• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Алматы 17 Тамыз, 2023

Алматының қысқа дайындығы тексерілді

229 рет
көрсетілді

«Алматы электр станциялары» акционерлік қоғамына қарасты (АлЭС) А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО стансасында Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті жылыту маусымына дайындық бағытындағы жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

«АлЭС» компаниясы өкілдерінің айтуынша, қаланы электр қуатымен 51,4 пайызға, орталықтандырылған жылу аймағында жылу энергиясымен 70 пайызға қамтамасыз етіп отыр. Нысан­дар­дың электр қуаты – 1 235,7 МВт, ал жылу қуаты – 4 049 Гкал. Өндірістік қуаттар жыл сайын 5 млрд кВтсағ, ал жылу энергиясын 5,3 млн Гкал-дан аса өндіруге мүмкіндік береді. А.Жақұтов атындағы Алматы ЖЭО-2 – электр және жылу энергиясын біріктіріп өндіру бо­йынша Қазақстандағы ең ірі жылу электр стансасы. Оның орнатылған электр қуаты – 510 МВт, жылу қуаты – 1 411 Гкал/сағ. Бұл ұзақ технологиялық құбыр­лар арқылы АлЭС компаниясының басқа энергия көздерімен байланысты. Айтып отырғанымыз – ЖЭО-1 және Батыс жылу кешені (ЖТК). Үш қуат көзі – ЖЭО-2, ЖЭО-1 және Батыс жылу кешені бірігіп, бірін-бірі теңестіре отырып, алматылық тұтынушыларды жылу энергиясымен қамтамасыз етіп отыр.

Баспасөз турына қатысушыларға реттеліп көрсетілетін қызметтер бойынша инвестициялық бағдарламаны іске асыру барысы туралы айтылды. АлЭС мамандарының айтуынша, 2023-2024 жылыту маусымына дайындық бойынша негізгі жабдықтарды жөндеу кестесі әзірленді және бекітілді. Бұл «KEGOC» АҚ жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілген.

Жөндеу науқаны барысында ЖЭО-2 Батыс жылу кешені негізгі жабдықтың 70 бірлігін (қазандық, турбиналық және гидроагрегаттар) және 2 жылу трассасын жөндеу жоспарланып отыр. 14 тамыздағы жағдай бойынша 48 техника, яғни жалпы көлемнің 68 пайызы жөнделді.

Ә.Жақұтов атындағы ЖЭО-2-нің бас инженері Бауыржан Қалиев 5 қазандық агрегаты мен 4 турбоагрегаттың жөндеу жұмыстары аяқталғанын, 2 қазандық қондырғысы мен 2 турбоагрегатқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқа­нын айтты. Сегізінші қазандықтың қондыр­ғы­сын жөндеу бірер күнде басталады.

Еске салсақ, ЖЭО-2-де 8 энергети­калық қазандық және 6 турбоагрегат бар. ЖЭО өзі 1980 жылы пайдалануға берілген, жабдықтардың тозуы 72,4 пайызға жеткен. «Жөндеу жұмыстары 1 қарашаға дейін толық аяқталады деп отырмыз. Алматыда жылыту маусымы, әдетте, күн райына байланысты 15 қазанда басталады, бірақ жабдық айналымды айналдыру және қажетті жылумен қамтамасыз ету үшін жеткілікті деңгейде жөндеуден өтті, өйткені қазан айында біз 5 қазандықты іске қостық, шамамен 5 турбиналық қондырғы. Қалғандары шамамен 15 қарашаға дейін пайдалануға беріледі», деді Б.Қалиев.

Нысанды аралау кезінде басқарма мамандары «Алматы электр станциялары» АҚ-ның реттеліп көрсетілетін қызметтерге арналған инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруға баса назар аударды. 2023 жылдың тамызындағы жағдай бойынша инвестициялық бағдар­лама аясында жөндеу науқанының аяқталуы қосымша құн салығынсыз 940 млн теңгені құрады. «Алматы электр станциялары» АҚ бекітілген инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруды жалғастырып жатыр. 2023 жылға барлығы 2,8 млрд теңге бекітілді, оның 1,6 млрд теңгесі тариф есебінен болса, 1,15 млрд теңге несиеге алынды.

Компанияның басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Алексей Скрябин жалпы алғанда, «Ал­маты электр станциялары» АҚ құ­ра­мына кіретін барлық компанияға 10,1 млрд теңге бөлінгенін айтты. Атап айтқанда, 2-ЖЭО-да бұл сома – шамамен 6 млрд. Бүгінгі таңда бұл соманың 3 млрд тең­геге жуығы игерілген. Жабдықтарды дайындау үшінші тарап мердігерлерінен жұмыстарды сатып алу арқылы және экономикалық жолмен жүзеге асырылады. Компанияның жалпы амортизациясы – 74 пайыз. Бұл – ЖЭО-1, 2, 3, сондай-ақ Қапшағай ГЭС-і мен Каскад ГЭС-інің қосындысы.

«№1 турбинада парк ресурсын кеңейту шаралары жүргізіліп жатыр. Әрбір парк ресурсы бізге келесі үш-бес жыл ішінде жабдықты пайдалану мүмкіндігін береді. Бірақ өндіруші белгілеген парк ресурсы өнді­ру­ші­нің сипаттамаларын, өндірістің қа­жет­ті деңгейін, тиімділігін және басқа да техникалық-экономикалық көр­сет­кіш­терді қамтамасыз ететін металдың күйі екенін түсінуіміз керек. Тиісінше, алдағы үш-бес жылды қарастыратын бол­сақ, парк ресурсы, ұзартылуы да, шектелуі де мүмкін. Содан кейін жаңа қуаттарды іске қосу мәселесі өткір болады. Осыған бай­ла­ныс­ты біз қазір мұндай үлкен парк ресурсы жоқ техниканы ауыс­тыру үшін жаңа стансалар салу шараларын қолға алып жатырмыз», деп түсіндірді ком­па­ния­ның бас инженері.

Сондай-ақ жаңадан салынатын ЖЭО алматылықтардың көптен күткен үміті еді.

«Алдағы жылдары жаңадан жылу қазандығы бой көтермекші. Жаңадан жылу электр орталығы бой көтереді. Биыл құрылыс жұмыстары басталады. 2026 жылы аяқтау көзделіп отыр. Бұл толықтай заманауи форматтағы газбен жылытылатын болады», дейді А.Скрябин.

Мамыр айында Алматыда жаңа жылу электр орталығын салуға 3 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалатыны белгілі болды. ЖЭО бірінші энергоблогында іске қосу жұмыстары 2024 жылдың жел­тоқсанында басталады. 2026 жылы Алматы ЖЭО-2 көмір мен мазуттан газға көшетіні үкімет тарапынан нақтыланып қойды.

Жаңа станса шығарындыларға қа­тысты ЕО-ның барлық экологиялық тала­бына жауап береді. Атап айтқан­да, ЖЭО-2 іске қосылғаннан кейін атмосфераға зиянды заттардың шыға­рын­дылары жылына 30,5 мың тоннадан 2,5 мың тоннаға, СО2 парниктік газдар шығарындылары жылына 4 млн тоннадан 2,5 млн тоннаға дейін төмендейді. Бұл ретте қатты заттар мен күкірт ок­сид­терінің шығарындылары алынып тасталады, көміртек тотығы мен азот оксидінің шығарындылары текше метрге 40-50 мг-ден аспайды. Қазіргі уақытта ЖЭО-2 жылына 2 млн тоннадан аса көмір жағып, аралас циклде жұмыс істейді.