Жексенбіде футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 20 турының тағы төрт ойынын тамашаладық. Бұл бәсекелер Талдықорған, Астана, Астана және Шымкентте өтті.
«Жетісу» көш соңында келе жатқан «Мақтааралдан» 0:1 есебімен ұтылды. Бұл матчтың тағдырын 79 минутта Асхат Балтабеков соққан автогол шешті. «Астана» өз алаңында «Қайсарды» жеңе алмады. 68 минутта Тимур Досмағамбетов есеп ашқанымен, арада тура 20 минут өткенде Дмитрий Бородин 11 метрлік нүктеден нысананы дәл көздеп, таразы басын теңестірді – 1:1. «Ақтөбе» мен «Тобыл» арасындағы кездесу де дәл сондай есеппен аяқталды. 40 минутта Рамазан Оразов қостанайлықтарды алға шығарса, 66 минутта Андрия Филипович мергендік танытты. «Ордабасы» мен «Қайрат» бәсекенің басынан аяғына дейін тіресті. Негізгі уақытқа төреші сегіз минут қосты. Кездесудің соңғы секундтарында Бернардо Матич шымкенттіктерге жеңіс сыйлады – 1:0.
Жарыс кестесінде «Ордабасы» көш бастап келеді. Олар 19 кездесуден кейін 48 ұпай жиды. 40 ұпайдан еншілеген «Ақтөбе» мен «Астана» екінші және үшінші орындарды өзара бөлісуде. Көш соңында – «Каспий». Ақтаулықтар 14 ұпайды қанағат тұтып отыр.