Елорданың триатлон паркінде даңқты ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің 101 жылдығына орай жүгіруден жарыс өтті.
Екі жас санатында сайысқа түскен ерлер мен әйелдер 10,1 және 5 шақырым қашықтыққа жүгіріп, өзара кім мықтыны анықтады. Ересектер арасында 10,1 шақырым қашықтық бекерге таңдалып отырған жоқ. Ол даңқты батырдың 101 жылдығына орайластырылып таңдалған.
Іс-шара «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан және елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға 700-ден астам адам қатысты. Сайыскерлер қатарында Ақмола гарнизонының, Шекара қызметінің, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, кәсіби спортшылар мен спортсүйер қауым бар екенін айта кетейік.
Жарыс басталмас бұрын Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы, авиация генерал-майоры Дәурен Қосанов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов – кейінгі ұрпаққа үлгі болар ерен тұлға. Біздің курсанттар 22 жасында тек институтты аяқтап жатады, ал ол осы жаста Кеңес Одағының Батыры атанды. Майданда 300-ден аса көкке көтеріліп, жаудың 7 ұшағын атып түсірді. Оның өмірі – батылдықтың, табандылықтың және Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі, – деп атап өтті Д.Қосанов.
Жарыс алдында Қорғаныс министрлігі, Қарулы күштер, Шекара қызметі мен Ұлттық ұланның құрылымдық бөлімшелерінің атынан қатысқан әскери қызметшілер жүгірді. 18-49 жас аралығындағы ерлер ішінен 10,1 шақырым қашықтыққа жүгірген Әлімжан Балтабек бірінші, Дамир Әбдірахманов екінші, Сұлтан Базарбаев үшінші орынды иеленді. Осы жас санатындағы әйелдер арасында Жанна Әлжанова үздік деп танылса, Алиса Крафт және Алена Ақымбекова үштікке ілінді.
50 жастан асқан ерлер арасында Ринат Саликжанов бірінші орын алса, Лоренс Россов екінші, Арсан Жүзенов үшінші орынды қанжығаларына байлады. 50 жастан асқан әйелдер арасында Соня Вэкстейн жеңімпаз атанды.
18-49 жас аралығындағы ерлер сынында 5 шақырым қашықтыққа жүгірген Дәулет Сәдуақасов мәре сызығын бірінші болып кесті. Одан кейін Архат Қалдыбек, үшінші болып Бейбіт Ахмуров мәреге жетті. Осындай санаттағы әйелдер арасында Дина Жәкенова жеңіске жетсе, екінші орынға Мәдина Берқалиева, ал үшінші орынға Лунара Бекеева табан тіреді.
Елу жастан асқан ерлер арасында Елеусіз Пардабай жеңіске жетті. Екінші орынды Сәкен Губашев, үшінші орынды Абай Тасболатов иеленді. 50-ден асқан әйелдер арасында Гүлмира Тұрлыханова жеңіс тұғырынан көрінді.
Жарыстың барлық қатысушысына милитари үлгісіндегі футболкалар мен аты аңызға айналған ұшқыш басқарған шабуылдаушы ұшақ түріндегі медальдар тапсырылды.