Ақ кимешегімен алыстан Алатаудай көрінетін ақ жаулықты әжелерімізде кешегі ата-бабаларымыздан қалған сарқыт бар. Ол ұлттың салт-дәстүріне тамызық болар тәлімге толы. Мұны Жетісу төрінде өткен «Әжелер әлемі» байқауында байқадық.
«Қарқара жаулық, кимешек, жырға өзек болған, күйге сеп» деп ақындарымыз жырлағандай, кимешегін кірлетпей, көңіліне кір шалдырмай жүрген сол ақ самайлы аналарымыз жуырда өнер бәсекесіне түсті.
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өрнек тапқан «Әжелер әлемі» байқауы қызықты өтті. Баласын қанаттандырып, немере мен шөбересін баулып отырған облысымыздағы белсенді әжелер дода көрігін қыздырып, бес кезең бойынша жүйрікті анықтады.
Аталған іс-шараның басында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт сөз алып, руханияттың өрінде, өнегелі өміріміздің төрінде тұрған аналардың қоғамдағы орнын, парқы мен нарқын салмақтап, барша анаға сәттілік тіледі.
Жарыс шарты бойынша өзін таныстырып, өнерін, ұлттық салт-дәстүрімізден көрініс, қолөнер туындысын көрсеткен әжелер, өз кезегінде дәстүр бойынша қойылған сауалдарға жауап берді. Өткеніміздің өнегесін дәріптеп, өз өнерлерін көрсету, бойындағы мейірімділік пен ізгілік қасиетін сайыс арқылы көрерменге дарыту мақсатында ұйымдастырылған бұл додада қазылар алқасының шешімімен Көксу ауданының атынан сынға түскен Макура Нүсіпова әжеміз 3-орын иегері деп танылды. Ескелділік Жақсыхан Тұрысбек әжей 2-орыннан көрінсе, өнерімен оза шапқан текелілік Оралтай Әлиева әжей жарыс жеңімпазы деп танылды.
Жарыс негізіндегі ақшалай сыйлықтарға ие болған жүлдегерлерден бөлек, байқауда белсенділік танытқан өңірдегі әжелер ынталандыру сыйлығына ие болды. Олар да қаржылай сыйақымен марапатталды.
Жетісу облысы