтитын, яғни тұрақты табысы жоқ жастардың саны 300 мыңнан асып жығылады. Сонда тек жас азаматтардың кемі 750 мыңы – жұмыссыздар қатарында. Бұл ресми статистикалық көрсеткіштен 10 есе көп», дейді Е.Бейсенбаев.
Бұған қатысты экономист Досбол Социалханнан сұрап көрген едік. Оның айтуынша, жұмыссыздық көрсеткіші Халықаралық еңбек ұйымының есептеу әдістемесімен жасалады. Бұл ұйымға 180 ел мүше. Бір сөзбен айтқанда, дүниежүзінде жұмыссыздық көрсеткішін санау жолдары ұқсас.
«Жұмыссыздық деңгейі жалпы әлемдік стандарт бойынша есептеледі. Ол көп жағдайда жұмыссыз жүргендердің мемлекетке «жұмыссыз жүрмін» деп тіркелгендерді ғана есепке алады. Мысалы, отбасында бала бағып отырған (еңбекке жарамды) аналар бар. Олар да есепке алынбауы мүмкін. Сосын жұмыссыз дегеннің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, кейбір адамның табысы мол, жұмыс істеуге қабілетті, бірақ мүмкіндігі жоқтар бар. Ол төлем деңгейінде жұмыс істеп жүр деген есепке алынады да, жұмыссыздардың қатарына кірмейді. Бұл қатардан олигархтарды шығарып тастайды. Бұлар – ерікті түрде жұмыс істемейтіндер. Сонымен қатар қазіргі жұмысынан шығып, келесі жұмысқа орналасу барысында жүргендер де жұмыссыз болып есептелмейді. Сөйтіп, бізде жұмыссыздар саны аз деген көрсеткіш шығады», дейді сарапшы.
Бұл пікірден кейін әлемнің тұрмысы төмен елдерінің де көрсеткіштеріне көз жүгірттік. Мәселен, дүниежүзі бойынша ресми көрсеткішке жүгінсек, жұмыссыздықтың ең төменгі ресми көрсеткіші шын мәнінде өте кедей елдердің үлесінде екен. Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сәйкес Камбоджадағы жұмыссыздық деңгейі 2 пайыз ғана. Бұл көп десеңіз, OpenDevelopment Cambodia басылымы «Эконометриялық модельдердің болжамдары бойынша Камбоджадағы жұмыссыздық деңгейі 2024 жылы 0,90% болады деп болжанады» деп жазыпты. Яғни ресми статистика беті бүлк етпестен әрбір камбоджалықтың жұмысы бар екенін айтады. Ал шын мәнінде Дүниежүзілік банктің дерегіне сүйенсек, ондағы 16 млн халықтың 9 млн-ы күнін әрең көріп отыр. Халықтың 17,7 пайызы – сіңірі шыққан кедей. Бұл мысалдар аз десеңіз, мұндай «кербез» көрсеткіш Азиядағы тұрмысы төмен елдерде де байқалады. Мысалы, Тайланд, Мьянма, Бенин елдерінде жұмыссыздық деңгейі 1 пайыздан аспайды. Тек Мьянма елі ғана биыл бұл көрсеткішті 3 пайызға көтерді. Осыдан кейін ресми көрсеткіштерге сену де, сенбеу де қиын.
Алысқа бармай-ақ, көршілес Ресейдегі жұмыссыздық деңгейі биыл 3,1 пайыз деп жарияланды. Бірақ бұл елде де жұмыссыздар ресми органға тіркелуге ынталы емес екен, себебі жұмыссыздарға мемлекет есебінен төленетін жәрдемақы айына 1 500 рубль әрі оны шектеулі мерзімде ғана төлейді.
Ал біздегі жағдай да Ресеймен ұқсас. Қазіргі заңға сәйкес жұмыссыз қалған қызметкерлер 1 ай мен 6 ай аралығында әлеуметтік төлем алуына болады. Қанша уақыт берілетіні міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі қанша жылдық өтіліне байланысты. Ал көлемін кейінгі 24 айға қарайды, яғни айырылған табысының 45 пайызына тең. Егер әлеуметтік төлем 6-12 ай ішінде жасалған болса, 1 ай ғана жәрдемақы алады. Қазір сол жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы көлемі 50 мың теңгеден аспайды. Мұның өзі ең жоғары санаттағы жұмыссыз адамға, ал төменгі санат – 35 мың теңге. Оның өзі 1 ай, көп дегенде 6 ай ғана беріледі.
Бәлкім, ресми көрсеткіштер шындықты бұрмалайды деп кеюдің қисыны жоқ дейтіндер де табылар. Өйткені «жұмыссыз адам – жұмысы жоқ және жұмыс іздеп жүрген, яғни жұмыспен қамту орталығында тіркелген адам» анықтамасына сәйкес тек тіркеуде тұрған адамдарды ғана есепке алса, онда ресми статистика барды бар деп қана көрсетіп отыр. Сонда «өтірікке өзіміздің де үлесіміз бар ма?» деп ойлауымыз мүмкін. Әйткенмен әлгіндей мардымсыз жәрдемақы үшін жұмыссыз жүргендердің бәрі құзырлы мекемеге тіркелуге құлықты бола ма?