• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 22 Тамыз, 2023

Жекпе-жекке дайын

218 рет
көрсетілді

Өткен аптада Алматыдан АҚШ-қа жол тартқан қазақтың танымал кә­сіп­қой боксшысы, WBO нұсқасы бойы­н­ша орта салмақтағы әлем чемпио­ны Жәнібек Әлімханұлы өзінің кезекті жекпе-жегіне дайындыққа кіріс­ті. ESPN арнасы таратқан мәлі­мет­ке сүйенсек, ол 14 қазанда Техас шта­тындағы Розенберг қаласында Герма­нияның өкілі Винченцо Гуал­тьеримен күш сынасады.

Винченцо Гуалтьери 1993 жылдың 4 қаңтарында Германияның солтүстік бөлігінде орналасқан Вупперталь қаласында дүниеге келді. Ол кәсіпқой рингтегі алғашқы кездесуін 2015 жылдың күзінде өткізді. Сол кезден бері 21 рет шаршы алаңға көтерілген ол бәрінде жеңіске жетті. Жеті бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Қазіргі кезде неміс боксшысы IBF нұсқасы бойынша чемпиондық белбеудің иегері. Өзінің соңғы кездесуін Винченцо биыл 1 маусымда Эскива Фалкан Флорентиноға қарсы өткізді. Бұл есім жанкүйерлерге жақсы таныс. 33 жастағы Бразилияның тумасы 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында қола алса, 2012 жылы Лондонда алауы тұтанған Олимпия ойындарында күміс медаль иеленді. Ғаламдық доданың финалында ол, Жапонияның жұлдызы Рете Муратаға есе жіберген еді.

Кәсіпқой рингте де Эскива өзін жақсы қырынан көрсете білді. Ол тоғыз жыл уақыт аралығында қатарынан 30 жекпе-жекте жеңіске жетті. Ал Вупертальда өткен кездесуде Гуалтьериден ұпай санымен ұтылды. Алайда бразилиялық боксшы өзінің жеңілгенін мойындамады. «Мен чемпиондық белбеу үшін неміс жерінде жұдырықтасуға өз келісімімді бердім. Бұл – менің қателігім! Барлық төрешілер Германиядан болды. Олар жеңісті өз жер­лестеріне әперудің барлық амалын істеді. Бәсеке барысында қарсыласым екі рет белден төмен ұрды. Бірақ қазы жұмған аузын ашпады. Көк желкеден де ауыр соққылар алдым. Бұл жайт  та ескерусіз қалды. Бір сөзбен айтсақ, арамза төрешілер мені алтын белбеуден айырды», деп ашына сөйледі.

Бір айта кетерлігі, Винченцо Гуалтьери барлық жекпе-жегін өзінің отанында өткізді. Техникалық тұрғыдан ол мықты болғанымен, «панчер» деп айта алмаймыз. Өйткені 30 жастағы неміс боксшысы 21 жеңісінің тек жетеуінде ғана қарсыластарын нокаутпен ұтты. Оған қарағанда Жәнібек Әлімханұлының көрсеткіші әлдеқайда жақсы. Қазақ жігіті 14 рет рингке көтеріліп, барлығында жеңіске жетті. Тоғыз қарсы­ласын кескен теректей сұлатып салды. 30 жастағы Жетісу облысының тумасы өзінің кейінгі бәсекесін 13 мамырда Стивен Бат­лерге қарсы өткізіп, оны екінші раундта ұрып жықты. Розенбергтегі бокс кешінде екі бірдей белді нұсқаның чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

Жәнібек алдағы жекпе-жекте жеңіске жетеді деп үміттенеміз. Қандасымыз өзінің инстаграм парақшасында «Тарихтың екінші бетін жазуды бастадық! Чемпион болу бір басқа, тарихи жекпе-жектер өткізіп, із қалдыру бір басқа!» деген жазба қалдырды.