• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 18 Тамыз, 2023

«Халық» Маңғыстау өңіріне қолдау көрсетеді

215 рет
көрсетілді

«Халық» жеке қайырымдылық қоры­ның атқарушы директоры Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, ынтымақтастық туралы меморандум Маңғыстау өңіріндегі әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған.

Әлеуметтік жобаларға – 4 млрд теңге

«Халық» қоры Маңғыстаудағы әлеу­меттік жобаларға қолдау көрсетіп отыр. Бұл мақсатқа 4 млрд теңгеден аса қара­жат жұмсалмақ.

Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халық» жеке қайырымдылық қоры ынтымақтастық туралы үш меморандумға қол қойды. Бөлінген қаражат Жаңаөзенде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен 20 аула алаңын салуға, Бейнеудегі астық терминалының жұмысын қалпына келтіруге және жаңғыртуға жұмсалады.

 

Су тұщыту зауыты салынады

Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылында қуаттылығы тәулігіне 4 мың текше метр су тұщыту зауыты салынады.

Түпқараған ауданы әкімінің міндетін атқарушы Талғат Алтынғалиевтің айтуынша, Ақтауға жақын орналасқан Ақшұқыр және Саин Шапағатов ауылдарында да су тапшылығы орын алып отыр. «Халық» қоры жобаны қолдауға 300 млн теңге бөледі.

Орталық құдық арқылы ауыз суға қол жеткізгендердің бірі – Талшын Мақсұт­кызы. Қазір ол өз бақшасына жақсы күтім жасай бастағалы ағаштар жеміс бере бастағанын айтады.

«Осы көктемнен бастап үйімізге орталық жүйеден су келе бастады. Маңғыстау өңірінде жаз өте ыстық екенін білесіздер. Мен балалармен бірге бақшамызды суарып, енді еңбегіміздің жемісін жинай алатынымызға қуаныш­тымын. Бұл үшін «Халық» қайырымдылық қорына алғысымды білдіргім келеді», деді Саин Шапағатов ауылының тұрғыны.

 

Спорт орталығы бой көтереді

Қор қазіргі заманғы дене шынық­тыру-сауықтыру орталығын салуға 1,4 млрд теңге бөледі. Сондай-ақ Жаңа­өзенде 20 аула балалар алаңын сала­ды.

Жаңаөзенде жаңа спорт орталығының құрылысы тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ғана емес, жаңа жұмыс орындарын құруға да ықпал етеді. Оның құрылысы кезінде 150 уақытша жұмыс орны, ал ашылғаннан кейін 50 тұрақты жұмыс орны пайда болмақ.

Жаңаөзен қаласы мәслихатының хатшысы Сақи Мыңбайдың айтуынша, нысандарды салу балаларға ғана емес, жастарға да тиімді болады.

«Қазір халық саны артып келеді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жастарды шабыттандырады. Сонымен қатар балаларымыз да жаңа аула алаңдарына қуанатыны анық. Жас ұрпақтың мәдени ортада қалыптасуы маңызды. Жаңа жұмыс орындары олардың дамуына тікелей әсер етеді. Мұндай жобалардың көп болғанын қалаймыз», деді С.Мыңбай.

Дене шынықтыру-сауықтыру орта­лығы – бұл адамдар бокс, күрес, шағын футбол, теннис, волейбол және баскетбол сияқты түрлі спорт түрлерімен айналыса алатын спорт мекемесі. Орталық спортзалмен, киім ауыстыратын бөлмелермен және душ бөлмелерімен жабдықталған.

Аула алаңдарына келетін болсақ, қазір әкімдік 20 учаскені таңдайды. Жаңаөзеннің 55 жылдығына орай құрылыс аяқталып, қала тұрғындарына тапсырылуға тиіс.

 

Астық терминалын қалпына келтіреді

2021 жылы Бейнеу астық терминалы банкрот деп танылып, бірнеше жыл жұмыс тоқтап қалды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте терминал қызметін қайта бастау қажеттігін атап айтқан болатын.

Енді Маңғыстау облысының әкімдігі мен «Халық» қоры Бейнеу астық терминалының жұмысын қайта бастау үшін 1,8 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсету туралы Меморандумға қол қойды. Бұл өңірді ұнмен және жеммен қамтамасыз етуге, сонымен қатар Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан, Түрікменстан, Ауғанстан, т.б.) экспорттық әлеуетті іске асыруға мүмкіндік беруге тиіс.

Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Теміровтың айтуынша, бұл терминалдың жұмысы 2018 жылы тоқтатылған.

«Компанияның белгілі бір қарыздарына байланысты бұл ірі терминалдың жұмысы 5 жыл бойы тоқтап тұрды. Терминалдың өнімділігі жылына 90 мың тонна астық пен 30 мың тонна етті құрайды. Жұмыстың қайта жандануы арқылы халықты астықпен қамтамасыз ету және жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр. Жақын арада жұмысқа 200-ден аса адам қабылданады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін өте маңызды», деді Ж.Теміров.

«Халық» қорынан алынған ақшаға Маңғыстау облысының әкімдігі «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Бейнеу ауданындағы астық терминалын қалпына келтіріп, одан әрі жұмыс істеуге бағытталған қызметті үйлестіруді қамтамасыз етеді.