Үкімет қаулысының негізінде Мәдениет және спорт министрлігінің «2023-2025 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының 300 жылдығы ел көлемінде аталып жатыр. «Елім-айдың» 300 жылдығы алдымен түбі бір түркінің бесігі Түркістан қаласында басталып, дастанға ескерткіш орнатылды. Ал 17-18 тамызда Қожаберген жырау тойы туған жерінде жалғасты.
Облыс орталығындағы «Оқушылар сарайында» өткен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының «Елім-ай» дастанына 300 жыл» атты ғылыми-практикалық конференцияны облыс әкімі Айдарбек Сапаров ашып, құттықтау сөз сөйледі.
Ол ХVІІІ ғасыр қазақ халқының жер бетінен құрып кете жаздаған сұрапыл кезең болғанын еске сала келіп, сол заманның шындығы, жоңғар шапқыншылығын географиялық аумағы, жер-су атаулары – бәрі-бәрі «Елім-ай» дастанында суреттелгенін жеткізді. Сондай-ақ бұл дастан, белгілі тарихшы Манаш Қозыбаевтың сөзімен айтқандай, «әз-Тәукеден кейінгі қазақ хандары арасында болған текетірес, бақталас, берекесіздіктің бет-пердесі көрсетіліп, «ақтабан шұбырынды» қалай болып, халық неге тозғанын ашады». Сөзінің қорытындысында әкім «Елім-ай» дастанының ұмытылмайтынын, қай кездегі, қай замандағы билік буындарына, елдің сөзін ұстайтын адамдарына, зиялы қауымға сабақ бола беретінін айтты. Сонымен бірге әкім алыстан ат терлетіп келген қонақтарға, жалпы жиылған қауымға, жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеп, бастырып, елге кеңінен таратып жүрген азаматтарға алғысын жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегман құттықтау сөзін төраға Мереке Құлкеновтің атынан айтып, Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанының қазақ әдебиеті мен тарихындағы орны ерекше екеніне тоқталды.
Ұлы Абай қоғамның жақсысы тек жалғыздар (единица) екенін айта келіп:
«Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол.
Рас сөзге таласып,
Ақжем болма, жаным, кел!» –
дейтін еді ғой «Сәулең болса кеудеңде» дейтін өлеңінде. Бүкіл ел қамын, жер тұтастығын ойлап, ұлы тұлғалар есімін жаңғыртып жүретін жанның бірі – Бекет Тұрғараев екеніне ешкім дау айта алмас.
«Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев: «Біз бүгін осыдан үш ғасыр бұрын өткен оқиғаны еске алып, ұлы бабаларымыздың рухына бас иіп, «Кеудеңде шыбын жаның болса егер, Жоғалтпа жер бетінен қазақ атын» деген Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырының мәнін түсініп, бас қосып отырмыз. «Елім-ай» жыры Тәуелсіздіктің жемісі, соның арқасында жарыққа шығып, халыққа жетуіне мүмкіндік туды. Алдыңғы толқын ағаларымыз кешегі кеңестік кезеңде, мұндай шыңғырып тұрып шындықты айтқан шығарманы дәріптеуге мұршалары болмады. Өйткені кеңестік идеология орыс пиғылының әшкереленуіне жол бермеді», деді.
Сондай-ақ ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытаудағы құрылтайда айтқан: «Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек. Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн» деген сөздерін еске салды.
Одан әрі 300 жылдық тарихы бар «Елім-айды» мәңгілік есте қалдыру үшін қасиетті Қаратаудың беласуына дастанға арналып тұғыртас орнатылғаны, онда ел тағдырының қасіретті кезеңінен, мәңгілік өшпес ерліктің иесі халық екенінен болашаққа хабардар ететін мағлұматтар таңбаланғаны айтылды. «Болашақ ұрпақтың ой санасына жеткізіп, тасқа жазылған тарихтан көз жазбас үшін, дастанды мектеп оқулықтарына енгізу жөнінде Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігіне ұсыныс енгізілді», деп қорытты Б.Тұрғараев.
«Қаһармандар» қорының төрағасы, «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жаппай ақтау жөніндегі» Мемлекеттік комиссияның құрылуына ұйытқы болған Сабыр Қасымов: «Қожаберген жыраудың бойында барша халқымызды өзіне тартатын күш бар. Ол – отансүйгіштік идеясы, қазақтың бостандыққа ұмтылған ұлы арманы», дей келе: 300 жыл бұрын жазылған дастанда көрсетілген барлық жер-су атаулары, бабаларымыздың қаны төгіліп, сүйектері көмілген жерлер, олардың бастарына қойылған белгілер жерімізге көз алартқан кеудемсоқтарға өңірдің нақ кімдікі екенін көзге шұқып көрсетіп беретін дәлелдер екеніне тоқталды.
С.Қасымов одан әрі осындай дастандарды тарихи мұра ретінде тұтынып, олардан бабаларымыздың ақыл-ойын, көзқарас өрісінің кеңдігін, ел үшін жасаған еңбектерін, ұрпақ қамын қалай ойлағандарын, билеушілері мен халқының қатынастарын көріп, дереккөз ретінде пайдаланудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар С.Қасымов Қызылжар және басқа өңірлерде өткен Қожабергенге арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияларда айтылған ұсыныстардың толық орындалмағанын сынады. Түрлі деңгейлі білім беру бағдарламаларында тым үстірт айтылатынын сөз етті. Сондай-ақ Петропавл қаласының кіреберісіне орнатылған Қожаберген ескерткішіне тәнті болғанын жеткізіп, «бұл ескерткіш жалғыз Қожабергенге емес, осыдан үш ғасыр бұрын біздің жеріміз үшін, қазақтың бостандығы үшін күрескен қаһармандарымызға қойылған белгі деп білемін. Осы бағытта бұрын аттары көмескіленіп қалған басқа да бабаларымыздың ерлігін жаңғырту қажет. Бұл жерде ешқандай жершілдік, қызғаншақтық, рушылдық сияқты кертартпа түсініктер болмауы керек. Сонда ғана біз халқымыздың бірлігіне, болашағына, тұтастығына зиян келтіретін жаман әдеттерден арыламыз», деді ол.
Сөзінің соңында ол осы өлкеден шыққан тағы бір алып тұлға – Смағұл Сәдуақасұлының есімін ұлықтау бағытындағы жұмыстардың кемшілігін атап өтті. «Қазақты ХХ ғасырда қырғынға ұшыратқан голощекиндік «Кіші Октябрь» жоспарына ашық қарсы шығып, елін қорғаған және сол жолда 33 жасында өмірі қиылған арыстың есімін халық әлі күнге жетік білмейді. Әйтеуір Қызылжарда мектеп аты берілген екен, енді сол мектеп орналасқан, атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген «Интернационал» көшесіне Смағұлдың есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді», деді.
Астана мен Алматыдан ат терлетіп жеткен ақын-жазушылар, тарихшы, әдебиетші, заңгер ғалымдар қатарында елімізге танымал Бексұлтан Нұржеке, Кәдірбек Сегізбайұлы, Иран-Ғайып Оразбай, Серік Негимов, Аманжол Күзембайұлы, Құлбек Ергөбек, Зиябек Қабылдинов, Сұлтанхан Аққұлұлы, Кәрібай Мұсырман, жергілікті өлкетанушылар Ербақыт Амантай, Сәуле Мәлікова – бәрі де конференцияда ғылыми баяндамаларын оқып, ой-пікірін жеткізді.
«Елім-ай» дастаны – тарихи дерек» атты баяндама жасаған тарихшы, профессор Аманжол Күзембайұлы бүкіл әлемдік тарихта жазбаша дерек жоқ болған жағдайда ауызша деректер пайдаланылатынын атап өтіп, «сондай ауызша мағлұматтардың бірі және бірегейі Қожаберген жырау шығармалары. Өкінішке қарай, осы құнды деректер талдаудан, саралаудан, тексеруден өткізіліп, бүгінге дейін тарих ғылымының кәдесіне жарамай отыр», деді. Одан әрі жырау шығармаларының зерттелуіне тоқталған ғалым оны алғаш рет 1927 жылы Сәкен Сейфуллин, 1936 жылы Б.Майлин, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов бастаған арнайы тарихи-этнографиялық экспедиция зерттегенін айтып, «өкінішке қарай, аласапыран заманда бұл материалдар із-түссіз жоғалған», деді.
Оның сөзіне қарағанда, Тәуелсіздіктің елең-алаңында жазушы Нәбиден Әбутәлиев Қожаберген мұраларын жүйелеп, жинап, бастыруға үлкен еңбек сіңірген. «Ал 1993 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің ғылыми-зерттеу тобы Қызылжар өңіріне келіп, жыраудың басына зиярат етіп, көнекөз қариялардан мол мағлұмат алып қайтқан екен. Ш.Нұрғожаұлы, М.Тырқаев, Н.Сатин сынды ақсақалдар жыраудың Қаратай Биғожин Әдеби мұралар қорына тапсырған шығармаларынан басқа да жырларын айтып берген. Одан бері Қызылжардағы «Асыл мұра» тобының іздеушілері Қожабергенге қатысты бірнеше кітаптың жарық көруіне мұрындық болды. 2000 жылы республикалық конференция өткізіліп, онда академик Манаш Қозыбаев және басқалар баяндама жасап, «Қожабергентану» орталығын ашу туралы ұсыныс енгізді. «Елім-ай» дастанының кейінгі нұсқасын Мәдина Дастанова деген зерттеуші жариялады. Көлемі 9 баспа табақ болған бұл нұсқаға жыраудың «Елім-айдан» басқа шығармалары да енгізілген», деді А.Күзембайұлы.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимов «Елім-ай» дастаны – «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» заманының көркем энциклопедиясы» атты баяндамасында Бұқар жыраудың «Қамалды бұзған құлшына» өлеңінің:
«Күрзімен жауды басқа ұрған,
Қалмақтың ханын састырған.
Жаралы дұшпан басшысын,
Ат тұяғына бастырған»,
деген жолдарын ұстазы Қожабергенге арнағанын сөз етті. Ғалым «Елім-ай» ұлы дала тарихында бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түйдекті лебізі екенін жеткізді. «Тарихи-этнографиялық, тілдік, палеосемантикалық қымбат құндылықтар мен ақпараттарға бай Орхон жазба ескерткіштеріндегі «Елім-ай!», «Туған жерім-ай!», «Бектерім-ай!» (152 мәрте), «Қонысым-ау!» (749 рет), «Қара жерім-ай!», «Жоғарыда Тәңірім-ай!», «Қара орманым-ай!», «Ынтымақ-ай!» т.с.с. ұлы дала жұртының бойтұмарындай киелі, жұлынды сөздері «Елім-ай!» дастанын оқығанда да кездеседі. Осылайша, тарихи сабақтастық тайға таңба басқандай көрінеді. «Елім-ай!» дастанында геостратегиялық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған», деді ғалым.
Серік Негимов «Елім-ай» дастанының ел арасына ауызша да, қолжазба күйінде де тарағанын айтты. «Жазбаша нұсқасын сақтаған – Қожаберген жыраудың ағасы Қарабастың ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Одан Сегіз сері көшіріп, одан соң Ер Есенейдің жиені Тәштит Тәбейұлы Барлыбаевтан Шыңғыс Уәлиханов, Зілғара шешен баласы Мұса үйренген. Ең ақырында Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978) насихаттаған», деді ол.
Конференцияда бұлардан басқа филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек, журналист, қоғам қайраткері Кәрібай Мұсырман, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов, журалист Ербақыт Амантай, архив маманы, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Мәлікова баяндама жасады.
Ғылыми жиын қорытындысы бойынша қарар қабылданып, онда Петропавлдағы әскери институтты Қожаберген жыраудың есімімен атау, мектеп оқулықтарына Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығынан деректер, «Елім-ай» дастанынан үзінділер беру тапсырылды. Тапсырма бойынша Оқу-ағарту, Қорғаныс министрліктері есеп береді. Конференцияның материалдары жеке кітап болып шығады.
Айта кететін жайт, конференциядан бір күн бұрын алыстан келген меймандар мен жергілікті жұртшылық Қожабергеннің бейітіне зиярат етті. Қайтар жолда 1918 жылы Алашордаға әскер жинау үшін, 10 мыңнан астам адам қатысқан жиын болған Әлти қажының Аққусақ қыстауындағы Алашорда арыстарының ескерткіштеріне мінәжат етті. Осы жерде республикалық ардагергер кеңесінің бірінші орынбасары, тарихшы Өмірзақ Озғанбаевтың «Барлыбаевтар ақиқаты» атты жинағының тұсаукесеріне қатысты. Сонымен бірге той құрметіне тігілген киіз үйлерді, ат ойындары көріністерін тамашалады.
Солтүстік Қазақстан облысы