Бұл жаңа мектеп – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы білім ордасы толық жеке инвестор қаржысына салынған. Мектеп құрылтайшысы бастауыш сынып оқушыларын 100 пайыз тегін тамақпен, үлкен сыныптың үздік оқушыларын стипендиямен қамтамасыз ететінін айтып отыр. Сондай-ақ мектеп ғимараты соңғы үлгідегі материалды-техникалық базамен қамтамасыз етілген, оқушылар үшін бассейн қарастырылған.
«Amanat» партиясының «Халықпен бірге!» атты 2023-2027 жылдарға арналған Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында әзірленген Жол картасының 34-тармағында мектеп мәселесі қарастырылған. Жоспар бойынша биыл 7 мектеп және қосымша 2 ғимарат пайдалануға берілмек. Жол картасында белгіленген мектептердің бірі – Сайрам елді мекенінде орналасқан.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген білім ордасының ашылу рәсіміне Парламент Мәжілісіндегі «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Е.Бейсенбаев, қалалық партия филиалының төрағасы Б.Нарымбетов және жергілікті атқарушы билік өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
– Жыл сайын елімізде бірінші сынып табалдырығын аттайтын балалар саны артып келеді. Сөз жоқ, бұл өте жақсы үрдіс, алайда бірқатар өңірде осы балаларды мектепке сыйдыра алмай келеміз. «Amanat» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында мектеп тапшылығы мәселесін шешуді қарастырған. Жергілікті мәслихаттағы «Amanat» фракциясының депутаттары халыққа берген осынау уәделердің уақтылы әрі сапалы орындалуын өз бақылауына алды, – дейді Е.Бейсенбаев.