Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында ашылған ұлыбританиялық Heriot-Watt университетінің филиалына 300 түлек оқуға қабылданды. Олардың 40 пайыздан астамы мемлекет қолдауын қажет ететін әлеуметтік санатқа жататын отбасылардан шыққан.
Мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі бойынша Ақтөбеде ашылатын Heriot-Watt университетінің филиалына 3 білім бағдарламасы бойынша 300 студент оқуға түсті. Олардың ішінде 160 түлек компьютер инженериясы мамандығына, 80 түлек электр энергетикасы, 60 ұл-қыз мұнай инженериясы және энергоменеджмент мамандығы бойынша білім алатын болады. Филиалға түсуге өңірлерден барлығы 500-ден астам түлек қызығушылық танытқан.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында 2025 жылға қарай елімізде беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу қажеттігін, соның ішінде техникалық бағыттағы жоғары оқу орнының екі филиалын еліміздің батыс өңірінде ашу туралы тапсырма бергені белгілі. Осыған орай Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Ақтөбедегі Қ.Жұбанов атындағы университеттің базасында ұлыбританиялық Heriot-Watt университетінің филиалын ашу туралы бастама көтеріліп, тиісті келісім жасалды. Енді, міне, осы филиал биыл алғашқы білім алушыларды қабылдауға дайын.
Шотландия астанасы Эдинбургте орналасқан Heriot-Watt зерттеу университеті инженерия және IT мамандығы бойынша әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. 200 жылдан астам тарихы бар білім ордасы әлемдегі алғашқы механика институты ретінде негізі қаланған. Университет Дубай мен Малайзияда оқу корпустарын ашып, халықаралық ынтымақтастық бағытына бет бұрды. 2023 жылы алғаш рет Орталық Азия өңірінде – Ақтөбеде жаңа филиал ашу туралы келісімге келді.
Аталған оқу орнында білім алуға грант жеңіп алған талапкерлердің арасында тек ақтөбеліктер ғана емес, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Ақмола, Атырау, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларының түлектері де бар.
– Heriot-Watt университетінің филиалын Ақтөбеде ашу туралы бастамамызға тек өңір тұрғындары ғана емес, өзге аймақтар мен Астана, Алматы секілді ірі қалалардың мектеп түлектері де қызығушылық танытты. Heriot-Watt университетінің филиалында оқуға грант жеңіп алғандардың 41,7 пайызы көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар секілді түрлі әлеуметтік категорияларды қамтиды. Ал 35 пайызы ауыл мектептерін тәмамдаған түлектер. Мемлекет қолдауына мұқтаж отбасылардан шыққан балалардың осы мүмкіндікке қол жеткізгені ерекше қуантады, – деді Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова.
Студенттер алғашқы жылы деңгейіне қарай топқа бөлініп, өзге пәндермен қатар интенсивті түрде академиялық ағылшын тілін меңгереді. Жұбанов университетінің басшылығы студенттерге қосымша психологиялық қолдау мен бағыт-бағдар беретін менторлар қызметі іске қосылатыны, сондай-ақ 300 студентке арнап жатақханадан орын берілетінін мәлімдеді.
Heriot-Watt университетінің өкілі мұндай әріптестік Қазақстан үшін ғана емес, шотландиялық оқу орны үшін де пайдалы болатынына сенімді. «Бұл қадам расында трансформацияға бастап, екі оқу орнына да өзгерістер әкелетініне сенімдімін. Біз Дубайда, Малайзияда ашылған кампустарымыздан үйренгеніміз көп болды. Онда жүргізілген жұмыс білім беру жүйемізге, ғылыми зерттеулерге, тіпті, Эдинбургте орналасқан кампуске әсер етті. Бұл ынтымақтастық бізге ғана емес, Жұбанов университетіне де пайдалы болады деп сенемін. Студенттер өңірдің, тіпті Қазақстанның ұлттық экономикасына оң ықпал ететін мансап жолына қажетті дайындықты бере алатын оқу бағдарламасына көңілі толады деп ойлаймын», дейді Heriot-Watt University халықаралық ынтымақтастық бөлімінің директоры Джаред Филиппи.